Kyzylorda-news.kz. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары вирустар мен бактерияларға қарсы әсері жоғары антисептик ойлап тапты.

Бұл сұйықтықтың артықшылығы қолданылғаннан кейін ұзақ уақыт бойы күшін жоймайды. Химия ғылымдарының кандидаты, профессор, Нұрбол Аппазов өнертабысын жақын күндері патенттеп, өндіріске ұсынуды жоспарлап отыр. Әзірге ол өз шәкірттерімен бірге университет зертханасында залалсыздандыру сұйықтығының күніне 20 литрін әзірлеп, оқу орны қызметкерлерін қамтамасыз етуде.

«Дәріханаларда антисептиктердің жетіспеушілігі және кейбірінің сапасының төмендігін анықтағаннан кейін химиялық білімімізді пайдалы іске жаратуға ниеттендік», – дейді ғалым.

Осылайша олар коронавируспен күрес шараларына үлес қосуды көздеген.

“Біз әзірлеп шыққан сұйықтық сол мезетте микроағзаларды жойып, әрі қарай оның күші бірнеше сағатқа дейін созылады. Бірақ біз ең кемі бір сағатқа дейін созылатын қасиетін айтып отырмыз. Сондай-ақ қолды құрғатпай, ылғалдандырып, терінің қасиеттерін де сақтайтын мүмкіндіктері бар”, – дейді Қорқыт ата атындағы ҚМУ химиялық зерттеу және технологиялар институтының директоры Нұрбол Аппазов.

Тағы да оқыңыз: