Kyzylorda-news.kz. Облыс орталығындағы жоғары мамандандырылған көмек көрсететін бірден-бір медициналық ұйым – көпбейінді облыстық аурухана. Медицина қызметкері мерекесі қарсаңында аурухананың бас дәрігері, облыстық мәслихат депутаты Нұридин Әмитовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Нұридин Егенбердіұлы, алдымен кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын.
– Рақмет.
– Кейінгі уақытта портал қызметіне қатысты көпшілік арасында екіұдай пікір бар. «Портал шыққалы ауруханаға жату қиындап кетті» деген айтылады. Шынында солай ма?
– Біздің аурухана 525 орындық тәуліктік стационарға арналған. Сонымен қатар 30 ақылы және 115 күндізгі стационар бар. Бүгінде 525 орындық тәуліктік стационарда 600-ге жуық науқас ем алып жатыр. 70-80 науқас артық. Науқас артық болған сайын біздің де жүктемеміз артады, яғни, шығынымыз еселене түседі. Ол жерге қосымша төсек-орын қоямыз, қызметкерлеріміздің де жүктемесі артады деген сөз. Ал науқастардың артуы негізінен шұғыл түрде түсушілердің көбеюіне байланысты болып отыр. 80 пайызы жедел көрсетіліммен жеткізілуде. Портал арқылы келетіндер ол – жоспарлы түрде жататын науқастар, яғни, созылмалы ауруы бар кісілер. Порталға емхана салады. Арнайы программа арқылы жүзеге асырылады. Аурудың жағдайына қарай және ауруханадағы төсек-орын айналымына байланысты жүйе өзі есептеп шығарады. Біз тек стационарға жатуға көрсетілім бар ма, жоқ па соны айтамыз. Қалғанының бәрі автоматты түрде есептеледі, шешіледі. Біз оған араласа алмаймыз. Ал ол есебін шығарамын дегенше жедел науқастар келіп қалады. Осылайша күтіп қалатын жағдайлар болады. Бірақ менде өзімнің квотам бар. Ол көпбалалы аналарға, ардагерлерге, мүгедектерге беріледі. Сол арқылы да жатқызылады. Ол да шектеулі. Көпшіліктің жату қиын деп ренжитіні осыдан деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлігі, проктология, урология, нейрохирургия, кардиология, кардиохирургия, аллергология сынды бөлімшелер облыс бойынша бізде ғана бар. Сондықтан портал бойынша реніш туындап жатады. Сосын тағы бір нәрсе, негізінен науқас ауруханаға медициналық көрсеткіш бойынша жатқызылады. Бірақ бізде әлі күнге дейін «жатып алайыншы» деп келетіндер көп. Олай болмайды десек, «мені жатқызбай жатыр» деп шағымданады. Аурудың көрсеткішіне қарай тәуліктік стационардан басқа күндізгі бөлімдер бар, оның өзі аудандық деңгейдегі, облыстық деңгейдегі болып бөлінеді. Тіпті емхана дәрігерлерімен байланыса отырып, үйден ем алуға болатынын айтсақ, түсінбейтіндер көп.
– Қандай жаңалықтарыңызды бөлісер едіңіз?
– Ауруханада 2009 жылдан бері кардиология орталығы бар. Оның құрамында кардиохирургия бөлімшесі жұмыс істейді. Сонымен қатар аритмология, эндоваскулярлы бөлімше, кардиореанимация бар. Кардиохирургия бойынша жүрекке ашық ота жасаудың жаңадан бірнеше тәсілдері енгізілді. Әсіресе, жүректің жекелеген ақаулары бойынша ота түрлері жасалып жатыр. Мәселен, кардиологияның аритмология деген бағыты бар. Ол – жүрек ырғағының бұзылуы. Қазір көп адамда кездесетін сырқат түрі. Соны емдеудің тың тәсілдерін қолданып жатырмыз. Екі жылдай болды бастағанымызға. Арнайы құрылғысын да алдық. Нейрохирургия бойынша да бірқатар жаңа заманауи әдіс-тәсілдерді енгіздік. Бас миының аневризмасы, мальформациясы кезінде ашық ота түрінде жасауды біздің мамандар меңгеріп алды. Сондай-ақ, бел омыртқаларының зақымдануында құрсаулаудың жаңа түрлері енгізілді. Грыжаға ота жасауда кіші инвазивті тәсілдер қолданылуда. Урология бойынша да көптеген жаңалық бар. Соның бірі – лапароскопия арқылы қуықтан шығатын несепағар жолының реконструктивті оталары. Бұрын оны мамандар ашық түрде жасайтын, қазір жаңа әдіс бойынша жабық түрде жасалады. Сонымен бірге екі жылдай болды бүйректі лапароскопиялық әдіспен алып тастауды меңгердік.
Жалпы ауруханада инсульттік, офтальмохирургия, реабилитациялық және хирургиялық бейіндер, терапиялық бейіндер орталықтары бар. Хирургиялық бейіндер орталығына хирургия, проктология, урология, ортопедия, травматология, тағы басқалар кіреді. Ал терапиялық бейіндерге неврология, пульмонология секілді бірнеше бөлімшелер қарайды.
– Емдеу орнының материалдық-техникалық базасы қандай?
– Аурухананың құрал-жабдықтармен жабдықталуы 93-94 пайызды құрайды. Бірақ жыл өткен сайын материалдық-техникалық база тозады. Физикалық тозғаннан бөлек, моральды тұрғыдан да ескіреді. Медицина күн өткен сайын жаңарып жатыр. Жылдан жылға жаңа емдеу-тәсілдері, соған сәйкес заманауи техникалар, аппараттар да жасап шығарылуда. Сондықтан жаңа құрал-жабдықтарға деген қажеттілік туындай береді. Қазір бізге ауыр техникадан қажеті – МРТ аппараты. Биыл келеді деген, күтіп отырмыз. Екі ангиограф, екі КТ аппараты жұмыс істеп тұр. Ангиограф арқылы қаншама коронаграфия жасалуда. Жылына 2 мыңға жуық коронаграфия жасалады. Пандемияның кезінде пайдасы көп болды. Белгіленген екі аймаққа қойдық та науқастың анализі дайын болғанша қызметімізді жасай бердік. Ангиограф арқылы тек жүрек ауруын емдеп жатқан жоқпыз, бас ми қан айналысының патологияларын анықтап, анықталған жағдайда эндоваскулярлы тәсілмен ем жүргізіп жатырмыз. Сонымен бірге перифериялық қан тамырларының қан айналысын анықтаймыз. Мысалы, аяқтың, қолдың тамырларын тексеріп, тромб болған жағдайда оны алып тастаймыз. Жатыр миомалары, бауыр гемангиомасы кезінде де осы құрылғының көмегіне сүйенеміз.
– Кадр мәселесіне тоқталсақ, маман тапшылығы бар ма? Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруда қандай жұмыстар жасалып жатыр?
– Бізде маман тапшылығы деген мәселе жоқ. Мамандарды тұрақтандыруда 50 пәтерлік қызметтік үйіміз бар. Қазір медицина қызметкерлерінің айлығы көтерілді. Екі-үш жылдың ішінде бірқатар реаниматолог-анестезиологтарды жұмысқа алдық. Ал біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жолға қойылған. Бес жылда бір рет мамандардымызды оқытуға міндеттіміз. Қажеттілік болғанда оған қарамай жібереміз. Пандемияның кезінде онлайн курстар өтті. Қанша маманды өзімізге шақырып, шеберлік кластар өткіздік. Жыл басынан бері 5 шеберлік класы өтті. Аритмология, кардиохирургия, нейрохирургия бойынша Астана, Алматы қаласынан мамандар келіп, біздің жігіттерге үйретті. Өзіміздің елден бөлек шетелге барып оқыту да жүйелі түрде жалғасып келеді. Денсаулық сақтау басқармасының жоспарында бар. 2019 жылы Кореяның Сеул қаласындағы ауруханаға біздің 12 дәрігеріміз барып, оқып келді. Биылдың өзінде мамандарды Израильге 5-6 бағыт бойынша жіберу жоспарланған, дайындық жүруде.
– Өзіңіз айтып өткендей, емдеу, алдын алу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсы, медицина қызметкерлерінің білім-білігін жетілдіруде жүйелі жұмыс бар, еңбекақылары көбеюде. Соған қарамастан елімізде медициналық қызметке, дәрігерлерге деген тұрғындардың сыны, арыз-шағымы азаяр емес. Себебі неде деп ойлайсыз?
– Оның әртүрлі себептері бар. Мысалы, жоғарыда айтқанымдай, біздің тұрғындардың арыздары «ауруханаға жатқызбай жатыр» дегеннен басталады. Тәуліктік стационарда жатып ем алуға медициналық көрсеткіші келе ме, жоқ па шаруасы жоқ «мені жатқыз» деп келеді. Міне, түсініспеушілік осыдан басталады. Қай жерге барсақ та порталға деген өкпе-реніш. Портал деген әлемде солай, оны біз өзгерте алмаймыз. Арыз-шағымның тағы бір кең тараған түрі бар ол – деонтологияға байланысты. Дәрігер мен науқастың немесе науқастың туысқанының арасындағы қарым-қатынасы. Дұрыс сөйлеспеді, қолын сілтеп кетті, дауыс көтерді деп жатады. Бірін бірі дұрыс түсінбей қала ма, жеткілікті түрде түсіндірмей ме білмедім. Үшінші бір себебі – көрсетілген ем-домның сапасына көңіл толмаушылық. Дәрігердің білімі, білігі жетпей қалуы мүмкін. Болмаса қанша тәжірибелі, білікті маман болса да кейде ойламаған жерден қате кетіп жатады. Мұны медицинада, оның ішінде хирургияда «ятрогения» деп айтады. Операция үстінде жақсылық жасаймын деп отырып, абайсызда басқа жерге тиіп кетеді. Ол бізде ғана емес, әлемде кездесетін жағдай. Меніңше, көп жағдайда дәрігер мен науқас арасында түсіністік, байланыс керек. Бізде сол жетіспейді. Дәрігер науқасты тыңдай білсе, жылы сөзін аямаса, біздегі арыз-шағымның 60 пайызы азаяр еді деп ойлаймын.
Осыдан отыз жыл бұрынғы медицинамен қазіргіні салыстыруға болмайды. Қазіргі біздің медицина әлдеқайда дамып кетті. Ол кездегі жұмыс пен қазіргіні салыстыруға әсте келмейді. Қазір жаңа технологиялар, заманауи әдіс-тәсілдер жыл сайын енгізіліп жатыр. Мысалы, осыдан отыз жыл бұрын Қызылордада ашық жүрекке операция жасау дегенді ойлап па едік? Жоқ. Ондай миымызға да кірмейтін. Облыс орталығын былай қойғанда, ауданда жасалып жатыр. Мәселен, Қазалыда осындай оталар жасалады. Салыстырмалы түрде қарасақ, отыз жылда елімізде медицина алға шығып кетті. Жоғары технологияларды енгізу, күрделі операциялар жасаудан отандық медицина озып тұр. Оны мойындауымыз керек. Арыз-шағым көп дейміз, әрине, қоғам, сала дамыған сайын адамдардың талабы да өседі. Қазір Астана, Алматы қалаларындағы ғылыми орталықтарда ағза алмастыру, яғни, жүрек, бауыр, бүйрек ауыстыру оталары жасалуда. Тек донор жеткіліксіз. Буын ауыстырудан да кенде емеспіз. Біздің травматология бөлімінде жылына 300-ге жуық буын ауыстыру операциясы жасалады. Бұрын солардың бәрі жүре алмай, ерте мүгедек атанатын. Қазір операциядан кейін жүру былай тұрсын, жүгіріп кетеді. Операциядан кейін дұрыс болмай қалу жағдайы жүзден бір-екеу шығар. Онда да науқастың ағзасына байланысты болып жатады. Қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды, анық-қанығын білер-білместен жариялап жібереді, оның ақыр аяғы белгілі.
– Депутат ретінде өзіңіз көтерген, ықпал еткен мәселелер туралы айтып берсеңіз…
– Депутат ретінде белгілі бір мәселені көтеріп, оны өзім ғана жүзеге асырдым деп айта алмаймын. Олай айтсам ұят болар. Мәселе бір адаммен шешілмейді ғой, басқармалар бар, ауыл, аудан, облыс әкімі бар, ауылдардың белсенді азаматтары болады солармен біргіп атқарылып жатқан шаруалар.
Ауылдық жерлерде, атап айтқанда, Өзгент, Жаңарық, Бірлік елді мекенінде жаңадан дәрігерлік амбулатория салынып, тұрғындар игілігін көруде. Біршама ауылдарда клубтар салынып, күрделі жөндеуден өткізілді. Спорт кешендері салынып, іске қосылды. Жолдар жөнделіп, көпірлер, мектептер салынуда. Сондай шаруалардың ортасында себепші болып жүрміз. Әлгінде айтылғандай, қоғам алға жылжыған сайын жаңашылдық келеді. Бұл кімді де болса ширатып, әсіресе атқарушы органдар мен халық арасындағы дәнекерлік міндетін күшейте түсуде. Сол жолда еңбек ету, елдің мұң-мұқтажын жеткізу, әрине, біз үшін үлкен сын, жауапкершілік болып қала береді.