Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстық онкология орталығы биылғы 19 шiлдеден бастап модульдік инфекция орталығында халыққа қызмет көрсететін болады.
Онкология орталығы 2002 жылдан бері пациенттердің стационарлық ем қабылдауына бейімделмеген облыстық көпбейінді аурухананың әкімшілік-техникалық бөлімінде орналасқан болатын. Ендi орталық кең әрi науқастардың ем алуына толық жағдай жасалған 200 төсек-орынға арналған жаңа ғимаратта жұмысын жалғастырмақ.
Сондай-ақ, орталықтың емхана бөлімі дәрігер кеңесін алуға және жоспарлы ем қабылдауға жолданған пациенттерді де қабылдайды.
Жаңа ғимараттың әр палатасы 2-3 ем алушыға арналған. Пациенттер үшін арнайы санитарлық тораптармен (әжетхана, жуыну бөлмесі), желдеткіш, орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етілген.
Жансақтау бөлімі 6 төсек-орыннан 12-16 төсек-орынға дейін кеңейтілген. Жабдықталған 2 операциялық залы бар. Ғимарат қосымша жаңа компьютерлік томограф, заманауи рентген аппараты, видеоэндоскопиялық аппаратпен жабдықталған.
Айта кетейік, Көптен күткен Қызылорда облыстық онкология орталығы Қызылорда қаласы Берке хан 49 «А» мекен-жайында орналасқан.