Kyzylorda-news.kz. Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде дәрігерлер мерекесі аталып өтіледі. Ақ халатты абзал жандардың мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласының тұрғыны Күлайша Нұрғалиева сырқаттанған уақытта өзіне көп көмегі тиген Қызылорда қалалық ауруханасындағы гинекология бөлімінің дәрігері Майра Ақмырзаеваға алғысын білдіреді.
Ақ халатты абзал жандар әр науқастың жанына медеу болып, оның ауруға қарсы тұруына ынта-жігерін оятып, саулығын қалыптастырып қана қоймай, адам бойына өмірлік күш-қуат береді. Медициналық емімен қатар науқасқа жылы қабақ танытса, оның сырқатынан толық жазылуына сенім білдірсе және өзін де сендіре алса, міне нағыз мамандыққа деген адалдық. Өз ісіне адалдық танытқан дәрігер қашанда дертіне дауа іздеп келген жанды аяғына тік тұрғызары анық. Біз сөз еткелі отырған дәрігер Майра Ақмырзаева да көптің көңілінен шыққан, нәзікжандардың дертіне шипа берген абзал жан. Ол әркез әйелдерге мейірім танытып, жылы сөзін арнап, олардың денсаулығын нығайтуға көмектесіп келеді.
«Аурудың емі – саудың сәлемі» деп текке айтылмаса керек. Себебі көңілі жарым-жан болып жатқан науқастың жағдайын сұрау рухани демеу екені белгілі. Адам қиналғанда мейлі жас, мейлі қарт болсын жанына жылылық іздейді. Көңілін аулайтын бір жылы сөз іздеп, айналасындағылардың қабақ шытпағанын қалайды. Мен де бір кездері сырқаттанып, жаныма ем іздеп барғанымда, маған рухани демеу көрсетіп, менің дертімнен айығуыма көмек көрсеткен Майра Жарылқасынқызы болатын. Дәрігердің біліктілігінің арқасында сырқатымның нақты себебі анықталып, қызымнан кейін араға 8 жыл салып, ұлымды бауырыма бастым. Сәбиімнің жарық дүниеге келуіне себепші болып, менің де баламның да денсаулығына алаңдап, үнемі жанымнан табылған ақ халатты абзал жанға айтар алғысым шексіз. Сонымен қатар қалалық аурухананың гинекология бөлімінің ұжымына ризашылығымды білдіремін», – дейді Күлайша Нұрғалиева.
Білімі мен біліктілігін ұштастырған дәрігер Майра Жарылқасынқызы 15 жылдан бері Сыр өңірінің денсаулық сақтау саласында тынбай еңбек етіп келеді. Осы жылдар аралығында ол халықтың санын көбейтуде сапалы қызмет атқарып, аймақта өлім-жітімнің азаюына үлесін қосқан.
Бүгінде көптің ықыласына бөленген дәрігер әлі де аймақтың денсаулық сақтау саласын дамытуға, халықтың денсаулығын нығайтуға атсалысады. Оның мейірімді жүзі, жанға жылу берер сөзі әлі талай жанның дертіне шипа болары анық.
