Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері талқыланған арнайы мәжілістен соң өңіріміздегі медициналық мекемелерде кадрлық өзгерістер, бас дәрігерлер арасында ауыс-түйіс жоспарлануда.
Нұрлыбек Машбекұлы облыстық денсау басқармасының басшысы Олжас Искаковқа ұзақ жылдар бойы бір орында отырған бас дәрігерлердің қызметтегі тиімділігін бағалау қажеттігін ескертті.
«Олжас Ермекұлы, сіз осы қызметке келген кезде бірінші берген тапсырмаларымның бірі бес жылдан аса бір орында отырған бас дәрігерлердің орнын ауыстыру, салаға жұмысының тамырына қан жүгірту еді. Бұл тәжірибе білім беру саласында жүргізіліп, оң нәтижесін беруде. Ал, денсаулық сақтау саласында бір мекемеге 20 жылға дейін басшылық жасағандар бар. Бұл жағдай ұжымның ішкі ахуалына, медициналық қызмет сапасының және көрсеткіштердің төмендеуіне әсер етеді. Саланың жұмысын жүйелендіру қажет. Тәжірибесі бар, білікті мамандарды жұмысын жандандыруды қажет ететін мекемелерге жіберу керек. Тұралап қалған емдеу мекемелерінің жұмысын жүйелеуге атсалыссын», – деді аймақ басшысы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен, қазан айынан бастап, конкурстық рәсім аяқталғанға дейін:
– Көпбейінді облыстық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқару Жасұлан Болатбекұлы Баймахановқа;
– Көпбейінді Қызылорда қалалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқару Нұриддин Егембердіұлы Амитовке;
– Облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің міндетін атқару Нұрлан Әмірге;
– Облыстық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің міндетін атқару Бауыржан Төлегенге;
– Қызылорда қалалық №4 емханасы бас дәрігерінің міндетін атқару Алмат Дәденұлы Құрманғалиға;
– Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқару Алмас Әбдіғаппарұлы Әбілпаттаға;
– Облыстық оңалту орталығы бас дәрігерінің міндетін атқару Темірбек Садықбекұлы Үсеновке;
– Облыстық паталого-анатомиялық бюросы бас дәрігерінің міндетін атқару Елдос Ерболатұлына жүктелді.