Kyzylorda-news.kz  Қазір аллергендік аурудың шарықтау шегіне жетіп, тұрғындардың мазасын қашырып жүргеніне куәміз. Аурудан арылудың жолдарын қарастырып жүргендер де аз емес. Экологиялық ахуалдың күрт нашарлауынан болар аудандық орталық емханада аллергиялық шағыммен қаралатындардың қарасы көп. Тіпті, қолына қос баладан жетектеген аналар да бар. Осыдан-ақ аллергияның ауданда өршіп тұрғанын түсіндік.

Аллергия – адам ағзасының белгілі бір антиденеге кері реакциясы. Яғни, адамның өсімдікке, жан-жануарларға, шаң мен тозаңға немесе химиялық заттарға жоғары сезімталдығынан туындайтын ауру түрі. Ол көп жағдайда жүре пайда болады. Кез-келген жаста пайда болуы мүмкін.

Жалпы, аллергия «ХХІ ғасырдың дерті» деген атқа ие болған. Бұлай аталуына өзіндік себептер бар. Өйткені қазірде Қазақстанда осы сырқатқа шалдыққандардың саны күрт көбейген. Мәліметтерге зер салсақ, бүгінде көптеген мемлекетте әрбір үшінші адам аллергиядан зардап шегуде. Осыған байланысты Еуропа ғалымдары аллергияны жұқпалы індет сияқты таралуда деп жорамал жасауда. Аталмыш аурудың пайда болғанына бірнеше жыл өтсе де медицина оны толық емдеуге әлі де қауқарсыз.

Жалпы, аллергия бей-жай қарайтын ауру емес. Оның алдын алып, дер кезінде ем қолданбаса арты бронхиалды астмаға ұласуы мүмкін. Жаңақорған ауданында да аллергиялық белгілермен шағымданатын науқастар көп. Соның ішінде ересектер мен балаларды қосқанда 269 науқас «Бронхиалды астма» диагнозымен диспансерлік есепте бақыланады. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы 6 айында 11 науқас диспансерлік есепке алынып отыр.

 -Негізінен аллергиялық шағыммен келетін науқастар көп. Біз бірақ ол науқастардың барлығын есепке алмаймыз. Ал, диспансерлік есепке алынған науқастардың барлығы аймақтық дәрігермен бақыланып, қажетті мамандармен тексеріліп, жылына 2 рет стационарлы және амбулаторлы емін алып отырады. Амбулаторлы жағдайда тегін дәрімен қамтамасыз етіледі. Науқастарды тексеру кезінде және диагноз нақтылау мақсатында қажетті мамандарға, лабороториялық және инструментальды зерттеулерге аудан және облыс көлемінде тексерілуге жолданады, -­ дейді бас дәрігердің пациентті қолдау және ішкі аудит жөніндегі орынбасары Ақсәуле Алтынбекқызы.

Дәрігердің айтуынша, қазіргі таңда аллергиялық бөртпелер мен реакциялардың көбеюіне байланысты қажетті мамандар мен лабороториялық зерттеулерге кешенді медициналық ақпараттық жүйе арқылы жолданады. Яғни, барлық медициналық сақтандырылған азаматтарға шағымдары мен жалпы жағдайын ескере отырып көрсеткішіне байланысты қажетті тексерулер жүргізіледі.

 – Бүгінде ересектермен қатар бала­лар арасында да аллергия асқынып тұр. Негізінен, сырқат балаға анадан берілмейді. Тек ата-анасы, туысқандары қандай аллергиямен ауырса, соған бейім болып келеді. Сондықтан ата-ана баланың белгілі бір затқа немесе жеміске аллергиясы болса, сол тағамды тыюы керек. Аллергияның ең бірінші емі – диета. Әсіресе, аллергияны шақыратын цитрусты жемістерден аулақ болған жөн, – дейді дейді аудандық орталық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрі­герлер бөлімінің меңгерушісі Татьяна Акулова.

 Негізі, аллергияның түрі өте көп. Қазіргі уақытта оның 60-тан астам түрі кездеседі. Соның ішінде ең көп кездесетін түрі – шаң-тозаңнан болатын аллергия. Яғни, «Поллиноз». Бүгінгі таңда поллинозбен екінің бірі ауырады. Әсіресе, көктем айларында жер көгеріп, шаң көтерілгенде ауру қозып, өршіп кетеді. Ал, оның ең жақсы емі – аллергияның себебін анықтау.

   – Аллергияның неден туындағанын анықтау үшін екі әдіс пайдаланылады. Бірінші, терінің астына сынама жасау арқылы. Бұл – ең сенімді әдіс. Бірақ, жыл бойы аллергиядан зардап шегетіндерге бұл сынақты жасай алмаймыз. Ал, екіншісі – аурудан қан сараптамасын алу. Сол арқылы «IgЕ-антителаны» яғни, себебін анықтаймыз, – дейді Татьяна Валериқызы.

 Байқағанымыз, көктем туысымен көп адамдардың терісі қышып, қызарып, бөртіп жатады. Бұл – поллиноздың бір түрі. Ол теріге қонып, қышытып, бөртіп жібереді. Ол өсімдік және тағамдық болып бөлінеді.
Ескеретіні, егер адам аллергияны уақытында емдемей, немқұрайлылық танытатын болса оның соңы аллергиялық астмаға соқтыруы мүмкін.

-Бұл ауруды емдегенде алдымен аллергия беретін заттар мен фак­торларды жою керек. Одан кейін дертті аллергендермен емдейміз. Мұн­­дай ем түрі аллергияның имму­ноте­рапиясы деп аталады. Кез-келген адам аллергиямен ауырмай тұрып алдын алу үшін осы емді қабылдаса болады. Негізі, аллергия асқынғанда емдейтін дәрі түрі көп. Бірақ ең жиі қолданылатынына артигистаминдік топ­тағы дәрілер. Дегенмен кез-келген дәріні дәрігердің қарауында болғаннан кейін ғана рұқсатпен қабылдау керек, – дейді аудандық емхананың аймақтық дәрігері Нарқыз Қансейітова.

Айта кетейік, тыныс алу жолдарында аллергия пайда болғанда, мәселен, түшкіру, көз қышу, мұрыннан су ағу се­кілді белгілерінде үшінші топтық анти­гистаминдік дәрілер пайдаланылады. Аллергияның бұл түрі маусымдық жағдайда ғана болып, аяқ астынын өздігінен басылуы мүмкін.

– Кейде тұрғындар аллергияны тұмау деп ойлап өз бетінше ем қабылдап жатады. Бұл үлкен қателік. Негізі, бастапқыда екеуінің көрінісі бірдей болады. Бірақ тұмауда адамның ыстығы көтеріледі. Мысалы, демікпелі астмамен тіркелген науқастар міндетті түрде жылына екі рет ауруханадан ем алып, облыстан аллерголог, пульманологтың кеңесінен өтеді. Бұл науқастарға дәрі-дәрмек тегін босатылады. Дегенмен, маусымдық аллергия шағымымен түсе­тіндер көп. Оларды дәрігерлік есепке алмаймыз. Бірақ облысқа жолдамамен тегін дәрігер кеңесін алуға жіберіп, содан кейін ем дайындаймыз. Қазір дәріханаларда аллергияға қарсы препарат өте көп. Алайда, өз бетінше емделуге болмайды. Дипроспан, мұрынға арналған тамшылар секілді дәрі-дәрмекті сатып алып, өз бетінше емделу түбінде залалын тигізеді. Егер бұл маусымдық аллергия болса, онда табиғатқа шығу, кешкі серуен дегенді уақытша тоқтату керек. Бұған қарамастан сыртқа шығу қажеттілігі туындаса, онда міндетті түрде бас киім, көзілдірік, ауыз-мұрынға арналған бетперде тағу керек. Осы арқылы тозаңнан сақтанады. Жеке гигиенаны сақтап, ауыз-мұрынды шайып отыру керек. Диета ұстану керек. Гипоаллергендік диета сақтау керек. Бұл медикаментсіз шаралар. Ал, медикамент түрінде емделу үшін міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Маусым кезінде біз тек симптомдарды басып, біраз, жеңілдете аламыз. Ал, негізгі емдеу қыс мезгілінде жүргізіледі. Аллергия себебін анықтап, вакцинация жүргіземіз. Бұл аллергияны емдеудің жалғыз жолы, – дейді Нарқыз Айдарқызы.

- Жыл сайын аллергияға шағымданушылар саны артып жатыр ма? Қандай да бір есеп жүргізесіздер ме?

- Біз міндетті түрде есеп жүргіземіз. Байқағанымыз, жыл сайын аллергияға шағымданып, дәрігер көмегіне жүгінушілер саны артып келеді. Әрине, бүрынғы ұрпақ, яғни, әке-шешелеріміз, ата-әжелеріміз аллергия дегеннің не екенін білмей өсті. Ал қазіргі уақытта бізге кішкентай балалардан бастап аллергияға шағымданып келеді. Жалпы, аллергия кеңейіп барады. Мұның барлығына бүгінгі қоғамда экологияның зақымдалуы бірден-бір себеп. Сондай-ақ, қазір тұрмыстық химияның неше түрі бар және біз оны күнделікті қолданамыз. Ыдыс жуамыз, киімдерімізді жуамыз. Сол сияқты, дұрыс тамақтанбаймыз, салауатты өмір салтын ұстанбаймыз. Тамақтарымызда зиянды қоспалар өте көп. Айта кету керек, бұрындары адамдар тек маусымдық аллергияға шағымданса, яғни, тек көктем немесе күз мезгілдерінде бізге келсе, қазір дәрі-дәрмекке, азық-түлік тағамдарына, косметикалық заттарға, жууға арналған құралдарға, жануарларға, үйдегі шаңға да аллергия көп. Тіпті ол бронхиалды-демікпе ауруына дейін өршіп кететін жағдайлар жиі кездеседі. Ал маусымдық аллергияға шағымданатындар саны тіптен ұлғайып кетті. Иә, әрине бар. Біздің орталықта да алдымен классикалық аллергиялық тексеру жүргізіледі. Бұл тері арқылы зерттеу. Азық-түлік, шаң, тұрмыстық, эпидермалдық секілді бірнеше панельдер бар. Осы аллергендер арқылы тест жүргіземіз. Сол сияқты, дәрі-дәрмектерге, соның ішінде, ауруды басатын дәрілерге, анестетиктерге тест жүргізіледі. Сондай-ақ, зертханалық диагностика да кеңейіп келеді. Яғни, бұл тері арқылы тестілеу емес, адамнан қан үлгісі алынып, ол зертханада осы қан талдауы арқылы қандай аллергиясы бар екені анықталады.

Түсінгеніміз, мұрын бітіп, түш­кірген жағдайда дәрігер қаралуынан дер кезінде өткен абзал. Өйткені, аллергия атаулыны уақытылы емдемесе арты демікпелі астма мен «Анафилактикалық шок» секілді ауыр аллергия түріне ұласуы мүмкін. Себебі, ХХІ ғасырдың дерті атауын иеленген бұл ауру бүгінде жан-жағына жайылып, жас талғамай таралуда.

 

Айсұлу АЛДАНАЗАР

Тағы да оқыңыз: