Kyzylorda-news.kz Ауыр қазаға ұшыратар дерттің белең алуы – қоғам өмірінде түйткілді мәселеге айналып отыр. Екі адам кезігіп жағдайын айта бастаса, әйтеуір бір жақыны қатерлі ісікке шалдыққанын білесіз. Медицинада ең қауіпті дерттің қатарына жататын онкология сырқаты жөнінде жан-жақты саралап, салдары мен зардабын тізбектеп, күн тәртібіндегі мәселенің мәнісіне қанығуды мақсат еттік.
Медицинада жүрек, қан-тамыр ауруларымен бірге адам өміріне қауіпті саналатын онкология дерті ХХ ғасырдың басында толықтай зерттеле бастады. Өскін мен ісік, ілім жиынтығынан құралған терминді көпшілік жақсы біледі. Күннен-күнге жасарып бара жатқан онкология дертіне шалдыққан бесіктегі баладан, еңкейген қарияға дейін кезіктіре аласыз. Нақты көрсеткішке иек артсақ, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу» институтының өткен жылы таратқан мәліметі бойынша елімізде жыл сайын 35 мыңнан астам адам қатерлі ісіктің шырмауына түседі. Ал 14 мыңнан астам науқас дерттің алдында дәрменсіздік танытады. Яғни, өмірімен қоштасады. Соңғы 20 жылда адамдардың сырқаттанушылық көрсеткіші 25 пайызға өсіп, онкология дертімен есепте тұрған науқас саны – 200 мың қазақстандыққа жеткен.
Облыс аумағында өткен жылы қатерлі ісікке шалдығушылар саны – 5015 науқас болса, биылдың өзінде бұл көрсеткіш 510 адамға көбейген. Ал Сырдария аудынында былтыр 50 науқас есепке алынған. Сырдария аудандық ауруханасының онколог-дәрігері Майра Халыбаева аудан көлемінде қалыптасқан ахуалды саралады.
– Елімізде онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспардың орындалуын жүзеге асыру мақсатында Сырдария ауданында бірнеше бағытта жұмыс атқарылып келеді. Қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітім облыс аумағындағы көрсеткішпен салыстырғанда 33,1 пайызға төмен. Аймағымызда тиесілі көрсеткіш – 427, яғни 52,3 пайызды құрайды. 2023 жылы 100 мың халыққа шаққанда 35 пайызды құрап отыр. Айта кетейік, аты жаман аурудан 5 зейнеткер, жұмысқа қабілетті 7 адам қайтыс болды. Қазақстанда онкологиядан болатын өлім көш бастап тұр және жалпы өлім-жітім құрылымында екінші орынды иеленуде, – деді сала маманы.
Сандар көрсетіп тұрғандай, онкология дертінің асқынған түрімен ауырған жандар өмірмен ерте қоштасуға мәжбүр. Зайыбынан «аты жаман ауру» салдарынан ерте айырылған жергілікті тұрғын бастан өткерген оқиғасын бізге айтып берді.
– Менің келіншегімнен қатерлі ісік табылам дегенше, денсаулығы жақсы болатын. Алла Тағаланың бұйрығы солай болған шығар. Зайыбым «аты жаман аурудан» қанша мәрте жазылам деп үміттенсе де, асқынған сатыда анықталғандықтан, күннен-күнге денсаулығы нашарлай берді. Бас-аяғы 6 ай ішінде бірнеше келі салмақ тастап, адам танығысыз өзгерді. Күнделікті жүріс-тұрысынан өзгеріс байқалып, төсекке танылды. Арман-тілегі көп келіншегім ұзақ уақыт бойы дертпен күресте берілуіне тура келді. Бастапқы жылдары қызымыз анасын сұрап іздейтін. 4 жастағы қызыма өзінің қиналғанын көрсеткісі келмеген некелі жарымның аманатын орындап келемін, – деді Қонысбек Пернебаев.
Дертті ерте сатыда анықтау маңызды
Медицина саласы қарыштап дамығын тұста онкология дертін анықтау жолдары барынша жетілген. Сараптамалық мақала дайындау барысында аурудың алғашқы белгілері қандай болатындығына көз жеткіздік. Ерте сатыда анықтау жолдарына қанықтық. Қатерлі ісік пайда бола бастағаннан адамның ағзасында әлсіздік, тәбеттің болмауы, ұйқының жоғалуы, шаршағыштық, іштің қатуы, жүректің айнуы, ауыздың құрғауы, буындардағы, арқадағы, асқазандағы аурулар, бастың айналуы, ұмытшақтық, есінен танып қалу, кенеттен салмақтың жоғалуы көрініс табады. Ауру белгілерімен қатар, онкологиялық дерттің түрлері де жеткілікті. Көзбен көріп, қолмен сипайтын онкологиялық аурулар жиі кездеседі. Оларға төменгі ерін, тері, тері меланомасы, ауыз қуысының, қалқанша безі, сүт безі, жатыр мойыны, қуық асты безі, тік ішек қатерлі ісігі жатқызылады. Дертті ерте сатыда анықтау адам өміріне төндірген қауіптілікті азайтады. Қатерлі ісікті ерте анықтауға байланысты қандай іс-шаралар жүргізіліп жатқандығына сала маманы тоқталды.
– Аудан бойынша ерлерді қарау бөлмесі – 10, әйелдерді қарау бөлмесі –14, барлығы – 24 екенін айта кетейін. 2023 жылы емханаға алғаш келген әйел саны – 11147-ні құрады. Әйелдерді қарау бөлмесіне 9086 нәзік жанды қаралған. Анықталған ісік алды аурулар – 459, басқа аурулар – 676, қатерлі ісік 13 әйелде анықталған. Барлығы емін алып болып, қазіргі уақытта дәрігер бақылауында. Ал ерлер арасында 10115 адам емханаға алғаш рет келген. Оның ішінде, қарау бөлмесінен өткендер – 8676. Ерлер арасында ісік алды аурулары – 135, басқа аурулар – 434, қатерлі ісік 2 азаматтан анықталған. Бүгінде ауданда 232 науқас қатерлі ісік диагнозымен диспансерлік есепте тұрады, – деді Майра Сақыбекқызы.
Күнделікті аймақтық дәрігерлер жергілікті тұрғындарды скринингтен өтуге шақырып жатады. Мұндайда немқұрайлылық танытатын көпшілік бойындағы дертті асқындырып алғандығын білмейді. Сырдария аудандық емханасының профилактика және алдын алу бөлімшесінің дәрігері Гүлжамал Ізтаева онкологиялық сырқат белгілерін анықтауға қатысты жүйелі жұмыстарды айтып берді.
– Скринингтен сан түрлі жастағы адамдар жекелеген диагноз бойынша өткізіледі. Қазіргі уақытта аудан көлемінде тексеруден өтуге тиісті жоспарлы адамның көрсеткіші анықталып, аймақтық дәрігерлер арқылы жергілікті тұрғындарға шақырту жіберілуде. Осы күні тиісті бөлімде Бекзат Алашбай мен Ақмарал Сәндібекова сынды қос білікті маман жұмыс жасайды. Жас айырмашылығы бойынша скринингтен өтуге тиісті санаттарға тоқталып өтейін. Нәзік жандыларды маммографиядан өткізу – маңыздылығын ешқашан жоймайды. Себебі, сүт безінің қатерлі ісігі азаматшаларда жиі кездеседі. Ал төрт жылда бір рет жатыр мойны обырын ерте сатыда анықтау үшін скринингтік тексеруден өтетін 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер ауруханаға шақырылады. Колоректальды қатерлі ісікті тексеруден ерлер мен әйелдер қатар өтеді. Ал 55-70 жастағы ерлерден қуық асты безі қатерлі ісігі, бауыр ішек жолдары, өңештің ауруларын анықтау, зәр шығару және бүйрек ауруларын, простата безінің қатерлі ісігін дер кезінде табу жүргізіледі. 50-70 жас бойынша тыныс алу жолдары міндетті түрде тексеріледі. Жылдар бойы емханаға көрінбейтін жандар арамызда қаншама. Дертінің асқыну салдарынан ауыр халге түсетін көпшілік денсаулығына немқұрайлылық танытпау керек. Көбіне скринингтен бас тартатын жандар жеткілікті. Кейіннен сырқаты сыр бергенде ертерек тексерілмегені үшін өкініш білдіріп жатады. Сондықтан көптеген аурудың алдын алу үшін дәрігер кеңесіне жүгінген дұрыс. Аз ғана уақыттың ішінде дәрігерге тексерілу, уақытылы ем қабылдау өміріңіздің ұзақ болуына себепкер атанады. Жоғарыда көрсетілген скринингтік тексеруден өту барысында өзге де дәрігерлерге жолдама беріліп, аты жаман аурулардан сақтануға айрықша бірнеше нұсқаулық жасалады. Қай кезде де дәрігер үшін науқастың денсаулығы бірінші орында екені сөзсіз. Біз қашанда көпшілікті ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеп, скринингтен өтуге шақырамыз, – деді сала маманы.
Ғалымдар дәлелдеген ісік алды аурулар қатарына еріндегі сүйелдер, еріннің түлеуі, тері мүйізі секілді диагноздар жатқызылады. Сырдария аудандық ауруханасының дәрігерлері әр аптаның жұма күні мобильді топ аясында онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтау мақсатында елді мекендерге іс-сапармен шығады. Дәрігерлер дерттің ерте сатысында анықтау мақсатында 60 жастан асқан адамдардан арнайы сауалнама жүргізеді.
Онкология орталығы 205 орынға лайықтандырылған
Қызылорда облысында қатерлі ісікке шалдыққан науқастар емделетін онкология орталығы бар. Қазіргі уақытта онкология орталығы 205 орынға лайықтандырылған. Орталық мамандарының зерделеуінше, 2024 жылдың 3 айында 341 науқас алғаш рет тіркелген. Науқастардың әр санаттағы назологиясы бойынша орталықта 43 дәрігер ем-шара жүргізуге толықтай құқылы. Біліктілігі жоғары мамандардың қатысуымен осы жылдың 3 айында 177 науқасқа ота жасалған. «Qazaqstan halkyna» қоры арқылы «Қызылорда облыстық онкология орталығына» Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру мақсатында жылжымалы медициналық кешен берілді. Медициналық кешен томосинтез функциясы бар маммографиялық және сарапшылық деңгейдегі ультрадыбыстық аппаратымен қамтамасыз етілген.
Үздіксіз ем алып, дертінен құлан-таза айыққан жандар арамызда жеткілікті. Әрине, олардың өмір сүруге деген үміті зор. Мәселен, аманкелділік Гүлнар Жангелбаева бірнеше жыл бойы дертпен күресіп келеді.
– Алғаш қатерлі ісікке шалдыққан кезімде бойымды қорқыныш билегені рас. Айналамызда қаншама адам осы дерттен айықпай жатады. Қиын сәтте отбасы мүшелерінің, дәрігерлердің қолдауын анық сезінуге болады. Әрине, қазақта «Ауру кісі күлкі сүймес» деген сөз бар. Қоғамнан оқшауланып, сан түрлі ойды еске аламыз. Кез келген науқас дертті жеңу жолында физиологиялық, психологиялық тұрғыдан барлығына дайын болуы тиіс. Осы кезге дейін дертті жеңіп шығуыма жәрдемдескен барша жақыныма, дәрігерлерге алғысым шексіз, – деді жергілікті тұрғын.
Көбіне онкологиямен сырқаттанушылар химиятерапия қабылдап жатады. Науқас үшін ең күрделі кезеңнің бірі саналады. Негізінен, диагнозы бойынша науқас 6,9,12 мәрте химиятерапия қабылдауға мәжбүр. Дертінен айыққан жандар ұдайы дәрігер бақылауында болып, аудандық аурухананың «Оңалту және паллиативтік көмек» бөлімшесінен тұрақты түрде ем қабылдайды. Білікті дәрігер Гүлфарида Әбдібекова жетекшілік ететін бөлімшеден өткен жылы онкологиялық 46 науқас емделіп шыққан.
– Облыс орталығында орналасқан онкологиялық орталықпен үнемі байланыс орнатылады. Кезең-кезең бойынша науқастар ем-шара қабылдауға жіберіледі. Өткен аптада Шаған және Аманкелді ауылы тұрғындарының денсаулығын жіті тексеріп, арнайы жылжымалы кешен көмегіне жүгіндік. Тұрғындар арасында жиі кездесетін қатерлі ісік түрлері өңеш, асқазан, сүт безі, өкпе, тік және тоқ ішек, аналық без, жатыр мойны екенін оқырман назарына салған дұрыс, – деді онколог-дәрігер.
Сырқаттың құқығы қорғалса...
Қазақстан Республикасының халқына онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы арнайы құжаты бекітілген. Дүниежүзі бойынша бас ауыртатын мәселеге айналған онкология дерті қоғам өміріне дендеп барады. Бағанадан сала мамандары тілге тиек еткен Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары арнайы құжат негізінде жасақталған. Барлық онкологиялық мәселелер Заң аясында жоспарлы түрде жүзеге асады. Мәселенің мәнісін жан-жақты ашу үшін ғаламтор көмегіне жүгінген сәтте құқықтық жағынан бірқатар дүниеге қанықтық. Мәселен, «AZATTYQ-RUHY» ақпараттық сайты «Обыр дерті дендеп барады: елімізде жыл сайын 35 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдығады» деген мақаласында ҚР Мәжіліс депутаты Динара Наумованың пікірін жариялаған екен.
– «Мемлекет қабылдаған шараларға қарамастан, бұл аурумен күресте әлі де алға ұмтылыс жоқ және осы бағытта жұмыстың күшейтілуін талап етеді. Бұдан басқа, бүгінгі күні онкологиялық аурулары бар адамдардың құқығын іске асыруға қатысты мәселелер жеткіліксіз дәрежеде пысықталған. Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде ел Конституциясымен кепілдендірілген онкологиялық науқастардың денсаулығын сақтау мәселелері толық көлемде көрсетілмеген. Мұның бәрі қоғамдағы әлеуметтік шиеленіске және халықтың билік институттарына мәжбүрлі түрде жүгінуіне себеп болады» деген. Келесі бір пікірінде депутат:
– «Азаматтар онкологиялық аурулары бар адамдарды оңалту мәселесін қазір әділ көтеріп жатыр. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы «Мүгедектігі бар адамдарды бейімдеу және оңалтудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес, онкологиялық аурулары бар адамдарға бұл қызметтер көрсетілмейді. Мұндай кемсітушілік онкологиясы бар азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың конституциялық құқығын тікелей бұзады. Сонымен қатар онкологиясы бар адамдарға мүгедектік беру процесін атап өткім келеді, бұл халықтың наразылығын тудырады. Статистикаға сәйкес, елімізде 40 мыңнан астам онкологиялық науқастың мүгедектігі бар, оның тек 16 мыңында (40%) мерзімсіз мүгедектік бар. Онкологиялық науқастардың қалған 60%-ы жыл сайын белгілі бір мүшелерінен толықтай айырылғанына немесе ішінара айырылғанына қарамастан, мүгедектігін дәлелдеуге мәжбүр. Мүгедектік расталмаған жағдайда, онкологиялық науқастар заңнамада көзделген барлық жеңілдіктерден айырылады», – дейді мәжілісмен.
Әрине, онкологиялық дертке шалдыққан жандар қашанда мемлекет тарапынан зор қолдауға ие болуы тиіс. Олардың құқықтық мәселелері күн тәртібінен түспегені жөн.
Түйін. Үнемі оқырмандарына ашығу арқылы денсаулықты жақсартуды насихаттайтын тәжірибелі маман Мөлдір Мұстафаева бойындағы ерекше әдіс-тәсіл арқылы дертті жеңіп келеді. Сала маманы бірнеше мәрте ашығып, жақсы нәтижеге қол жеткізген. Ал республикаға белгілі ақын, «Асыл-Жан» сауықтыру орталығының негізін қалаушы Асылзат Арыстанбек қатерлі ісіктен айығу жолдарын барынша дәріптеу үстінде. Адам бойында кездесетін сан түрлі дерт бар. Тек сырқатты жеңу үшін ерік-жігер керек. Ең алдымен, дәрігерге қаралудан еш уақытта қашпаған абзал. Мәселе ретінде көтерілген обыр дертін жеңуде дәрігер мен науқастың арасында берік байланыс орнауы керек екенін айқын сезіндік. Өскін мен ісік кез келген адамда кездесуі мүмкін. Әлем халқын әбігерге түсірген қатерлі ісікке шалдығуға итермелейтін факторлардан адам бойын аулақ ұстаған дұрыс.