maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz  Сирек кездесетін әрі күрделі аурулардың бірі – өкпе гипертензиясын емдеу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қолжетімді. МӘМС жүйесінің арқасында пациенттер қажетті медициналық көмекті және қымбат дәрі-дәрмектерді тегін ала алады.

Осындай пациенттердің бірі – Сырдария аудандық ауруханасында дәрігерлердің тұрақты бақылауында жүрген 30 жастағы Манабай Өмірбеков.

Оның жүрегінде туа біткен ақау бар. Уақыт өте келе бұл дерт өкпе гипертензиясының дамуына әкелген. Пациент диспансерлік есепте тұрады және қажетті ем-домды тұрақты түрде қабылдайды. МӘМС жүйесі аясында қымбат дәрі-дәрмектерді тегін алады.

«Биыл маған коронарография жасалды. МӘМС жүйесінің арқасында қажетті дәрі-дәрмектерімді уақытылы алып, стационарда ем қабылдап жүрмін. Денсаулығым айтарлықтай жақсарды. Көрсеткен көмегі мен қамқорлығы үшін дәрігерлерге алғысымды білдіремін», – дейді Манабай.

Өкпе гипертензиясы – өкпе артерияларындағы қан қысымының тұрақты жоғарылауымен сипатталатын ауру. Бұл жүрекке қосымша салмақ түсіреді және уақытылы ем қабылданбаған жағдайда ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Заманауи диагностика мен емдеу әдістері мұндай пациенттердің сауығу болжамын айтарлықтай жақсартты. Егер бұрын диагноз қойылғаннан кейінгі өмір сүру ұзақтығы көбіне 2–3 жылмен ғана шектелсе, бүгінде уақытылы әрі дұрыс таңдалған емнің арқасында пациенттер ондаған жылдар бойы өмір сүре алады.

«Өкпе гипертензиясы кезінде мамандардың тұрақты бақылауында болу, дертті уақытылы анықтау және тағайындалған емді үзбей қабылдау аса маңызды. Пациенттің жағдайына қарай өкпедегі қан тамырларын кеңейтуге, өкпе артериясындағы қысымды төмендетуге және қан айналымын жақсартуға көмектесетін дәрілік препараттар тағайындалады. Емдеуді үзу денсаулық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан пациенттің қажетті дәрі-дәрмектерді уақытылы алып, медициналық көмекке қол жеткізуі маңызды. Бұл ретте МӘМС жүйесінің рөлі зор», – деп атап өтті Сырдария аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Мереке Шайланова.

Сурет: МӘМС

Тағы да оқыңыз: