Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы №3 емхананың бас дәрігері Жанат Қожарипова емханада қандай медициналық көмекті тегін алуға болатынын айтып берді.
Егер пациенттің мәртебесі «сақтандырылмаған» болса, онда медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде ғана қолжетімді болады. Бұл жедел медициналық көмек, бастапқы медициналық-санитарлық көмек, мамандандырылған медициналық көмек: амбулаториялық жағдайда, стационарды алмастыратын жағдайда және стационарлық жағдайда. Яғни, емханалар дәрігерді үйге шақыру, балалар мен жүкті әйелдерді патронаждау, 4 санаттағы жедел жәрдем шақыру, жалпы практика дәрігерінің (ЖПД), педиатрдың немесе терапевттің бақылауы және т. б. қызметтерді тегін көрсетеді. Барлық қалған медициналық көмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) шеңберінде ғана алуға болады.
«МӘМС пакетіне ТМККК-да бар қызметтен тыс медициналық қызметтер кіреді. Атап айтқанда, бұл жоспарлы медициналық көмек: стационарлық, стационарды алмастыратын, қымбат тұратын консультациялық-диагностикалық қызметтердің барлық түрлері, соның ішінде КТ, МРТ, оңалту және қалпына келтіру емі. Сондықтан бұл қызметтерге қол жеткізу үшін жүйеде болу маңызды», - деп атап өтті Жанат Қожарипова.
Бас дәрігер түсіндіргендей, кепілдендірілген медициналық көмек ҚР-ның азаматтарына, оралмандарға, Қазақстанда тұрақты тұратын, тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктерге қолжетімді. Елімізде уақытша тұратын шетелдіктер ТМККК шеңберінде медициналық көмек ала алмайды, тек ақылы алады.
МӘМС жүйесінің қазақстандық моделі әлеуметтік бағдарланған болып табылады. Халықтың 15 жеңілдетілген санаты үшін мемлекет жарна төлейді (https://fms.kz/kz/o-medstrakhovanii/infografika/65219/). Бұдан басқа, «МӘМС туралы» Заңға сәйкес әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері Қорға жарналар төлеуден босатылады.
Егер сіздің қосымша сұрақтарыңыз болса, өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгіне аласыз. Сондай ақ, Қордың өзіңізге ыңғайлы арналары бойынша өтініш-шағымдарыңызды қалдыра аласыз: fms.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы @SaqtandyrýBot, 1414 Бірыңғай байланыс орталығы.
Азаматтар мәртебесін келесі қосымшалар арқылы тексере алады:
• Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
• fms.kz ресми сайты
• Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
• 1414 байланыс орталығы
• Damumed мобильді қосымшасы.
• Екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары – Kaspi.kz, Halyk, Bcc.kz.
Сондай-ақ, Электронды үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.