Kyzylorda-news.kz. Ұлыбританияда анықталған коронавирустың жаңа түрі өте жылдам таралып жатыр. Бұл туралы Англияның бас дәрігері, профессор Крис Уиттидің мәлімдемесінде айтылған.

Англияның оңтүстік-шығысында вирус жұқтырғандар саны күрт өсіп кетті. Осыған байланысты жаңа респираторлық вирустық қауіптер бойынша консультациялық кеңес тұрғындарды сақ болуға шақырды.

“Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ескерттік. Жағдайды түсіну үшін қолжетімді деректерді талдап жатырмыз. Әзірге қолымызда вирустың жаңа типі өлім-жітімнің артуына әкеп соғатыны немесе ем мен вакцинаға әсері туралы мәлімет жоқ. Бірақ мұны растау үшін шұғыл зерттеулер жүргізілуде”, – деді Уитти.

14 желтоқсанда елдің денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок вирустың жаңа түрі табылғанын мәлімдеді.

Айтуынша, аталған штамм Англияның оңтүстік-шығысында, соның ішінде Лондонда аурудың жылдам таралуына әкеп соққан. Вирус таралу жылдамдығы жағынан белгілі коронавирустың басқа түрлеріне ұқсамайды.

Ол жаңа мутация аурудың ауыр түріне шалдықтыруы мүмкін екені дәлелденбегенін атап өтті.

Sputnik Қазақстан

Тағы да оқыңыз: