Kyzylorda-news.kz Бүгінде уролог дәрігерге ер азаматтармен қатар, жүгінетін әйелдер саны да жыл өткен сайын артып келеді. Урологиялық аурулардың себебі қандай және қалай оның алдын алуға болады? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Қызылорда қаласындағы «Medium» урология және андрология орталығының директоры Олжас Байтөреевті аз-кем әңгімеге тарттық.
- Уролог ерлерді ғана емдейді деп ойлайтындар бар. Ал шын мәнінде урология саласына не жатады әрі қандай ауру түрлерін емдейді?
- Урология зәр шығару жүйесі ауруларымен және репродуктивті денсаулық мәселесімен айналысады. Уролог көп адам ойлап жүргендей ерлерді ғана емес, әйелді де емдейді. Өйткені бүйрек, зәрағар, қуық жынысына қарамастан бәрінде бар. Жұрттың шатасатын себебі, урология сонымен қатар простатит (қуықасты безінің қабынуы), везикулит, уретрит, потенция және фертильдік сияқты ер адамның кіші жамбасына тән проблемаларды шешеді. Әйелдердің репродуктивті денсаулығымен гинекология айнасылады ғой, бұл да сол сияқты. Әйтсе де, әйелге де, ерге де ортақ аурулар бар. Мысалы, жыныстық жолмен таралатын бүйректің, қуықтың қабынуы, несеп тас ауруы, несеп-жыныстық инфекция және тағы басқалар. Олардың шешімімен осы урология айналысады.
- Олжас Сапарбекұлы, қызылордалықтар арасында қандай урологиялық ауру түрлері жиі кездеседі?
- Урологиялық аурулар барлық жастағы адамдарға тән. Туабітті патологиялар бар. Крипторхизм (іш қуысында тоқтап қалуына байланысты бір не екі еннің ұмада болмауы), гипоспадия (зәр шығару жүйесінің дамымай қалуы), гидроцеле (қабаттардың арасына сарысулы сұйықтыктың жиналуы себепті туындайтын аталық без шемені) және тағы сол сияқты. Ересек ер адамдар арасында қуықасты безінің қатерлі емес гиперплазиясы, яғни простат аденомасы, әйел адамдарда инконтиненция, яғни зәр ұстай алмау дерті кең таралған.
Алаңдатарлық жайт, 20 жастан асқан жігіттерде эректильді дисфункция, былайша айтқанда импотенция анықталады. Оның ішінде аурудың бұл түріне негізінен мұнай кеніштерінде, уран өндіріс орындарында, сонымен қатар Байқоңыр ғарыш айлағында жұмыс істейтіндер көбірек шалдығады.
- Медициналық орталық тарапынан қандай медициналық көмек көрсетілуде?
- Біздің орталық он жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда тәулік бойы және күндізгі стационарлар, екі операциялық бөлме, сондай-ақ МРТ, цифрлы рентген аппараты бар.
Мамандар қатарында кардиолог, гинеколог та еңбек етеді. Емханадан бізге пациенттерді СМАД (артериалды қысымның тәуліктік мониторингі) пен Холтерге (ЭКГ-ның тәуліктік мониторингі) жолдайды.
Қызылорданың урологиялық қызметі Астана қаласынан еш кем емес. «Medium» орталығында соңғы үлгідегі жабдықтар көмегімен МӘМС аясында аз инвазивті оталар жасалады.
- Сонда сақтандырылған пациенттер үшін қымбат оталар қолжетімді ғой?
-Иә, пациенттер бізге Емдеуге жатқызу бюросы арқылы емханадан жолдамамен келеді. Басты шарт олар МӘМС аясында сақтандырылған болуы керек. Диагностика жасау, ем тағайындау, ота жасау барлығы тегін. Мысалы, біз ай сайын простат аденомасын алып тастау бойынша шамамен 25 ота жасаймыз. Оның құны — 333 мың теңгеден жоғары. Ең қымбат оталардың бірі — бүйректегі ісікті алып тастау құны 727 мың теңгеден асып түседі. Жыл сайын бұл мақсатқа Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан біздің орталыққа 170 млн теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Осы жерде МӘМС жүйесі денсаулығыңа инвестиция құю екенін атап өткім келеді. Пациенттер өз құқығын біліп, пайдалана алуы керек.
-Урологиялық аурулардың алдын алу үшін нені назарда ұстау керек?
-Басты және ең негізгі ереже — аурудың кез келген белгісінде дәрігерге көріну. Салқын тигізіп алмаған жөн. Денені қысып тұратын тар іш киім кимеу керек. Бұл жыныс органдарындағы қан айналымын бұзуы мүмкін. Гигиена талаптарын сақтау. Орынсыз жыныстық қатынасқа түсуден қашу. Темекі шегу, ішімдік ішу әдеттерінен арылып, белсенді қозғалыста өмір сүруге талпыну керек.