Kyzylorda-news.kz. Былтыр жыл аяғында денсаулық сақтау министрлігі сала қызметкерлеріне арнап жақсы бір шара өткізді. «Altyn shipager» Ұлттық медициналық сыйлығын тапсыру салтанатында біздің аймағымыздан да бірнеше ақ халатты қатысып, марапат төрінен көрінді. Олардың ішінде Қармақшы аудандық ауруханасының жалпы тәжірибе дәрігерлері бөлімшесінің меңгерушісі Динара Жүсiпова да бар. Ол «Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің үздік дәрігері» номинациясы бойынша «Altyn shipager» жүлдесінің жеңімпазы атанды.
Динара Мырзабекқызы С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетін аяқтаған соң, туған жері Қармақшыға келіп, аудандық ауруханада аймақтық дәрігер болып еңбек жолын бастады. Төрт жыл ішінде Динара өзін ұйымдастырушылық, іскерлік қырынан көрсете білді. Біліктілігінің, жан-жақтылығының арқасында ұжымда құрметке бөленді. 2016 жылы жалпы тәжірибе дәрігерлері бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы жауапты қызметін күні бүгінге дейін абыроймен атқарып келеді.
Қай саланың болмасын өзіне тән қиындығы мен жауапкершілігі бар. Ал дәрігерлік мамандықтың жүгі тіпті ауыр екені айтпаса да белгілі. Адам жанының арашашысы аталатын ақ халатты абзал жандардың еңбегі қандай құрметке де лайықты. Динараның да қызмет барысында еңбегі бағаланып жүр. Ол бірнеше рет аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болған. Соның ішінде былтыр жыл аяғында Астана төрінде өткен медицина мамандарына арналған ауқымды іс-шарада марапат төрінен көрініп, «Медицина үздігі-2023» сайысында «Үздік медициналық-санитариялық алғашқы көмектің үздік дәрігері» номинациясы бойынша «Altyn shipager» сыйлығына ие болуы Динараны ерекше бақытқа бөледі. Еңбектің еленгені, лайықты бағаланғаны кімді болсын қуантатыны сөзсіз.
Марапат мен үшін сенім мен жауапкершілік салмағын еселей түсті дер едім. Бұл тек менің жеңісім емес, тұтас ұжымның еселі еңбегінің жемісі, ортақ марапат деп білемін. Әсіресе ауыл медицинасына берілген сенім мен құрмет деп ойлаймын. Жыл өткен сайын қоғамның барлық саласы уақыт ағымына сай дамып келеді. Біздің медицина саласы тіпті жаңарып, дамып жатыр десем қателеспеймін. Озық технологиялардың көптеп енуі, емдеу әдіс-тәсілдерінің өзгеруі дәрігерлерден жан-жақты ізденісті, терең білімді талап етуде. Осы орайда ауыл медицинасы заман үдерісінен қалып қоймауы керек. Сондықтан біз секілді жастар ерінбей, талмай білімімізді жетілдіріп, біліктілігімізді арттырып отыруымыз шарт. Кәсіби біліктілігімізді шыңдауда осындай сайыстардың, түрлі білім жарыстарының көп болғаны дұрыс, – дейді Динара.
Бүгінде Динара жолдасы Нұрлыбек екеуі 3 қыз 1 ұл тәрбиелеп, өсіріп отыр. Кәсібіне адал, мамандығының майталманы Динараға біз де әрдайым абырой биігінде болуды тіледік. «Еңбек түбі – береке» деген осы болса керек.