Kyzylorda-news.kz Екі күн бойы Көпбейінді облыстық ауруханада 46 және 49 жастағы екі әйелге күрделі ота жасалды. Олардың біріне туған бауыры, енді біріне жұбайы донор болған. Екеуіде созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен ауырған жандар, бірі жасанды бүйрек аппаратымен үш жылға жуық ем алып жүрген.
Отаға Көпбейінді облыстық аурухананың директоры, PhD доктор, трансплатолог Жасұлан Баймаханов, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының Бүйрек трансплантациясы, урология және нефрология бөлімшесінің басшысы Мададов Ислам Курбанович, аталған орталықтың Операциялық блок меңгерушісі, уролог-трансплантолог Ернұр Белгибаев, Бүйрек трансплантациясы, урология және нефрология бөлімінің уролог дәрігері, екінші санатты хирург дәрігер Ельшад Набиев, Анестезиолог-реаниматолог Ілесбекұлы Көлбай және басқа да білікті мамандар қатысты. Екі ота да сәтті өтті. Әрі білікті мамандар тәжірибесімен барлық еліміздің дәрігерлеріне 18 және 19 наурыз күндері онлайн «Бүйрек Трансплантация» атты шеберлік сағатында бөлісті.
Тәжірибелі трансплатация мамандары біздің облыста күрделі отаның бұл түрінің дамып жатқанына ризашылықтарын білдірді. Одан әрі жалғастыру үшін дәрігерлер өзара тәжірибе алмасып, медициналық көмекті қолжетімді етпек. Алматыдан арнайы келген А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық Ғылыми хирургия орталығының ақ халатты абзал жандарына ауқымды отаның сәтті өтуіне қосқан еңбектері үшін және шеберлік сағаты арқылы өз тәжірибелерімен бөліскені үшін Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ермекұлы ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыс етті.