Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұлт саулығы – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясаттың аса маңызды бір бағыты. Мемлекет медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударады» – деп дәрігерлердің ел алдындағы беделі мен мәртебесі жоғары екендігін айрықша атап өтті. Бүгінде аймақта халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін қажетті шаралардың барлығы жасалуда. Емдеу-алдын алу мекемелерінде 3000 дәрігер, 11 000-ға жуық орта буын маман жұмыс істейді. Мамандандырылған және жоғары технологиялық-медициналық көмек түрлерінің сапалы болуына баса мән берілуде. Өткен жылмен салыстырғанда өңірде жалпы өлім-жітім көрсеткіші 12%-ға, ана өлімі 48%-ға, сәби өлімі 44%-ға, жарақат, жазатайым оқиғалардан және уланудан болатын өлім-жітім 41%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім 33%-ға төмендеді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылатын «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасының маңызы зор»,– деді аймақ басшысы.
Салтанатты кеште көпбейінді облыстық аурухананың дәрігер хирургі Абдулла Шүленбаевқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы табысталды. Бірқатар медицина қызметкері облыс әкімінің Алғысымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен және түрлі номинациялармен марапатталды.
Іс-шара соңында мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Ұлттық жоба аясында 2023-2024 жылдары Сыр өңірінде құны 9,7 млрд. теңге болатын 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. 2025 жылға дейін Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ауруханаларын көпбейінді ауданаралық аурухана деңгейіне жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Ел Президенті, Үкіметтің қолдауымен Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталды. Құны 36,4 млрд. теңге болатын нысан құрылысы 2025 жылы аяқталады. Ана мен бала саулығын жақсарту, жас аналарға жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік босану бөлімшесі ашылады.
Президент тапсырмасына сәйкес халықаралық стандарттарға сай 200 төсектік перинаталдық орталық салу мәселесі пысықталып, нысан құрылысына облыс орталығынан 3,7 гектар жер учаскесі бөлінді. Өткен жылы ел ағаларымен бірге Қызылорда қаласының сол жағалауында облыстық Қан орталығының іргетасы қаланған еді. Жаңа нысан келер жылдың І тоқсанында пайдалануға берілмек.