Kyzylorda-news.kz. Әлемде қанша мамандық болса, олардың әрбірінің адам үшін маңызы зор. Әйтсе де, адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандардың, оның ішінде мейіргерлердің орны ерекше екені рас.
Бүгін антына адал жандар мерекесі, яғни «12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күніне» орай, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Қызылорда жоғары медициналық колледжінде мерекелік шара болып өтті.
Салтанатты шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Искаков Олжас Ермекұлы және медицина ұйымдарының бас дәрігерлері мен өңірдің барша мейіргерлері қатысты.
Алдымен аймақтың бас дәрігері Олжас Ермекұлы барша мейіргерлерді төл мерекелерімен құттықтап, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
«Дертке шипа, денге саулық сыйлайтын барша мейірімді маман иелерін бүгінгі кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Осы ретте өңір халқының денсаулығын жақсарту бағытында аянбай еңбек етіп жүрген барша мейіргерлерге зор ризашылығымды білдіремін. Ұлт саулығы - мемлекеттің негізгі капиталы десек, сол баға жетпес қазынаны қызғыштай қорып жүрген Сіздердің еңбектеріңіз қашанда жоғары бағаланады. Мереке тұсында баршаңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін! Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз әрқашан нәтижелі болсын», - деді басқарма басшысы.
Одан соң бірқатар саламызға еңбегін сіңірген білікті маман иелерін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет» грамотасы, «Алғыс хатымен», Облыс, қала әкімінің «Алғыс хаты», «Амаnат» партиясының Қызылорда облыстық филиалының «Алғыс хаты», облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Алғыс хаты», «Медициналық білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін», «Мейіргер ісі»ассоциациясының «Мейірім» медалдары, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Үздігі төсбелгісімен марапаттады.
Сондай-ақ, «12 мамыр – Халықаралық Мейірбикелер күні» кәсіби мерекесіне орай өткізілген «Үздік маман - 2023» кәсіби конкурсының үздіктері мен Жамбыл облысында «Психикалық денсаулыққа заманауи көзқарас» тақырыбындағы республикалық ғылыми практикалық конференция аясында волейболдан 1 орын иеленген облыстық психикалық орталығының жеңімпаздары «Алғыс хаттармен» марапатталды.
Мерекелік шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты.
Халықтың денсаулығы жолындағы күресте облыс халқына бүгінде 11 мыңға жуық орта буын мамандары қызмет көрсетеді.