Kyzylorda-news.kz. ҚР Денсаулық сақтау бірініші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев аймаққа іс-сапармен келді. Өңірдің медицина саласындағы өзекті мәселелерімен танысу, сала мамандарымен кездесу мақсатында арнайы келген министрдің орынбасары бірқатар нысанды аралады.

№ 4 қалалық емхана облыс орталығы Қызылорда қаласына іргелес Тасбөгет қалашығында ораналасқан. Қалашық 1998 жылға дейін Сырдария ауданының орталығы, аудан таратылғаннан кейін Қызылорда қаласына біріктіріліп, тіршілігі қала тірлігімен сабақтасып кеткен. Қалашықта емхана, облыстық кеден басқармасы, қалалық індетке қарсы күрес станциясының филиалы, қалалық туберкулезге қарсы ауруханасы, 4 орта мектеп, облыстық  үй-күйсіз жандарды бейімдеу орталығы орналасқан. 2000 жылдың тамыз айынан бастап №4 қалалық емханасы болып құрылып,  Тасбөгет кенті және бекітілген елді мекен тұрғындарына  дәрігерлік қызмет көрсететін емхана ІІІ қабатты бейімделген ғимаратқа орналасқан. Қалашықтың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы қалаға іргелес орналасқанына қарамастан төмен деңгейде. Десе де, суландыру, жылу жүйесі орталықтандырылған, канализация жүйесі қалыпты жағдайда. Емхананың жоспарлы қабылдау қуаты 350 көрініске арналған. Ал бүгінгі таңда халық саны 40879 адам. Оларға жалпы тәжірибелі дәрігер, терапия, хирургия, травматология, отоларингология, офтальмология, педиатрия, акушер-гинекологиялық,   рентгенология, кардиология, онколог-маммолог, балалар хирургі, ересектер мен балалар невропатологы, жұқпалы аурулар, ересектер менбалалар фтизиатры, УДЗ, ересектер мен балалар эндокринологы, гастроэнтеролог, психолог, әлеуметтік қызметкерлер  мамандықтары бойынша қызмет көрсетеді. Мамандар арнаулы жұмыс кабинеттерімен қамтамасыз етілген. Емханада физиотерапия, клиникалық-биохимиялық лаборатория, ДОТС саласы бойынша емдеу, емдік сылау қосалқы бөлімшелері бар. Науқастарға ауруханалық емді жақындату мақсатында 15 төсектік күндізгі аурухана жұмыс істейді. 20 аймақ жалпы тәжірибелі дәрігер,    3 акушер-гинекологиялық және арнаулы мамандандырылған  бөлім қызмет етеді. Бүгінде кент және оған қарасты Ақжарма, Иіркөл елдімекені мен Ақсуат ауылдық округі тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді.

Өз кезегінде вице-министр мекеменің жұмыс барысы, ондағы кабинеттердің жабдықталуы, ғимараттың ішкі жай-күйімен танысты. Мұндағы басты мәселе – емхана ғимаратының тарлығы және медициналық қызмет көрсету талабына сәйкес келмеуі. Бұл мәселені аралау барысында вице-министрдің өзі де байқады. Осылайша көптен бері кент жұртшылығының базынасы болған мәселеге вице-министр құлақ түрді. Емхананың бас дәрігері Бақыт Піржанова жаңа ғимарат салуға дайын жер телімі барын, дегенмен құрылысқа тиісті қаржы бөлінбегенін жеткізді. 350 тұрғынды қабылдауға арналған емхана қазіргі таңда 40 мыңнан астам науқасқа қызмет көрсетеді. Сондай-ақ маман тапшылығы да бар. Соған қарамастан медицина мекемелеріне қойылатын талапқа сай жұмыс істеп, өзге емханалар арасында үздік деп танылған. Мәселенің мән-жайымен танысқан вице-министр Тимур Сұлтанғазиев назарға алынатынын айтты. 
Іс-сапар барысы мұнан соң облыстық медициналық жедел-жәрдем стансасында жалғасты. 2016 жылдың 13 қыркүйек айында Қызылорда облысының әкімінің №575 жарлығымен Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы МКҚК «Қызылорда қалалық жедел жәрдем стансасы» облыстық деңгейге ауысып, аудандық жедел жәрдем бөлімшелері және медициналық авиация бөлімі орталықтандырылған болатын. Облыстық медициналық жедел-жәрдем стансасы құрылымына 4 қалалық, 9 аудандық бөлімше, оперативті бөлімжәне медициналық авиация бөлімі кіреді. Қазіргі таңда ОМЖЖС құрамында 13 бөлімше (қалалық 4 және 9 аудандық) және медициналық авиация бөлімшесі мен оперативті бөлім жұмыс жасайды. Жалпы саны 50 шақырыс тобы бар. 18 дәрігерлік топ, оның ішінде 4 кардио бригада, 4 педиатриялық бригада, 10 желілік дәрігерлік бригадалар және 32 фельдшерлік бригадалар бар. Жедел-жәрдем қызметі Денсаулық сақтау саласындағы маңызды қызметтердің бірі саналады. Медициналық құралдармен және санитарлы автокөліктермен жабдықталу көрсеткіштері қазіргі таңда 100% құрады. 

Биыл соңғы 5 айда 103 қызметіне түскен қоңыраулар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 0,1процентке өсіп, 191 584 қоңырауды құраған. Орындалған шақыртулар санына келетін болсақ, өткен жылмен салыстырғанда 2023 жылдың 5 айында 1,0 процентке өскен. 1-ші санатты шақырулар 40,5 пайызға, 2-ші санатты шақырулар 1,8 пайызға, 4-ші санатты шақырулар 7,5 пайызға, ал керісінше 3-ші санатты шақырулар 4,9 пайызға төмендеген. Ал кешігіп орындалған шақырыстар былтырғы жылдың салыстырғанда 1,6 пайыздан 1,5 пайызға азайған. Осы орайда облыстық медициналық жедел-жәрдем стансасының басшысы Алмат Құрманғали нәтижелі реанимация көрсеткіштері 2022 жылдың 5 айында 57,9 пайызды құрап, биыл 5 айда 85,7 пайызды құраған. Ал, республикалық көрсеткіш – 45 процент. Сондай-ақ, ауруханаға дейінгі өлім көрсеткіші 2022 жылы 0,40 процент, ал, 2023 жылдың 5 айында 0,38 процентті құрапты. Республикалық көрсеткіш 0,40 процентке жеткен. 

Нәтижелі ФЛТ 17науқасқа 100% құрады. Облыс бойынша ангиограф аппараты 2 жерде орналасуына және Кардиоцентр мамандарымен келісе отырып  ауруханаға дейінгі ФЛТ жасалмай, уақыты сарапталып, науқастар ЧКВ жеткізіледі. Қала деңгейі мен Қазалы ауданы бойынша ФЛТ кардиогенді шок кезінде, алыс мекен-жайдан тасымалдаған кезде жасалады екен. Өз кезегінде мекеме басшысы Алмат Дәденұлы қаржылық қиындықтар туралы да сөз қозғады. Ооның айтуынша, облыстық жедел жәрдем субъектісінің табысы медициналық көмектің кепілдік берілген көлем шеңберін құрайды. 2022 жылы жан басына шаққандағы норматив бойынша жедел медициналық көмек және білікті мамандар мен науқастарды санитарлық көлікпен тасымалдауға байланысты медициналық көмек көрсету мен тромболитикалық терапия жүргізуге қаралған бюджет 3 639 902 920 теңгені құраған. Ал, нақты шығыс көздері 4 074 729 725 теңге болған. Нақты шығыстын көп үлесін жалақы қоры құрайды. Себебі, жалақының өсуі басқа да шығындардың артуына әкелген. Мәселен, жалақынын көтерілуі дәрігерлерге – 30 пайыз,  орта буынға – 20 пайыз, басқа қызметкерлерге 23 пайыз өскен. Сонымен қатар, медициналық қызметкерлердің категориясы мерзімі біткенімен, жалғастырылып төленген. Оған қоса, COVID-19 күрес шеңберіндегі медициналық қызметкерлерге үстеме ақы төленуі тағы бар. Осы шығындарды ескере келе, қаржы тапшылығынан жыл аяғына 434 826 801 теңге кредиторлық берешек қалыптасқан. Берешектін 281 126 320 теңгесін 2023 жылдын бюджетінен төлеп, қазіргі таңда әлі де 153 700 481 теңге берешек қалып отыр.  

Мамандардың айтуынша, жедел-жәрдемнің жан басына шаққандағы көрсеткіші төмен. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы 17 қазандағы No ҚР ДСМ-115 бұйрығымен қолданыстағы бекітілген жан басына шаққандағы норматив жылдық инфляцияны есепке алмағанда 267,51 теңгені құрайды екен. Әлеуметтік сақтандыру қорының негізгі капиталды ұстауға бөлінген бюджеті (еңбекақы, дәрі-дәрмек, жанар-жағармай, арнайы киімдер және т.б.) тұрақты болғанымен жыл сайынғы инфляцияға және коммуналдық қызмет шығындарының өсуіне сәйкес келмейді;, одан бөлек бекітілген тариф Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы және Ұлттық денсаулық сақтау палатасы арасындағы салалық келісімде көзделген көтерілген жалақы сомасын қамтымайды. Бұдан бөлек тағы да бірнеше мәселенің басын ашқан мекеме басшысы, аудандық қосалқы бөлімшелердің ғимараттары типтік емес және ең төменгі санитарлық нормаларға сәйкес келмейтінін,  Арал, Қазалы, Қармақшы және Жанақорған аудандарына ұшақ қонатын алаңдарды күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін, оқу-симуляциялық орталығының жұмысын жандандыру, алғашқы медициналық көмек және реанимация түрлеріне оқытуға сырттан берілетін сұраныстарға  әзірлену,  оқыту лицензиясын алу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, ОМЖЖС-ның замануи түрдегі автогараждың жобалық-сметалық жоспары жасалып, қаржы мәселесін қарастыруға облыстық денсаулық сақтау басқармасына  ұсынылғанын да тілге тиек етті. Вице-министрден әсіресе, санавиациялық қызмет көрсетуде туындайтын мәселелерді жоюға ықпал етуін сұрады. 

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев бұдан бөлек облыстық көп-бейінді ауруханаға барды. Аурухананың тыныс-тіршілігімен бас дәрігер Нұриддин Әмитов таныстырды. Аймақтағы бірден-бір аурухана емдеу орны 525 науқасқа арналған. Мұнда қазіргі таңда 193 дәрігер, 610 орта буын қызметкерлері еңбек етеді. Ал ауруханада 18 бөлімше орналасқан. Көпбейінді облыстық аурухана дәрігерлері бүгінде аймақ халқына тиісті ем-дом шарасын жоғары деңгейде көрсетіп келеді деуге болады. Түрлі күрделі оталарды да осында жасауға барынша жағдай жасалған. Мамандардың біліктілігін арттыруға да мүмкіндік қарастырылған. Өз кезегінде аурухана басшысы Нұриддин Әмитов қаланың сол жағалауында қан орталығы мен онкологиялық орталықтың құрылысы жүріп жатқанын атап өтті. Құрылыс аяқталса мекеме ғимаратында орналасқан қан орталығы мен онкологиялық орталық сонда көшірілмек. Соның аясында аурухана жанынан 70 орындық босану бөлімі ашылады деп жоспарлануда. 

Аурухана жұмысымен танысқан вице-министр ауруханада ем қабылдап жатқан науқастарды да назардан тыс қалдырмады. Денсаулық жағдайын, қандай да бір шағымы барын сұрады. 

Жоспарға сәйкес медицина саласының мамандарымен кездесу аурухананың мәжіліс залында өтті. Онда емхана бас дәрігерлері, сала мамандары бас қосты. Жиында маңызды деген мәселелер қозғалды. Әсіресе емханалардағы медициналық қызмет көрсетудегі кемшіліктер, тиімсіз тұстар, қаржы мәселесі, маман тапшылығы сынды өзекті жайттар талқыланды.

Халыққа сапалы және қолжетімді көмек – парызымыз

Қызылорда облысына жұмыс сапармен келген ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев «Достық» үйінде бұқаралық ақпарат құралдарымен баспасөз конференциясын  өткізді.

Жиында сөз алған вице-министр Қызылорда облысына келу сапары «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын орындау мақсатында екендігіне тоқталды. Іс-сапар барысында қалалық 4 емхананың, облыстық аурухананың, жедел жәрдем станциясының жұмысымен танысқандығын тілге тиек еткен вице-министр, облыс тұрғындарының өзекжарды мәселелерін халықпен кездесу барысында тыңдап, оны назарға алғандығын айтты. Сондай-ақ халықпен кездесу өткізгенін жеткізді. 

«Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі – халыққа сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету екенін атап өткім келеді. 2022 жылы Қызылорда облысында жалпы өлім-жітім 21 процентке төмендегенін, сондай-ақ қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 16 процентке, обырдан болатын өлім-жітім 12 процентке, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және туберкулезден болатын өлім-жітім – 22процентке төмендегенін атап өткім келеді. Денсаулық сақтау саласындағы негізгі буын – медициналық-санитариялық алғашқы көмек.  Халықтың сұрауы бойынша жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету көзделген амбулаториялық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілді», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Вице-министрдің айтуынша, ұлттық жоба шеңберінде Қызылорда облысының ауылдық елді мекендерінде 27 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 78 мың дәрігер, оның ішінде Қызылорда облысында 2,1 мың дәрігер жұмыс істейді. Өңірде дәрігерлік кадрлардың тапшылығы 128 маманды құрайды. 2022 жылы ел өңірлеріне медициналық жоғары оқу орындарының 1809 түлегі, оның ішінде Қызылорда облысына – 54 түлек, оның ішінде ауылға 24 түлек бөлінгені айтылды. Дәрігерлерге, оның ішінде аса тапшы мамандықтар бойынша қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 2022 жылы республикалық бюджеттің есебінен 4700 білім беру гранты, оның ішінде 1500 резидентура гранты бөлінсе, оның 30-ы біздің аймаққа тиесілі. 2023 жылдың басынан бастап Қызылорда облысын амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 8 миллиард теңгеден астам, стационарлық көмек үшін 7 миллион теңгеден астам сомаға дәрілік заттар сатып алынғандығын жеткізді.

Жиын соңында журналистердің сауалдарына жауап берген вице-министр Президенттің тапсырмаларын орындау және халыққа медициналық көмектің сапасын арттыру жөнінде жан-жақты шаралар қабылданатындығын баса айтты.

Тағы да оқыңыз: