Kyzylorda-news.kz  Қазалы қаласының іргесі 1853 жылы 16 маусымда қаланды. Орнықты қала болып салынуына генерал-адьютант П.А.Перовскийдің қомақты үлесі мол. Ол Сырдария өзені бойымен Ақмешіт қаласына саяхат жасау барысында Қазалы қаласының негізін №1 форт есебінде қалауға ұсыныс жасаған. 1867 жылы №1 форт Қазалы қаласы деген атқа өзгертіліп Россия мен Орта Азия елдерінің қарым-қатынас орталығына айналды. «Қазалы» деген сөз қазақтың «Каза басу» деген сөзінен шыққан. «Каза» деген балықшылардың қамыстан тоқып жасаған балық аулайтын құралының аты. Қазалы қаласының «Қазалы» аталуына екінші бір дерек. Ертеде Байұлының бір тайпасы «Алтын» деген руының «Қазалы» аталығы осы жерге көшіп келген. Қазалы қаласы 1867 жылдан 1928 жылға дейін уезд орталығы болды. Бұған қазіргі Қармақшы, Арал аудандарының территориясы кірген. Уезд бастығы полковник Арзамасов болған. Оның шашы ақ болғаннан кейін, жергілікті тұрғындар оны «Ақбас ояз» атаған. Ол кезде Қазалы қаласында /уезді/ – 89 966 адам болған.
1928 жылы сәуірде Қазақстан жеріндегі әкімшілік-аймақтық бөлініске байланысты Қызылорда және Қазалы уездері таралып, бұрынғы екі уездің негізінде Қызылорда округі құрылды. Округтік комитеттің Қазалы және Қызылорда уездерін аудандастыру жөніндегі қаулысы бойынша 1928 жылы 12 мамырда Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Қазалы ауданы құрылып, Қазалы қаласы 1958 жылға дейін аудан орталығы болды. 1958 жылы аудан орталығы Жаңақазалы поселкесіне (қазіргі Әйтеке би кенті) көшірілді.

Қазалы қаласында – 7450 мың адам тұрады. Жұмыспен қамтылған халық саны – 3847, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар – 1336 адам. Қаладағы – 49 көшенің – 41-і асфальт қабатты, 2-уі гравийленген, 6-уы топырақ қабатты. Сонымен бірге, 32 көше аяқсумен қамтылған. Бұған қоса, 26 көше жарықтандырылған. Тұрғын үйлер 90 пайыз газбен қамтылған. Қалада үш мектеп, бір спорт мектебі, мәдениет үйі, бір колледж, екі кітапхана, екі балабақша, бір шағын орталық, бір медициналық мекеме бар. 

Бұдан бөлек, Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі, «Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі,Қызылорда облыстық филиалы Қазалы аудандық ветеринариялық зертханасы, «Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі»,«Қазалысушар» өндірістік учаскесі, Қазалы ауданы білім бөлімінің  «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығы, Метеостанция, Республикалык орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК-ны оңтүстік – батыс аймақ филиалы, Қазалы қаласының жастар ресурстық орталығы» орналасқан. 

Тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілері саны – 794. Оның – 25-і заңды, 768-і жеке тұлға болса, 1-уі шаруа қожалық. Сонымен қатар, 34 азық-түлік дүкені, құрылыс заттар дүкені, екі мейрамхана, бір шайхана, екі дәріхана, бір монша, екі көлік жуу орны, үш ТЖО, екі жанар-жағар май бекеті, бір газ құю бекеті халыққа қызмет көрсетеді. 

Өткен жылы Қазалыда біршама жұмыстар атқарылып, қала жаңарып қалды. Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағдарламасы аясында 13 көшеге қайта жаңғыту жұмыстары жүргізілді. Б.Қосаев көшесі бойынан шағын спорт алаңы пайдалануға берілді. М.Ерлепесов көшесіндегі шағын спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазалы қаласының 9 (тоғыз) көшесіне тротуар салу жұмыстарыныңжоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілді. Қаласының санитарлық-тазалығын қамтамасыз ету күн тәртібінен түспейтін мәселе.Арықтарға аяқ су беру жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. 

Сонымен қатар субсидияланған жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша Қазалы аудандық Мансап орталығы арқылы 112 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 12 адам жастар практикасына және алты адамды «Әлеуметтік жұмыс» жобасымен жұмыспен қамтылған.
Ал, 2024 жылыШағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағдарламасы аясында, Қазалы қаласындағыЖ.Бакишев, М.Рахашұлы, Әйтеке би, Т.Сегізов, Хегай Гер Сек, Ш.Уалиханов, Ы.Жахаев, М.Ерелепесов, Ж.Жабаев, Е.Қожаназаров көшелеріне қайта жаңғыту жұмыстарын жүргізіледі. Аталған бағдарлама аясында тоғыз көшеге тротуар салынбақ. Қаладағы электр желілері де, жаңғыртылмақ. Қазалы қаласын аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны – 10 миллион теңге тұратын 1Д315-50 маркалы үш дана электрлі аяқ су насосы сатып алынып, орнату жұмыстары жүргізілуде. 

– Орталық алаңды абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржысы шешіліп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жарияланды. Алдағы уақытта орталық алаң көркейіп, әр аптаның соңында түрлі мәдени-көпшілік іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде балаларға арналған батут қойылып, кешкілік тұрғындар мен қала қонақтарының серуендеуіне ыңғайлы жағдай жасалуда, – дейді қала әкімі Қайрақбай Орынбасаров.

Мұнда кәсіпкерлік саласына ден қойылуда. Осыдан төрт жыл бұрын Қазалы қаласы тұрғындары қуанышты жаңалық естіп алаң көңілдеріне сәл де болса медет ұялады. Бұған дейін екі дәріхана халыққа қызмет көрсетсе енді олардың қатары толықты. Әсіресе, қаланың шеткі аймағында тұратын жандар дән риза. Арнайы ашылған «Драцена» дәріханасына келушілердің қарасы қалың. Қырық жылға жуық еңбек өтілі бар фармацевт Күнжамал Бисалиева тұтынушыларға дәріні босатып қана қоймай, білгенімен бөлісе тұрғанды жөн санайды.
Дер кезінде ашылған дәріханаға біз де бас сұқтық. Мұнтаздай тап-таза бөлме, жинақы сөрелер, реттілікпен орналастырылған дәрі-дәрмектер бір-бірімен үйлесім тауып тұр. Сәлемімізді күлімсірей қабыл алған Күнжамал апа келген мақсатымызды білген сәтте ағынан жарылды. Әңгіме ауанынан байқағанымыз апайдың немересі – Айгерім Ақбай кәсіпкерлік саласына бет бұрып, Нұр-Сұлтан қаласында арнайы білім алыпты. Жігерлі жас бизнес жоспарын дайындап, оны мамандар алдында қорғап шығады. Ойға алған ісі сәтін салып, қолдау тапқан соң, мемлекеттік бағдарлама арқылы несиеге қол жеткізген. Нәтижесінде, Қазалы қаласынан дәріхана ашып, кәсібін бастап кетті. Айгерім өзі де, фармацевт мамандығын меңгеруде. Алайда, әжесінен үйренері көп екенін жақсы біледі. Қазір халықтың сұранысы жоғары болғандықтан дәріхананың екінші қосымша филиалы іске қосылып, қазалылықтардың ақ батасын алуда.

Қырық жылға жуық осы салада еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шыққан Күнжамал Бисалиева Қызылорда қаласындағы медициналық училищеде білім алған. Әйтеке би кентіндегі «Мерей» дәріханасында еңбек еткен. Жолдасы – Шәкизада Ақбаевтың қызмет бабымен Қазалы қаласына көшіп келген соң, осындағы «Баян» дәріханасында жұмыс істеді. Отбасында бес бала тәрбиелеп, өсірген ата-ана халыққа адал қызмет ету адамдық парыз дегенді ұрпағының құлағына құйып келеді. Қыздарының төртеуі мұғалім болса, біреуі есепші.

– Шүкір, халық ризашылықтарын айтып, алғыс білдіруде. Әр келген жанға қажет еткен дәрісін тауып беруге тырысамыз. Жоқ болып қалған дәрі-дәрмектерді дереу жазып алып, тапсырыс береміз. Дәрілер келісімшарт арқылы еліміздің үлкен қалаларындағы «Зерде», «Ақниет», «Аманат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен жеткізіледі, – дейді Күнжамал апа.
Бұл ретте оған қызы Гүлбану көмектеседі. Есепші мамандығын игерген ол, бухгалтерлік жұмыстың қыр-сырын жақсы меңгерген.

– Анамызға дәріхана ашып беру біраз уақыттан бергі арманымыз еді. Оны қалай жүзеге асырсақ болады деп көп ойландық. Сөйтіп, жүргенде қызым, Айгерім кәсіпкерлікке бет бұрып, Қазалы қаласынан дәріхана ашсақ, деген ойын жеткізді. Бәріміз бірден құптап, қолдадық. Арнайы білім алып, қалай бизнес бастауға болатынын жан-жақты меңгерген соң тәуекелге бел будық, – деген Гүлбану Шәкизадақызы жас кәсіпкердің алда талай жоспары барын тілге тиек етті.

Отбасылық кәсіп иелерінің ендігі мақсаты – дәрі-дәрмек түрін молайтып, жұмысты жандандыру. Халыққа қолдан келгенше, қызмет етуге әзір. 
«Батаменен ел көгерер» деген тәмсілді ұстанған жандар адамнан алған алғыс кәсіптің берекесін артырарына бек сенімді.
«Қазалы» конфетінің тарихы ертеден басталады. Алғашқыда қарабайыр тәсілмен өзге ұлт өкілдері шығарыпты. Кеңес өкіметі тұсында кірпіш зауытының кондитер цехында дайындалған тәттіні Мәскеу телеарнасының күлкіге айналдырғанын көгілдір экраннан көрген шығарсыз. Десе де, сол кездің өзінде Қазалының конфетіне сұраныс мол болатын. Ал, конфетке қажетті қоспалар Украина, Ленинград, Мәскеуден жеткізіліп тұрды. Кеңес одағы ыдырауымен конфет шығару жайы да тоқырауға ұшырады. Жұмыссыз қалған мамандар жан-жаққа тарап кетті. Дәмі тіл үйірген тәтті көзден ұшты.

Уақыт өте келе, Фатима Қазбергенова есімді жеке кәсіпкер осы шаруаны қолға алды. Оған іргелі әулеті түгелдей қолдау көрсетті. Жұмысқа білікті де, байырғы мамандар тартылды. Ақыры, конфет шығару қайта жанданды. Әрине, талай рет қиналуға тура келді. Фатиманың сауда саласында жинаған мол тәжірибесі кәдеге жарады. Кәсібі алға басты. Елге танылды. Санаулы адаммен бастаған конфет цехы ұлғайды. Қосымша дүкен, нан цехын ашты.

Қазіргі таңда Нұрбек Қазбергенов анасының жолын жалғастырып, конфет цехына басшылық жасайды. Ал, Фатима – шаңырағының ұйытқысы, немерелерінің абзал әжесі.

Нақты кезеңде жеке кәсіпкер конфет өнімдерін шығарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. Кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама аясында несие алды. Оған конфет өнімдерін өндіретін заманауи құрал-жабдықтар алып, цех жұмысын кеңейткен.
Цехта «Қазалы» конфеті өнімдерінің жалбыз (ащы), барбарис, саломка (бор кәмпит), ала кәмпит және өзге де түрлері шығарылып, 7 адам еңбек етеді. Аталған цех – аймақтағы тәтті кәмпит түрлерін дайындайтын автоматтандырылған жалғыз кәсіпорын. 
«Қазалы» кәмпиті цехы аймақтағы тәтті түрлерін шығаратын автоматтандырылған жалғыз кәсіпорын. Қазіргі таңда, күніне конфеттің сегіз түрінен 500 келі өнім әзірленеді. «Саломка», «Барбарис», «Маусым», «Қазалы» кәмпитіне сұраныс жоғары. Дайын өнімдер Қызылорда мен Ақтөбе, Орал, Ақтау, Атырау облыстарына жөнелтіледі. Өзге облыстардан да сұраныс бар. Айта кетерлігі, өткен жылдың маусым айынан бастап, «Қазалы» кәмпиті өнімдері жаңа үлгідегі қаптамада шығарылуда. Қаптамада ғасырдан астам тарихы бар, ажары алыстан менмұндалайтын Қазалының теміржол вокзалы бейнеленген.

Тағы да оқыңыз: