Kyzylorda-news.kz. Ғылыми-зерттеу саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген жас жетерлік. Олар алда үлкен жауапкершілік тұрғанын сезінеді. Сондықтан білім жетілдіріп, тәжірибелерде тәуекелге бел буу – басты мақсаты. Жерлесіміз, дәрігер Мұхит Құлмағанбетовтың жаңашылдыққа деген құлшынысы соған дәлел. Мұхит Қызылорда облысында өскен. Қалжан ахун ауылында, кейін Тереңөзек кентінде білім алған. Осылайша арманына қанат байлаған жас С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің жалпы медицина факультетіне оқуға түседі.

Ауылдан Ұлыбританияға дейін

Ауылдан шыққан қазақтың қара баласы бұл қадамнан соң Еуропаның жоғары оқу орындарының бірінде лекция оқитын деңгейге жеткен. Жалпы хирургия мамандығын тәмамдаған соң Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында офтальмолог болсам деген мақсат қойыпты. Сол уақытта Ұлыбританияға жолы түсіп, ғылыми конференцияға қатысқан. Осы сәттен бастап білімді жастың жоспары күрт өзгереді. Мұхитқа Кардифф университетінің профессорлары бірге жұмыс істеуге ұсыныс білдіреді.


– Әлем мойындаған, офталь­мологияның алдыңғы қатардағы ғалымдарының өздері ұсыныс айтқанда қуанышымда шек болмады. Тез арада жобаның жоспарын талқылап, қаражат іздей бастадық. 3 айдан кейін тәуекелге бел буып, Кардифф университеті және Британия кеңесі (British Council) ұйымдастырған жарысқа қатыстық. Дүниежүзінен қатысқан 680 үміткердің арасынан 7 жеңімпаз әртүрлі мамандық бойынша PhD докторантураға оқуға мүмкіндік алдық. Сол жерде офтальмология, оптика, анатомия және клиникалық диагностика пәндерінен сабақ бердім. Кардифф университеті көз зерттеулері бойынша Еуропаның алдыңғы қатарында тұрса, Ұлыбританияда мінсіз көшбасшы. Сондықтан таңдауым осы елге түскен еді, – дейді жас ғалым.

Үлкен академиялық атағы бар университеттер грант, демеуші немесе қолдаушы іздеп әуреге түспейді. Керісінше, сол жердегі мамандарға сұраныс жоғары. Сол себепті қаражат мәселесі, оның ішінде зерттеу шығындары қолбайлау емес. Сондықтан болар, кейіпкерімізге «ақша жоқ, зерттеуіңді арзан түрде жаса» деп қысым көрсетілмеген көрінеді.

Туабітті көз ауруын емдеуге болады

Соның нәтижесінде Мұхит «Көздің торлы қабығының нейродегенеративті ауруларын оптикалық когерентті томографияны және жасанды интеллектті пайдалана отырып ерте анықтау» тақырыбына терең бойлаған. Аталған ауруларға глаукома, жасқа байланысты макулярлы дегенерация (ЖМД) және Альцгеймер аурулары жатады. Бұл аурулардың ортақ ерекшелігінің бірі – радикалды емнің жоқтығы. Бұған қоса глаукома және ЖМД соқырлықтың негізгі себебі.


– Зерттеу үш сатылы эксперименттен тұрды. Ол – химиялық, жануарларға эксперимент жасау және клиникалық жұмыс. Бірінші сатысында көздің торлы қабығының жасанды оптикалық фантомдарын органикалық және бейорганикалық химикаттардан жасап, кейін оптикалық когерентті томографиямен түсірдім. Бұрын химия пәнін жақсы көргеннен кейін осы зерттеу ойдағыдай шықты. Екінші бөлікте жануарлар, оның ішінде тышқан мен егеуқұйрықтың көзін зерттедім. Эксперимент барысында кеміргіштердің көзіне ауру моделін жасап, кейін диссекцияладық. Сол әдіс арқылы торлы қабықтың ганглиозды жасушаларының апоптозын зерттедік. Сонымен қатар 3xTg тышқан моделінің көзін ОКТ-ға түсірдік, бұл тышқандарда Альцгеймер ауруының сипаттары бар. Кейін биологиялық өзгерістердің математикалық есебін шығардық. Осы орайда машинамен оқыту әдісін пайдаландық. Зерттеудің үшінші, әрі ең маңызды сатысы – клиникалық жұмыс. Бұл кезеңде глаукома және ЖМД бар науқастардың көзін томографияға түсірдім. Кейін скандардың барлығын жинап болған соң, жасанды интеллект әдісін пайдаланып, аурулардың ерте диагнос­тикасымен айна­лысамыз. Тіпті кванттық техногологиямен туабітті көз ауруын емдеуге болады, – дейді ол.


Жас ғалымның бұл ізденісі ғылыми ортаға жылдам тараған. Уэльсте Қазақстаннан келген студент оптикалық жүйе жасаумен айналысып жүр дегенді естіген Канададағы Уатерлоу университеті институтының физиктері маман қажеттігін айтып, хабарласқан.


– Олар Уатерлоу университетіне баруыма немесе Гонконгта енді құрыла бастаған кванттық офтальмология бойынша зертханаға жетекшілік ету туралы ұсыныс тастады. Мен докторантураны бітіргім келетінін және электроника, инженерияны меңгергенмен, кванттық физиканы білмейтінімді айттым. Келісім аясында ғалымдарға оқу мерзімі аяқталғанға дейін кванттық физиканы меңгеруге уәде еттім. Олар да қолдау көрсетті. Осылайша, Гонконг зертханасында жұмыс істеу өз еліме ғылымның жаңа технологиялық жаңалықтарын жеткізуге берілген зор мүмкіндік деп білемін, – дейді Мұхит.

Қазақстан үшін үшінші микроскоп жасағым келеді

Бүгінде Гонконг зертханасында АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Үндістан, Гонконг, Сербия, Ресей, Қазақстаннан барған жеті ғалым жұмыс істейді. Топтың кураторы – канадалық-америкалық профессор, Массачусетс технологиялық институтының ең мықты кванттық физигі Дэвид Кори. Ал ғалым-әріптестер құрған Structured Light Tomography компаниясының басшысы – Мұхит Құлмағанбетов. Олардың жұмысына тіпті Нобель сыйлығының лауреаттары қызығушылық танытып отыр екен.


Мұхиттің айтуынша, әлемдік медицинада глаукома, диабеттік ретинопатия, макулярлы дегенерацияның емі табылған жоқ. Әлеуметтік салдары күрделі осындай ауруларды емдеу, алдын алу уақыт еншісінде. Ғалымдар қазіргі кезде микроскопты миниатюризирлеу және толық­қанды цикл бойынша жұмыстар істеп жатыр. Өндірісті аяқтау мерзімі келер жылдың ортасына қарай болжанған. Мұндай жағдайда Мұхит Гонконг зертханасымен үш жылға жасалған келісімшартты ұзартуы мүмкін. Ал сынақтан өткен аппараттар нарыққа шыққаннан кейін әлем офтольмологтері үшін үлкен жаңалыққа айналатыны анық.


Гонконг зертханасындағы жұмыс Мұхитқа жаңа тәсілдер үйренуде де сеп болған. Себебі, ғылыми ізденістен бөлек коммерцияландыру, мақала жариялауға болады.


Қазіргі кезде екі ел арасында жиі қатынайтын кейіпкеріміз Канадада профессорлардың үлкен зертханасында науқастарды қабылдап, кванттық физика, офтальмология тұрғысынан ауру түрлерін анықтауға атсалысып жатыр. Сонымен қатар Алматыдағы Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында 2014 жылдан бері ғылыми сарапшы ретінде қашықтан жұмыс істеп келеді. Бүгінде аталған институтпен Кардифф университеті арасында білім, ақпарат, технология алмасу бойынша меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ ол аэроғарыш медицинасы бойынша NASA-дағы әріптестерімен бірлескен жоба жасап жатыр. Жан-жақты ғалым «Қашан елге келіп, еңбек етесіз?» деген сауалға былай жауап берді.


– Медицина, әсіресе ғылыммен айналысатын мамандар тапшы кезде Қазақстанға оралу – ел мүддесіне де қажет стратегиялық қадам. Бірақ мүмкін болса, сыртта жүрген жас ғалымдарды шақырып, оларға жайлы жағдай жасаған дұрыс деп ойлаймын. Болашақта Қазақстан үшін үшінші микроскоп жасағым келеді. Сонда біз глаукоманы, ЖҚА және басқа да ауруларды ерте кезеңде анықтай аламыз. Мен қазір елімізге ғана емес, бүкіл әлемге көмектесетін ғылыммен айналысып жатырмын деп санаймын, – деп түйіндеді әңгімесін ғалым.


Мөлдір СНАДИН

Тағы да оқыңыз: