Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қармақшы ауданында 2 дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсімі өтті.

Алдымен Ақжар ауылындағы жаңа нысан ашылды.

Аймақ басшысы  тұрғындарды Жаңа жыл мерекесімен және жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынуда. Бүгінде 15-нің құрылысы аяқталып, қызметін бастады. Бұған дейін Сырдария, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарында 7 және күні кеше Арал, Қазалы аудандарында 5 дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды. Міне, енді өздеріңізбен бірге Ақжар ауылындағы амбулаторияны ашамыз. Жақын күндері Дүр  Оңғар ауылындағы дәл осындай медициналық мекеме  жұмысына кіріседі. Бұл – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы, халықтың бекем бірлігі арқасында атқарылған жұмыстың жемісі», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада медицина саласының ардагері Асылбек Тоғызбаев алғыс айтып, жерлестерін құттықтады, ауыл ардагері  Бірлікбек Қойбағаров бата берді. Сондай-ақ, ауыл ажарын ашқан құрылысты салған «Бақ-Береке” мекемесінің өкілдері мен ауыл азаматтары марапатталды.

Айта кетейік, осы күні Ақжар ауылдық амбулаториясына «Қазақстан халқына» қорының біздің өңірге табыстаған жылжымалы медициналық кешені жетіп, тұрғындарға қызмет көрсетуді бастады. Бұған дейін кешен Арал, Қазалы аудандары және Байқоңыр қаласы тұрғындарын тексеруден өткізді. Ендігі кезекте Қармақшы ауданының халқына скринингтік тексеру жүргізеді.

Дәл осындай амбулатория Қармақшы ауданының Тұрмағамбет ауылында да ашылды. 
Одан әрі аймақ басшысы ауданға қарасты Қуаңдария елді мекеніне барып, осы және Алдашбай ахун ауылдарының тұрғындарымен кездесті.  Мұндай жүздесу Т.Көмекбаев ауылында да өтті. Шалғайдағы  елді мекен тұрғындарына ел Президентінің, Үкіметтің қолдауымен  жыл көлемінде атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар туралы айтып,  жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жаңа жыл қарсаңында ерен еңбегімен ерекшеленген азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.

Биыл облыс бюджеті 57 пайызға өсіп, 609 млрд. теңгеге жетті. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Оның ішінде медицина саласына 138 млрд. 600 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында 36 млрд. 400 млн. теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын Қан орталығы жақын күндері пайдалануға беріледі. Оған қоса  9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда.

Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, қалаға қарасты Досан елді мекенінде медициналық бекет, Жаңақорғандағы көпбейінді аудандық аурухана базасында балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ. Саланың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 5 млрд. 100 млн. теңге бөлінді.

FB_IMG_1703761704688.jpg

Тағы да оқыңыз: