Kyzylorda-news.kz. Биыл Арал ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Ғасырға жуық жыл ішінде аудан басынан талай қиындықты да шағаласы шулап, балығы тулаған бақытта шақты да өткерді. 80 мыңнан астам халқы бар еңбекшіл ел 23 ауылдық округқа бөлінген. Халықтың басым көпшілігі мал шаруашылғымен, балық шаруашылғымен айналысады. Соңғы жылдары егіншілікті де кәсіп етіп жүр. Еді ауданның құрылуы мен бүгінгі тыныс тіршілгі туралы сөз қозғасақ.
Бүгінгі таңда құндылықтарымызды қадірлеп, өткенімізді түгендеуге толықтай мүмкіндік туды. Бұрындары қазақтың қазақылығы мен тарихтың талай парақтарын еркін ақтарып, айтылмай қалған тұстарын ашық айта алатындай күн де болған. Мұның барлығы бір кездері тарихымызды жоққа шығаруға талпынған кеңестік сананың салқыны еді.
Расында қазақтың тарихы отыз жылдың көлемінде қалыптасқан жоқ. Оған көнеден келе жатқан естеліктер дәлел. Кейінгі ұрпаққа том-том болып жетер тарихы бар мекеннің бірі бүгінгі Арал қаласы.
Масудидің: «Балық өзені келіп құятын Джейнухом (Амудария) Тармидь, Испиран сияқты бірнеше салаға бөлініп, бір тарауы Хорасанмен көп қамалға айырылатын Ховарезм (Қият) қаласының төменгі жағымен Джоуджания (көне Үргеніш) жиегінде тұрған көлге құяды» деп жазған жазбасынан-ақ сол аталған көлдің Арал теңізі екенін аңғарамыз. Ал бұл жазба біздің дәуіріміздің 950 жылында жарық көргенін ғалымдар анықтаған. Ал 1800 жылдай бұрын өмір сүрген атақты грек оқымыстысы Кландин Птоломей өзінің «Алмагест» (Ұлы құрылыс) деген шығармасында жер шарының 27 бөліктен тұратын картасын жасаған. Оның 22-картасында Арал теңізі мен Каспий теңізі бейнеленген. Мұнда Зарафшан, Амудария (Оксус) өзендерінің Каспийге құйып жатқандығы көрсетілген.
Айта берсек мұндай деректер өте көп. Бірақ оқырманға осы екі жазбаның өзі анық дәлел болар. Ал бүгінгі тақырыбымыз осы тарихы терең мекеннің жаңа белесі жайлы болмақ.
Биыл Арал ауданының 95 жылдық мерейтойын тойлағалы отыр. Ғасырға жуық бұл уақытты атап өту әрбір аралдық үшін зор абырой. Ал осы жаңа кезеңнің қалай басталғаны жайлы аудандық архивтің басшысы Болат Қуатов:
– Арал ауданының 95 жылдығы расында ерекше мерейтой. Жергілікті халық үшін бұл тарихи мекеннің тағылымы жайлы терең түсінік беру, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз. Сондықтан кеңінен ақпараттық жұмыстар жүргізуді мен де қолдаймын. Бірақ тарихи оқиғалар қайталануы немесе соған ұқсас бір өзгерістің болуы мүмкін. Оған кездесіп те жүрміз. Естіп, көріп те жатамыз. Бірақ тарих қайталанбайды. Оcы бұрмалауға, ақиқаттан аттауға болмайды. Тарихты өзгерту кешірілмейді. Біз соған қатты мән береміз, – дейді.
Расында солай. Біз де архив басшысының деректеріне сүйене отырып, газет оқырмандарына Аралдың құрылуы жайлы ақпарат беруді жөн санадық.
Арал ертеректе Қазалы уезінің құрамында болғаны жайлы көпшілік біледі. Бұл жайында жиі айтылып, жазылған. Бір кездері Аралдан шыққан батырлар мен тұлғалар Қазалы уезінде туған дерекке сәйкес оны Қазалынікі деген ақпараттар таратылып, Аралдың тумасы екені де талай тартысқа түскен болатын. Мәселен, Кеңес Одағының батыры Мақаш Балмағамбетовтің де туған жері Қазалы деген дерек те кейін дәлелденіп, Аралда туғаны нақтыланды.
– Міне, 1923 жылы 3 наурызда сол Қазалы уезінің құрамына Арал болысы қосылған. 3 жылдан кейін нақтырақ 1926 жылдың 11 наурызында атауы Арал қыстағы болып ауысады. 1927 жылдың 1 қазанында Арал қаласы станса атағын алады. Сол жылы 17 қаңтарда Қазалы уезінің таратылғанына байланысты Арал қаласы 1927 жылдың 1 қазанында құрылды деп айтуға болады, – дейді Б.Қуатов.
1928 жылдың 3 қыркүйегінде Қазалы уезі құрамындағы Арал және Қамыстыбас болыстығынан Арал ауданы құрылады. Бұл туралы ВЦИК – Бүкілресейлік орталық атқару комитеті бекіткен.
Бірақ араға 4 жылдай уақыт салып 1932 жылы 20 ақпан күні көршілес Ақтөбе облысының құрылуына байланысты Арал ауданының орталығы Арал қаласы Ақтөбе облысының қарамағына кірді. Бұл жайында жоғарыда аталған комитет 1932 жылдың 10 наурызда бекітті.
Міне, сол уақыттарда, яғни 1934 жылы Арал қаласынан бөлек 19 ауылдық кеңес Ақтөбе облысы құрамындағы Арал аудандық кеңесінің құрамында Ауан, Бөген, Бекбауыл, Жалаңаш, Қамбаш-Аман, Қамыстыбас, Көзжетпес, Көкарал, Қаратерең, Құланды, Мұрынши, Райым, Сайғонды, Сексеуіл, Сарбасат, Сапақ, Ұзақбайсор, Ұзынқайыр, Ұялы кеңестері болды. Сол жылғы есеп бойынша Арал аудандық кеңесі құрамында барлығы 11019 шаруашылық саны болса, халық саны 45163-ке жеткен.( Болат Қуатов осы тұста «Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында тарихи маңызы бар жер атауларын нөмірлерге ауыстырды. Сол кездегі метрикалық кітаптарға ауылдың аты жазылмай, нөмірмен берілген. Бұл да тарихи сананы жою, діни ұғымдарды адам санасынан өшірудің бір тәсілі болды» дейді.
Сондай-ақ бұл нөмірлер арқылы жоғарыда сөз еткен Мақаш Балмағамбетовтің Аманөткел елді мекенінде туғанын анықтағанын да айтты. Деректерде Қазалы уезі, 17 ауылда дүниеге келген деп берілген ақпарат бойынша, 17 саны Аманөткел елді мекеніне сәйкес келетіні анықталған.
Ал КСРО Жоғарғы Кеңесі сессия шешімімен Қазақ КСР Президиумы Орталық Кеңесінің 1938 жылғы 15 қаңтарда «Облыстардағы аудандық әкімшілік -аумақтық бөліну» туралы қаулысына сәйкес Ақтөбе облысынынан Жаңақорған, Қазалы, Қызылорда аудандары бөлініп, Қызылорда облысы құрылды. 15 қаңтарда 1938 жылы Арал ауданы Қызылорда облысының солтүстік-батысындағы аудан ретінде қабылданды.
СОКП Орталық комитетінің 1962 жылғы қарашадағы пленумы шешімінің негізінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1962 жылдан бастап өндірістік қажеттілікке орай кеңес органдарын тарату және республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінуін өзгерту жөнінде бірнеше өкімдер қабылдаған. Сол өкімдер нәтижесінде республикада көптеген өзгерістер орын алды. Нақтырақ айтар болсақ, соның нәтижесінде үш аймақтық, 14 облыстық (ауылдық), облыстық (өнеркәсіптік) және 1 облыстық (бірыңғай) еңбекшілер депутаттары құрылды.
Сол жылы құрылған Оңтүстік Қазақстан аймағына Жамбыл, Қызылорда, Шымкент облыстары қарады. Осыған байланысты 1962 жылы Арал ауданы тағы да таратылып, Қазалы ауданына қараған делінген деректер бар.
Бірақ көп ұзамай Арал аудан ретінде қайта құрылады. Бұл жайлы деректе «ауыл шаруашылығын мамандандыру, аудандық звеноларды колхоз, совхоздарға жақындастыру, сонымен қатар елді мекендерге мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында 1964 жылдың соңында облыстағы аудандарды қайта бөлу басталды. 1964 жылдың 23 қазанында Еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық кеңесі және оның атқару комитетінің №322 шешімімен Арал ауданы қайта құрылды» (Қазақстан әкімшілік-аумақтық территориялық бөліну анықтамалығы, Алматы қаласы, 1959 жыл, 112.162,221. Қызылорда облысының әкімшілік аумақтық бөліну анықтамалығы 8,9,10 парақ)
Ал Арал ауданының бүгінгі тұрмысы түзу, дамудың даңғыл жолына түскен.
– Жыл басы ауданы үшін берекелі, табысқа толы болды. Өңірде түйткілді мәселелер ретімен шешімін табуда. 7 макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім орын алды. Қай өңірдің болмасын дамуына бірден бір себеп болатын жағдай инвестиция көлемінің артуы және тиімді ұйымдастырылған жұмыс екені баршамызға аян. Осы ретте жан-жақты зерделеніп, оң шешімге бастайтын аудандағы инвестицияның жағдайын аудан әкімі төмендегіше хабарлады.
– Жыл басынан бері ауданға 7,7 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, өсім 2 есеге артты. Тартылған инвестицияның 75 проценті, яғни 5,8 млрд теңгесі ауылдық жерлерге, қалған 1,9 млрд теңгесі Арал қаласына салынған. Оның 2 млрд теңгесі білім беру саласына, 2 млрд теңгесі көлік және қоймалау саласына, 1,7 млрд теңгесі жылжымайтын мүліктермен операциялар саласына, 1,6 млрд теңгесі өнеркәсіпке тартылған. 2022 жылы 16,7 млрд теңге инвестиция тартылса, 2023 жылға 24 млрд теңгедей инвестиция тарту жоспарымызда бар. Оның ішінде жеке сектор қаражаты есебінен 10 млрд теңгеге жуық қаржыға 14 жобаны іске асыру көзделуде, – деді аудан әкімі С. Сермағамбетов.
Ал қаржы-салық саясаты жайында «биылғы жылдың бюджеті 18,5 млрд теңгеге жетіп отырса, есепті кезең ішінде ауданның барлық кірістері, трансферттерді қоса алғанда 7 млрд теңгені құрап, 103% артық орындалды. Оның ішінде өз түсімдеріміз 1753,0 млн теңгені құрап, 13% артық орындалып, алты айдың көрсеткіші жылдық жоспардың 55%-ын құраса, даму бюджетіміз 11,6 млрд теңгеге жетті» деп атап өтті.
Ауданның дамуында тағы бір жетекші орын алатын бағыттардың бірі өнеркәсіп саласы. Бұл негізде атқарылған жұмыстар көңіл көншітеді. Аудандағы өнеркәсіп орындары 13,6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 5,9% өсім көрсеткен. 472,5 мың тонна тұз, 75,9 мың текше метр табиғи құм қазылып, 135 мың тонна йодталған тұз, 531 тонна нан және нан өнімдері өндірілген.
Бұл оң өзгерістер ауданның оң нәтижеге жетуінің тетігі болып отыр. Осы ретте ауданға қарасты бірқатар ауылдардың да даму көрсеткішін саралап өтсек дейміз.
Ауданға қарасты шалғайдағы ауылдық округтардың бірі Атанши ауылдық округі. Бүгінгі күні мемлекет тарапынан ауылды дамыту, сонымен бірге ондағы тыныс-тіршілікті кеңейту мақсатында көптеген мүмкіндіктер берілген. Айдынды Арал өлкесінің төскейіндегі ауылдарының тіршілігі де уақыт санап дамып келеді. Оның ішінде ауылдағы құрылыс нысандары мен кәсіпкерлік саласы, сондай-ақ егін және мал шаруашылығы да қалыс қалған емес. Ендеше бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған Атанши ауылдық округінің тіршілігі жөнінде айтпақпыз. Жалпы ауылдық округтің тіршілігі қалай жүріп жатыр? Ондағы мал шаруашылығыныңдаму қарқыны қалай? Міне, осы сынды сауалдардың жауабын іздемекпіз.
Атанши ауылдық округінің орталығы Жіңішкеқұм елді мекенінде жалпы халық саны – 436 . Сонымен бірге жер көлемі 8147 гектар болса, 80 жеке қожалық бар. №218 білім ордасында 121 оқушы білім алып еледі. Атаулы мектеп 2018 жылы 10 миллион теңгеге қайта жөндеуден өткен. Сонымен бірге ауылдық округте әкімшілік ғимараты, медициналық пункт, мәдени клуб пен кітапхана, балабақша мен тұрғындарға қызмет көрсететін сауда орталықтары жұмыс істейді.
1976 жылы бой көтерген ауылдық округ бүгінгі күні әр сала бойынша біршама дамыған. Округ мал азығын дайындауда аудан көлемінде 20 пайызын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар 10 трактор, 10 жүк көлігі, 45 жеңіл жеке көлік және 1 жедел жәрдем көлігі бар.
Ауылдық округтың жыл санап экономикалық жағдайы да жақсарып келеді. Биылғы жылы «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша 4 адам онлайн түрде оқу курсынан өтті. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы бойынша 2 адам грант ұтып алып, 21 бас қой өсіріп келеді. Сондай-ақ қоғамдық баня ашып, кәсібін әрі қарай дамытуда.
Ауылдық округте 98 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ 80 отбасы үй телефоны және ұялы байланыспен қамтылған. Атаулы окуругтың негізгі бағыты мал шаруашылығы. Иә, қай ауыл болмасын, ондағы тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысатыны белгілі.
Бүгінде МІҚ 2305, қой-ешкі саны – 8098, жылқы – 890, сондай-ақ түйе – 837. Жалпы 12 130 мал басы бар. Мал басы жыл сайын 9-10 пайызға артып келеді екен. Округ көлемінде аудан орталығына мал өнімдерін, яғни ет, сүт, шұбат сынды тағамдар ұсынылуда.
Атаулы ауылдық округте электр энергиясымен 5 миллион ауыл ішілік жарықтандыру толық қамтамасыз етілген. Тұрғындарға 2,5 миллион теңгеге ауыз шахтылы құдық, мал суару бағытында 17 миллион теңгеге қазылған. Қарқынды дамып келе жатқан ауылдық округте 8 шаруа қожалығы мен 11 дара кәсіпкер бар. Аталған қожалықтар 40 миллион теңгеге несиелендіріліп мал басын ұлғайтуға күш салуда.
Байқағанымыздай, ауылдық округке мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндік те, мал шаруашылығын дамытуға арналған көмек те жетерлік. Қазіргі күні күн санап көкжиегі кеңейіп келе жатқан ауылдық округтің жағдайы біршама деңгейге көтерілген. Алдағы уақытта да әрі қарай дамып, мал шаруашылығы бойынша ел экономикасын дамытары сөзсіз.
Іргелі округтардың бірі - Мергенсай ауылдық округінің құрамында - Жалаңаш, Тастүбек елді мекендері бар. Ауылдық округте мешіт, орта мектеп, балабақша, клуб, кітапхана, медициналық пункт және ветеринариялық пункт, пошта, телефон байланысы халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 2 кәсіпкер 6 млн.теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, жұмыс жасауда.
«Бастау Бизнес» оқыту курсы бойынша 5 адам оқып сертификаттарын алды. Оның ішінде, 1 кәсіпкер «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығынан» монша ашу жұмыстарына 1,8 млн.теңге, ал 2-ші кәсіпкер балық аулау құралдарын сатып алуға 2,0 млн.теңге несие алды.
1 кәсіпкер автокөліктерге техникалық қызмет көрсету мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 1,3 млн.теңге несие алып, жұмысын жүргізуде. Кәсіпкерлікті жүйелі түрде жолға қойған ауылдық округтің Тастүбек елді мекенінен 1 жеке кәсіпкер «Бизнес кеңесші» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негізін оқып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы түйе малын өсіру үшін 3 млн теңге шағын несие алды. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 1 адам оқуын аяқтап, бизнес жобасын қорғап, жыл соңына дейін ауыл орталығынан «Вулканизация» ашу үшін 2 млн теңге несие алуға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» құжаттарын толығымен тапсырды. «Құлан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Н.Имағамбетов жылқы малын асылдандыру мақсатында 2 млн теңге несие алды. Қысқа мерзімді кіші кеме жүргізушісі мамандығына аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 2 адам оқып, балық аулау жұмыстарына жіберілді. Жастар тәжірибесі арқылы 2 жас маман мектеп және бөбекжайға жіберіліп, оның ішінде 1 жас маман мектепке тұрақты жұмысқа қабылданды. Округ орталығы Жалаңаш ауылынан «Арал СДО сервистік орталығы» ЖШС балық қабылдау орталығын салуға 2000 шаршы метр жер алып, құрылыс жұмыстарын бастады.
Аудандағы іргелі ауылдардың бірі болып саналатын Қамыстыбас ауылдық округі туризімнің ошағы. Округ төңірегінде мұнан да басқа ауыз толтырып айтарлықтай толымды істер жетерлік. Кеңінен тоқтала кетер болсақ, округте 3 адам «Бастау Бизнес» оқу курсын оқып, сертификат алды. «Аққұмшық» жағажайынан «Сыр-Маржан» ЖШС көлге демалушыларға 10 демалыс нысанын салса, жеке кәсіпкер «Бекетова Күләш» «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы монша салу жобасына 5 млн. теңге несие алып, құрылыс жұмыстарын аяқтады. Жеке кәсіпкер Гүлсім Ахметова мал бордақылау алаңын салуға жоба дайындап, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 3 млн. теңге несие алуға құжаттарын тапсырды. Жеке кәсіпкер Ұлмекен Шалабаева «Ұлттық нақышта киім тігу және қалпына келтіру бойынша цех ашу» жобасын дамыту мақсатында 1 млн. 126 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алды. Жеке кәсіпкер Жанболат Үмбетов өз қаражаты есебінен ағаш өнімдерін өңдеу және пластик есік-терезе жасау цехын ашып, халыққа қызмет көрсетуде.
Жетес би ауылдық округі дамудың даңғыл жолында. Бұл округте де тыңғылықты жұмыстар жетерлік. Шалғайда жатқан бұл ауыл да мемлекеттің қолдауына ие болды. Көптен көтеріліп келе жатқан ауыл тұрғындарының басты мәселе болып саналатын жаңа ауылдық медициналық пункт іске қосылып, бүгінгі күні ел игілігі үшін жұмыс жасап келеді.
Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар аясында жеке кәсібін бастап, ісін дөңгелетіп отырған жандар бар. Нақтырақ айта кетер болсақ, «Сыбаға» , «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары аясында ауыл тұрғыны Н. Қалыбаев бір бас асыл тұқымды бұқа алып, түлікті асылдандыру бағытында жұмыс жүргізсе, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарлама аясында ауыл тұрғыны К.Құлжанова жылқы малын өсіруге төмендетілген пайызбен 3 млн теңге несие алды. Ақбасты елді мекенінде балық сақтайтын цехтың іргетасы қаланған болатын. Бұл цехтың да аудан экономикасының артуына септігі мол.
Сексеуіл кенті – Арал қаласынан кейін көлемі жағынан екінші орында. Арал ауданынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Сексеуіл кентінің халық саны 12 мың 350 адамды құрайды. Кент 1937 жылы құрылған. Қазіргі таңда кентте 2600 отбасы тіршілік түтінін түтетуде. Тоғыз жолдың торабына баланған Сексеуіл тіректі елді мекенге 5 елді мекен қарайды.
Халық саны көрсеткіші бойынша Республика, облыс көлеміндегі кейбір аудан орталықтарындағы тұрғындар санымен теңесетіндей ірі елді мекендердің бірі. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына кенттегі бюджеттік және теміржол мекемелері және жеке кәсіпкерлер де өз үлестерін қосуда. Сексеуіл кенті тұрғындарының 70 пайызға жуығы ел экономикасының күретамыры болып табылатын теміржол саласында жұмыс істейді.1980 жылдары 1500 адамға дейін жұмыспен қамтыған құрылым 2000 жылы локомотив пайдалану және жөндеу депосы болып екіге бөлінді. Ал 2004 жылы Сексеуіл пайдалану локомотив депосынан ТҚҚ-2 техникалық байқауы өтетін «Локомотив Сервис орталығы» АҚ болып бөлініп шықса, 2016 жылы осы депоға қайта қосылды. Бүгінде жолаушылар тасымалын да жүргізіп келе жатқан депоның табысты еңбек етуінде бүкіл ұжымның еңбегі ерекше. Мұнда тіпті өмірін темір жолмен байланыстырып, 40 жылдан аса қызмет жасаған жандар да көп.
Кентімізде халық саны 12350-ді құраса, экономикалық белсенді халық саны – 6091, оның ішінде 3254 адам жұмыспен қамтылған. 2718-і өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырса, ал 42-сі мал шаруашылығымен, 533-і сауда саласында, 50-і қоғамдық ақылы жұмыспен қамтылған.
Қазіргі таңда кентте базар, сауда қатарлары, шаруа қожалықтары, жанармай құю бекеті, дәріханалар, тігін цехы, шаштараз, тойхана, «Актив» және «Вееline» жүйесі, телекоммуникация мекемесі және де басқа мекемелер халыққа қызмет етуде.
Іргелі білім ұяларына қамқорлық та ерекше. Кентте №177, №87, №231, №283 орта мектептер балаларды білім нәрімен сусындатуда. Иә, тәуелсіздіктің 30 жылдығында қол жеткізген жетістік жетіп артылады. Кенттің көкжиегі кеңейіп, Тербенбес тауының баурайында серпінді істер жыл сайын көрініс табуда. Осының бәрі Мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен өркен жайған Қазақстанның жемісті жолы екені даусыз.«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сексеуілде кентішілік ауызсу құбырлары қайта жаңғыртылды. Бүгінде сексеуілдіктер тәулік бойы сапалы ауызсуды пайдалануда.
Мемлекеттік бағдарламалардың да орындалуы көңіл көншітерліктей. Атап айтсақ, мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды істер тындырылуда. Кентімізде 1 мемлекеттік, 3 жеке балабақшаға 580 бала қамтылған. Сондай-ақ күніне 100 адамды қабылдайтын емхана, 150 орындық мәдениет үйі халыққа мінсіз қызмет етуде. Енді кентте мәдени саясатты жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалып отыр. Жылдағыдай биыл да тірек елді мекенінде шағын және орта кәсіпкерлік жұмысы жандандырылып келеді. Бұл бағытта бүгінгі таңда 612 кәсіпкер нақты жұмыстарын жүргізуде. Атап айтсақ, жеке кәсіпкер Ақтан Жұбатов Говоров көшесінің бойынан «Даму» банкінен 4 млн теңге несие алып, отбасылық дәмханасын ашып, 2 адамды жұмыспен қамтыса, жеке кәсіпкер Эльмира Жұмағазиева 1 млн 225 теңге грант алып, өз қаражатынан 1 млн теңге қаржы жұмсап, Привокзальная көшесінің бойынан сүт өнімдерін өндіру цехын ашып, 3 адамды жұмыспен қамтыды. Ал жеке кәсіпкер Қасым Айменов өз қаражатынан 100 млн теңге жұмсап, «Даму» банкінен ішкі айналымына 30 млн теңге несие алып, наурыз айында Бүкірек батыр көшесінің бойынан «Абылай хан» сауда үйін ашып, 5 адамды жұмысқа қабылдаса, жеке кәсіпкер Нұргүл Алдабергенова Бүкірек батыр көшесінің бойынан наубайхана цехын ашып, 3 млн 500 мың теңге несие алып, 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ жеке кәсіпкер Сара Рысбаева Бигелдинов көшесінің бойынан 13 сәуірде азық-түлік дүкенін ашып, 2 адамды жұмыспен қамтыды. Кенттен 10 азамат қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсіптерін жалғастыруды жоспарлауда.
Жыл сайын оң өзгерістер орын алып, қашан да сапалы нәтиже үшін жұмыс жасап келеміз. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде еліміз еңсесін тіктеп, кемелдікке бет бұрды. Сол еңселі егемендіктің арқасында жасампаздыққа, жаңашылдыққа ұмтылдық. «Ауылдың дамуы – тұтас мемлекеттің дамуы» деген қағиданы басты нысана етіп, Мемлекет басшысының ел дамуы бағытында берген тапсырмаларының үдесінен шығып келеміз. Бұл сөзімізге кентіміздегі ауқымды істер мен толымды тірліктер айқын дәлел бола алады. Мәселен, қазіргі таңда өзім басқарып отырған кенттің әлеуметтік жағдайы жылдан-жылға дамып келеді. Атап айтар болсақ, 2022-2023 жылдар аралығында кентішілік газ құбыры жүргізіліп, АГТС құрылысы қолға алынып, осы жылдың аяғына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар тұралап қалған 40 төсектік аурухана құрылысы жалғастырылуда. Өткен жылы кенттегі Бүкірек батыр көшесіне 2 км асфальт жабындысы жүргізілсе, биыл 1,4 км асфальт жабындысы төселіп, толығымен аяқталды.
Ауылдардағы тұрмыс-тіршілікті жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл кентішілік 6 көшеге (Б.Майлин, А.Маханов, Б.Айхынов, І.Жансүгіров, К.Байсейітова, Ж.Жабаев) орташа жөндеу, асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Темір жолдың арғы бетінде орналасқан №283 орта мектебінен бастап, теміржол өткеліне дейін ұзындығы 3,5 шақырым жарық шамдар орнатылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Айта кетерлік тағы бір жайт, осы жылы орталық алаңда спорт мектебінің маңынан жас жеткіншектерге арнап стадион құрылысы салынуда. Жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.
Округ бойынша әр түрлі салада шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер жұмыс істеуде. Осы бағытта еңбек етіп, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған тұрғындар баршылық. Олар мемлекет қамқорлығын сезініп, тұрмысын түзеуде.
Тірлігінің тұтқасын төрт түліктен тапқан тұрғындар үшін ауыл шаруашылығы да аса маңыздылыққа ие. Иә, бәсекелестік басым уақытта санға емес, сапаға жұмыс жасауды басты мақсат етіп отырған жайымыз бар. Білім беру, емдеу мекемелерінің материалдық базасын нығайту қолға алынды. Бұл үрдіс ұзақ жылдар бойы өз жалғасын тауып келеді.
Ел дәулеті мен сәулетіне өз үлестерін қосуды мұрат тұтқан кент тұрғындарының басты мақсаты – кентті уақыт талабына сай дамыту. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қанатты қағидаға сүйеніп, ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесіне жүгініп, бірлігімізге сызат түсірмеу жолында ынтымағымыз жарасқан күйі кемел келешекті бетке ала береміз деген сенімдеміз. Алдағы уақытта кент тұрғындарына үй құрылысын жүргізу мақсатында жер телімдерін беру үшін инфрақұрылым тарту, тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигон, өрт сөндіру бекетін және спорт және балалар алаңын салу сынды және де басқа атқарылатын ауқымды істер күтіп тұр.
Иә, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалар бүгінгі күннің талабы екенін білеміз. Экономикалық реформаларды кешенді жүзеге асыруда бұдан былай да кент тұрғындары сүбелі үлестерін қосып, өз деңгейінде жұмыстарын жандандыра беретін болады.
Бүгінде халықтың ас тұзына қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде іргелі кәсіпорындар саны баршылық. Аудан аумағында да дүйім дүниеге танылған Жақсықылыш кентінде ғасырға жуық халық игілігіне жарап келе жатқан «АралТұз» АҚ мекемесі баршамызға таныс болар. Бүгін осы қалың көпшілік қажеттілігіне жарап отырған ас тұзы шығатын өңір жайында сөз қозғамақпыз.
Аудан орталығынан 15 км қашықтықта орналасқан Жақсықылыш кенті 1941 жылы құрылған. Бүгінде кент аумағы түрлі сала бойынша жоғары деңгейде дамып, көпке үлгі болып келеді. Атаулы кенттің халық саны – 4976-ды құраса, оның ішінде экономикалық белсенді халық саны – 21647.
Ел болашағын қозғаушы күштердің бірі – жастар. Олардың бүгінгі алған білімі ертеңгі болашаққа айтарлықтай пайдасын тигізері де сөзсіз.«Ауыл – алтын бесік» республикалық жобасы аясында №19 орта мектебіне жапсарлас 100 орындық қосымша оқу ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар кентте жаңадан салынатын 300 орындық мектеп құрылысына жер телімі бөлініп отыр екен.
Кенттің ауылшаруашылық саласы жұмысына назар аударар болсақ, бүгінгі күні кент бойынша 3000-ға жуық мүйізді ірі қара, 2000-ға жуық жылқы, 2300-ден аса түйе малы, 4500-ден аса қой-ешкі өсірілуде. Мал шаруашылығымен 29 шаруа қожалық, 20 дара кәсіпкер айналысса, қалғаны жеке тұрғындардың үлесінде екен. Сонымен бірге ауылшаруашылық саласы бойынша 4 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынған. 2 шаруа қожалығы («Бексұлтан» және «Ер-Нұр» ШҚ) 100 аналық сиырға субсидия алып, тұқымдық түрлендіру бойынша грант жеңіп алған. Сондай-ақ үстіміздегі жылы төтенше жағдайды алдын алуды қаржыландыру резерві есебінен жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында жаңадан 2 су ұңғымасы қазылып, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасалып жатыр.
Ел экономикасын дамытушы кәсіпкерлік саласы да атаулы кентте жүйелі даму үстінде. Мәселен, кент бойынша 1 акционерлік қоғам, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктесігі, 125 жеке кәсіпкер тіркелген екен. Оның ішінде 27 азық-түлік дүкені, 5-еуі қызмет көрсетумен (шаштараз, әсемдік салоны)айналысады. Сонымен қатар кентте 2 сауда үйі (мини-маркет) ашылып, ағымдағы жылдың өткен мерзімінде ЖК «Жалғасбаев А» кенттен дәріхана және май құю бекеті жұмыс жасауда. Сонымен қатар Қызылорда өңірлік инвестициялық даму орталығы арқылы 140 орындық «Асылым» жеке бөбекжай-бақшасы өз жұмысын бастап кеткен. ЖК «Жалгасбаев Н» шағын құс фермасын ашып, қазіргі таңда тауық етін (бройлер) шығарып, тұрғындарға ұсынып келеді. Жеке кәсіпкерлер жылыжай, қоғамдық монша салу және тағы да басқа кәсіп түрлеріне қызығушылық білдіріп, жоспарлап қойған. Бүгінгі күні атаулы жұмыстың алдын ала дайындау жұмыстары жүргізіліп келеді.
Жақсықылыш кентінде әлеуметтік инфрақұрылым және абаттандыру жұмыстары бойынша біршама жұмыстар атқарылған екен. Бүгінде ауылдағы халыққа қажет әлеуметтік инфрақұрылымдарға қатысты біршама мәселелер шешімін тапқан.
– Кент бойынша жалпы 874 үй электр қуатымен қамтылса, барлық үй ауызсумен қамтамасыз етілген. 2020 жылы кентке газ желісі жүргізіліп, 789 тұрғын үй газ жүйесіне қосылды. Ұзындығы 8,7 шақырымды құрайтын 17 көше жаңадан асфальтталып, 211 электр бағаналарына заманауи светодиодты шамдары орнатылды. Сондай-ақ жаңадан жеке тұрғын үй салу үшін 60 гектар жер учаскесіне инфрақұрылым жүргізу жұмыстары оң шешімін тауып, алдымыздағы жылы тиісті жұмыстарды жүргізу мақсатында іс-шаралар қабылданды. Өткен жылы кент мешітінің бастамасымен ауыл жастары мен кәсіпкерлердің демеушілігі арқылы ауылдық мешіт үйі кеңейтіліп, күрделі жөндеуден өткізілді, – дейді кенті әкімі П.Берсүгіров.
Атаулы кентте бұқаралық спортты дамытуға үлкен мән беріледі. Ауыл жастарының бастамасымен ашық спорт алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар кентте үкіметтік емес ұйымдар – ардагерлер алқасы, жастар және қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы орайда ауылдың саяси-қоғамдық, мәдени өміріне кеңінен араласып жүрген ардагер Б.Жұбаниязов, қоғамдастық жиналысының төрағасы О.Әбдікеров сынды кісілер ауылдың өсіп-өркендеуіне зор үлестерін қосып келеді.
Байқағанымыздай, Жақсықылыш кентінің тыныс-тіршілігі кеңейіп, халық саны да біршама артқан. Тек тұз өнімімен ғана емес, алдағы уақытта ауылдың жүйелі жұмыстарымен де елімізді таңғалдырары сөзсіз. Мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктер арқылы да ауыл тіршілігі дами бермек.
Айдынды Арал өлкесінің тарихына үңілер болсаңыз теңізбен тамырлас мекеннің төскейіндегі ауыл тіршілігінен де хабардар болғаныңыз жөн. Ендеше бүгінгі күні аудан орталығынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан Бөген ауылдық округі жайында сөз қозғамақпыз. Атаулы ауылдық округ 1921 жылы бой көтеріп, құрамына Бөген және Қарашалаң елді мекенін кіргізеді. Жалпы ауылда 315 тұрғын үй болса, 1818 халық тұрады.
Ауыл тұрғындарының негізгі тіршілігі – балық пен мал шаруашылығы болып отыр. Балық аулау маусымында «Бақыт» шаруа қожалығы, «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС және де Қарашалаң елі мекеніндегі «Қарашалаң сервистік дайындау орталығы» ЖШС күніне қатарынан 50 тонна балық, сондай-ақ 400 тонна балық сақтайтын мұздатқыш цехтары жұмыс жасап келеді.
Қай ауыл болмасын олардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы екендігі белгілі. Ауылдық округ бойынша осы жылдың қараша айында 2460 бас мүйізді ірі қара, 3380 бас уақ мал, 1467 бас жылқы, сонымен бірге 424 бас түйе малы тіркелген екен. Олардың жалпы саны – 7731 құрап отыр. Оның ішінде биыл «Жасыл дәліз» бағдарламасы бойынша 90 бас мүйізді ірі қара және де 30 бас түйе тіркеуге алынған.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары бойынша округ көлемінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді екен. 13 ауыл тұрғыны 10 гектар жерге көкөніс дақылдарын егу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар округте жаңа су айдау насосы пайдалануға берілді. Ендігі кезекте егін егу жұмыстарына қызығушылық білдіріп отырған ауыл тұрғындары бақша дақылдарын егуді қолға алмақ.
Бүгінгі күні атаулы ауылдық округте «Тұщы-2» көлі мен Кіші Арал теңізі аралығында орналасқан Сарытерең (Арық) каналын қазу жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен бірге аталған каналды қазу жұмыстарын Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су Ресурстары Комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Қызылорда облысы бойынша филиалы жүргізуде екен.
Тағы айта кетерлік ақпарат, округке қарасты «Тікаша», «Домалақ», «Насос көлі» каналдарын қазу, тазарту жұмыстары өз мәресіне жеткен. Алдағы уақытта «Сафон» каналын қазу, сондай-ақ «Тәуір» бөгетін биіктету жұмыстары қолға алынбақ.
Өңірдің өсіп-өркендеуінің басты себептерінің бірі – жол құрылысының сапасында екендігі анық. Бөген-Ақлақ бағытындағы өтпелі 20,52 шақырымды құрайтын автожолына жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен бірге бүгінде 12 шақырым жолға асфальт төселіп, Бөген-Аманөткел бағытындағы автожолдың бүлінген аумақтарына орташа жөндеу жұмыстары да жүріп жатыр.
Бөген ауылдық округінде ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген жандар да баршылық. Мәселен ауылда жеке кәсіпкер Болатпек Алипов өз қаражаты есебінен балабақша құрылысын аяқтап, пайдалануға берді. Сонымен бірге жеке кәсіпкер Ғарифолла Смағұлов өз қаражаты есебінен 200 орындық мейрамхана құрылысын тәмәмдап, қалың көпшілікке пайдалануға берді. Сондай-ақ жеке кәсіпкер Б. Енсепова май құю бекетінің құжатын толық рәсімдеп, жұмыс істеуде. Айта кетейік, ауылдық округ бойынша 3 ауыл тұрғыны қайтарымсыз грант алып, қаржыландырылған болатын.
Бөген ауылдық округінің даму барысымен де таныс болдық. Атаулы ауыл тынымсыз тіршілігінің арқасында ілгері дамып келеді. Тұрғындарға да мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктер де баршылық екеніне тағы көзіміз жетті. Ендігі кезекте алдағы уақытта балық пен мал шаруашылығын тіршілік көзіне айналдырған ауыл тұрғындарының ел дамуына қосатын үлестері зор екендігіне сенеміз.
Міне, теңізді өлкенің берекелі тұрмысы туралы біз бүгін жан-жақты зерделедік. Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулардың арқасында оң нәтижеге қол жеткізіп отырған ауданда атқарыла істер мен жоспарлы жұмыстар көп-ақ. Бәрі уақыт еншісінде.