Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 182 адамға жетті. Соңғы тәулікте анықталған 3 жағдайдың мән-жайы туралы бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 182 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 3 жағдай анықталды. Оның екеуі – Қызылорда қаласынан, біреуі – Қазалы ауданынан. Бұл науқастардың барлығы алдында анықталған науқастармен жақын қарым-қатынаста болып, карантиндік бақылауда болғандар. Қазалы ауданының тұрғыны Атырау облысында вахталық әдіспен жұмыс жасап келген. Сондай-ақ, соңғы тәулікте 11 науқас жазылып, отбасыларына оралды», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 182 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 2830. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1495, потенциалды байланыста болғандар – 1335 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 72, правизорлық стационарда – 54, карантиндік стационарда – 452 адам бақылауда.

Бүгін Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияның алғашқы жағдайы тіркелгеніне тура 1 ай болды. Брифингте басқарма басшысы осы 1 айдың ішіндегі ахуалға тоқталды.

Оның айтуынша, аймақтағы қауіпті індетті жұқтырған науқастардың жасы – 0 мен 87 жас аралығында. Күні бүгінге дейін облыста 93 ер адам, 89 әйел адам осы індетке шалдыққан.

«Қазіргі таңда өңірдегі 1 науқастың жағдайы ауыр. 10 науқастың жағдайы орташа ауырлықта. Ал, 171 науқастың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Бүгінге дейін осы инфекцияны жұқтырған 182 науқастың 16 – студент, 18 – мектеп оқушылары, 22 – зейнеткер, 44 – жұмыс жасайтындар, 49 – жұмыссыз тұрғындар, 26 – медицина қызметкерлері, 7 – балалар. 26 медицина қызметкерлерінің 4-еуі – дәрігер, 14 – медбикелер», – деді ол.

Сондай-ақ, бүгінге дейін правизорлық стационарда – 284, карантиндік стационарда – 1551 науқас ем қабылдаған. Облыста барлығы 245 – правизорлық, 920 – карантиндік төсек-орын дайындалған. Қазіргі таңда оның 50%-ы – бос тұрған көрінеді.

«Ұлттық сараптама орталығының облыстағы филиалында 3 сараптамалық ПТР, 1 жылжымалы ПТР аппараты жұмыс жасауда. Осы аппараттар арқылы тәулігіне 500 сынама тест жасауға мүмкіндік бар. Бір айдың ішінде облыста барлығы 9527 сынама тест жасалған», – деді Ж. Әбілқасымұлы.

Айта кетейік, бүгін Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың саны 182 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.

Тағы да оқыңыз: