Kyzylorda-news.kz. Бүгінде аймақта короновирус індетінің эпидемиологиялық ахуалы тұрақты деп бағаналуда. Дегенмен, халық арасында ауа арқылы берілетін инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес, адам көп шоғырланатын орындарда, сауда орталықтарында, қоғамдық көліктің барлық түрінде медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануға ұсыным берілді. Ал, медициналық ұйымдарда міндетті түрде маска тағу және антисептиктердің болуы енгізілді. Бұл туралы облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова мәлімдеді.
-Ақпан айының 8-і күні еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің барлық аймақта профилактикалық шараларды күшейту туралы қаулысы енгізілді. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда еліміздің бірқатар аймақтарында атап айтқанда, Алматы, Астана, Шымкент өңірлерінде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал күрделеніп барады. Дегенмен, біздің облыстағы жағдай тұрақты. Жыл басынан бері коронавирус инфекциясының 37 дерегі тіркелді. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі Қызылорда қаласының үлесінде болып отыр. Бұдан бөлек, күз, қыс, көктем мезгілдері жіті респираторлы вирусты инфекциялардың эпидемиологиялық маусымы болып саналады. Осыған сәйкес, облыс көлемінде ЖРВИ-дің 16 514 жағдайы есепке алынды. Ауруға шалдыққандардың 65,3 пайызы 14 жасқа дейінгі балалардың арасында таралған. Аталмыш аурудың алдын алу мақсатында биыл 84 430 доза вакцина алынып, тиісті контингенттер тұмауға қарсы екпе қабылдады, - деді Динара Олжабайқызы.
Облыстың бас санитар дәрігері жеке бас гигиенасын сақтауды, үй-жайларда ылғалды тазалық жұмыстарын жиі жүргізуді, әлеуметтік қашықтықты сақтауды ескертіп, дәрігерлердің кеңестерін жауапкершілікпен орындауға шақырды.
Фото: өңірлік коммуникациялар қызметі