Kyzylorda-news.kz. АИТВ/ЖИТС  – қауіпті індет. Бұл – бір қарағанда қарапайым ауру секілді көрінгенімен, оны жұқтырған адамның дерттен айығуы екіталай. Дүниежүзілік денсалық сақтау ұйымының өзі мұнымен күресудің оңай емес екенінін растап отыр. Хош. Әріге ұзамай-ақ қоялық. Сыр өңірінің өзінде спидпен ауыратын сырқаттардың саны көп. Мақтанатын жағдай емес, әрине. Дегенмен, бүгінде Шиелі ауданы облыс аудандары бойынша аталған аурумен көш басында тұр. Біз де бүгінгі тақырыпты тереңірек зерттеп біліп, көп сұрақтың жауабына қанық болу үшін ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың Шиелі ауданындағы филиалының эпидемиолог-көмекшісі Балабек Қапанұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Балабек мырза, жалпы ЖИТС қайдан келген және қандай ауру түрі? Толығырақ тоқталып өтсеңіз.

– Тілге тиек етіп отырғанымыз – АИТВ/ЖИТС індеті. Қарапайым тілмен айтқанда, АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) жұқпасы ЖИТС-тің (жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы) басты себебі болып саналады. Ол АИТВ жұқтырған адамның қаны, шәуеті, қынап сұйықтары, ана сүті, дені сау адамға басқа да биологиялық сұйықтықтар арқылы берілуі мүмкін. Нашақорлардың ине мен шприцті бірнеше рет пайдалануы да АИТВ-ның есірткі қолданушылар арасында таралуына әкеліп соғады.

Сонымен қатар АИТВ – адамның иммундық жүйесінің тапшылығынан туындайды. Бұл – қазіргі таңда ғасыр дертіне айналып отыр. Аталған ауру түрі ең алғаш АҚШ-та табылды. Әлем ғалымдары АИТВ жұқпасына қарсы тиімді дәріні жасауға жұмыстар жүргізіп, көптеген жетістіктерге жеткенімен, өкінішке қарай әлі күнге дейін дертке қарсы екпе табылған жоқ. Жоғарыда АИТВ жұқпасының қауіптілігін айттық. Дегенмен, көптеген тұрғындар бұл дертке бей-жай қарайтынын жасыруға келмес. Иә, біз үнемі халықты ақпараттандыру мақсатында көптеген іс-шаралар жұргізіп отырамыз. Ел арасында «Бұл аурдың маған қатысы жоқ» деген түсінік қалыптасқан. Дегенмен, аталған ауру адамның жас мөлшеріне, әлеуметтік статусына қарамайды. Кез келген адамның жұқтыру қаупі өте жоғары. Сондықтан әр адам бұған салғырт қарамай, сақтандыру шараларын жүргізіп отыруы керек.

– Әлгінде ғана бұл дерт иммундық жүйенің әлсіреуінен туындайды деп айтып қалдыңыз. Дей тұрғанмен, адамдар иммундық жүйесі әлсіресе, оны қарапайым тұмау немесе әлсіздік пен шаршаудың белгілері деп ойлайды. Қала берді маусымдық өзгеріс деп жылы жауып қоя салады. Айтыңызшы, АИТВ ауруының бұдан басқа қандай нақты белгілері бар?

– Вирус жұқтырған кез келген адамды сырт келбетіне қарап АИТВ жұқтырған деп айту қиын. Себебі оны жұқтырған адам сіз бен біз сияқты дені сау болып жүре береді. Алайда, вирус тасымалдаушы адамның вирус жұқтырғаннан бастап басқа адамға жұқтыру қабілеті жоғары болады. Вирус адам ағзасындағы иммунитетті зақымдағаннан кейін бірінші кезекте өкпенің қабынуы, дене қызуының көтерілуі, көп мөлшерде салмақ жоғалту, іштің жиі өтуі сынды белгілері кездеседі.

– Бұл дерт қандай жолдармен беріледі?

– Ауру негізі үш жолмен беріледі. Бірінші кезекте – қан арқылы. Яғни, науқас қан құйдырғанда, ағзалар мен тіндерді ауыстырғанда, жасанды ұрық салдырғанда және залалсыздандырылмаған медициналық құрал-жабдықтар арқылы беріледі. Екінші кезекте – жыныстық жолмен жұғады. Мәселен, АИТВ тасымалдаушы адаммен қорғанышсыз жыныстық қатынаста болғанда. Үшінші – жүкті анадан балаға берілу жолы болып табылады. Яғни, жүктілік кезінде, босану кезінде және емізген кезде беріледі.

– Кез келген ауруды анықтау үшін тексеру жүргізілетіні белгілі. Сіздерде АИТВ-ға тексеру қалай жүргізіледі?

– Қазақстан Республикасының кез келген азаматы ел аумағындағы медициналық ұйымдарда СПИД орталықтарында ақысыз АИТВ-ға тексерілу мүмкіндігі бар. АИТВ-ға тестілеу СПИД орталықтары мен филиалдарының ИФА зертханаларында жүргізіледі. АИТВ-ға тестілеу ерікті, міндетті, құпия және клиникалық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. СПИД орталықтарында жасырын тексеру кабинеттері жұмыс істейді. Бұл кабинеттің мақсаты – АИТВ статусын білгісі келетін кез келген азаматтың құпия (анонимді) түрде тексерілуіне мүмкіндік береді.

– Түсінікті. Сіздерде аталған дерттің қауіптілігін ұғындыру мақсатында арнайы профилактикалық жұмыстар қалай жүргізіледі?

– АИТВ-нің алдын алу шаралары аудандық білім саласы бойынша білім бөлімімен бірлескен іс-шаралар жоспары негізінде мектептерде, колледждерде және тынығу лагерьлерінде жүргізіледі. Шиелі аудандық медицина ұйымдарымен бірлесе отырып АИТВ-нің алдын алу мақсатында профилактикалық әдістемелік көмектер көрсетіліп, медицина қызметкерлері арасында семинар-кеңестер жүргізіледі. Сондай-ақ жастар ресурстық орталығы және жастар денсаулығы орталығымен бірлесіп жастар арасында түрлі іс-шаралар жүргізіп отырамыз. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары көздерінде түрлі тақырыптық мақалалар жариялап отырамыз.

– Осы аурумен ауырған адамдарға нақты емнің жоқ екені мәлім. Десек те АИТВ жұқтырған адамдарды емдеу шаралары қай деңгейде жүргізіледі?

– ҚР халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 160-бабында толық көрсетілгендей, АИТВ жұқтырған адамдарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде олар медициналық көмек және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.

– СПИД орталығының мәліметіне сүйенсек, еліміз бойынша АИТВ дертін жұқтырған науқастарың жалпы саны – 52 533 адамды құрап отыр. Бірақ біз әріге ұзамай-ақ облыстағы статистиканы сөйлетсек…

– Жалпы республикада да, біздің облыста да АИТВ-ның індеттік жағдайы күрделеніп келеді. Атап айтқанда, облыс бойынша АИТВ жұқтырғандардың саны 316 адамға жетіп отыр. Оның ішінде шетел азаматтары – 35, баспанасыздар – 3, Қазақстан азаматтары – 278, облыс тұрғындары – 256, басқа облыстан келгендер – 22 адамға жетіп отыр. Ал Арал ауданында АИТВ жұқтырғандар – 16, Қазалы – 19, Қармақшы –13, Жалағаш – 4, Сырдария –5, Жаңақорған –21, Байқоңыр –25, Қызылорда қаласы – 141 адам болып тіркелген. Соның ішінде Шиелі ауданында СПИД жұқтырғандардың саны – 22 адамға жетіп отыр. Бұл – басқа аудандармен салыстырғанда айтарлықтай көп. Шиелідегі мұндай науқастарды әлеуметтік жағдайы мен жас мөлшеріне қарай талдайтын болсақ, 22 адамның 5-уі жұмысшы, 1-уі әскери қызметкер, 10-ы жұмыссыз, 1-уі зейнеткер, 4-уі жүкті әйел, 1-уі бір жасқа дейінгі бала. Соңғы бес жылда ауданда АИТВ дертін жұқтырғандардың саны – 11 адамды құрады. Биылдың өзіне соңғы алты айлықта аталған дертті жұқтырған бір адам анықталды. Оның барлығы расында алаңдатарлық жағдай.

– Өзінің АИТВ мәртебесін білгісі келген адам қайда барып, кімнен кеңес ала алады?

– Шиелі кенті, Досбол датқа көшесі №13 үйде орналасқан СПИД орталығында ИФА зертханасы жұмыс істейді. Көрсетілген мекен-жайға келіп, тегін ерікті немесе құпия түрде АИТВ-ға қан тапсырып, мамандардан толық кеңес ала алады.

– Маңызды мәліметпен бөліскеніңіз үшін, рақмет!

Тағы да оқыңыз: