Kyzylorda-news.kz. Адамды танып, тұлға туралы көзқарасты қалыптастыру үшін ат шаптырып алысқа барып, том-том кітап оқудың қажеті жоқ. Айналасындағы адамдардың пікіріне құлақ түрсеңіз жетіп жатыр. Өйткені қоғам таразы, халық сыншы. Әдетте сын дегенде біз кемшілік айту деп түсінеміз. Негізінде сын – турасын айту, жөнін айту. Мұны түсінген абзал. Ойды ой қуады. Бұл ойға біз әйгілі дәрігер, саналы ғұмырын адам жанының арашасы болуға арнаған Қарасай Нұров жайында зерделеу барысында көз жеткіздік. Қалай дейсіз ғой? Алда дәрігерлер күні келеді. Осы орайда өңіріміздегі білікті, танымал дәрігер, ақ халатты абзал жан туралы мақала жазуды көздегенбіз. Сұрастыру кезінде кімнің қаншалықты елге пайдасы тиіп жүргенін білдік. Нәтижесінде бізді Қарасай ағамызға қоғам пікірі жетеледі.
Білікті дәрігер Арал ауданына қарасты Ақшатау ауылының тумасы. Ол сөз басында бұл мамандықпен ауылы байланыстырғанын айтады. Себебі бала кезінде үйдің төбесінде ойнап жүрген Қарасай жоғарыдан құлап аяғын сындырып алады. Содан аурухана ұзақ жатып шығып, одан ауырып емделіп жүргенінде жеті жыл уақыт өтеді. Осыдан бастап жанына батқан сырқаты медицинаға келуіне сеп болады.
«Мектепті жақсыға бітіріп тұрып, оқуға түсе алмадым. Менің әкем мектептің директоры болды. Осыдан кейін намыстанып ауылға баруға ыңғайсыздандым. 1973 жылы Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылық техникумында мал дәрігерін үш жыл оқып, оны бітіргесін үш жыл жұмыс істедім. Одан кейін Целиноградтағы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне қайтадан оқуға тапсырып, түсіп, оны 1986 жылы бітірген соң бір жыл Қызылорда облыстық ауруханасында хирург, ортопед-травматолог мамандығы бойынша интернатураны аяқтадым. Сөйтіп 1987 жылы жас маман болып Ленинск, қазіргі Байқоңыр қалалық ауруханасында дәрігер-ординатор болып еңбек жолымды бастадым. Кейін осында хирургия бөлімінің, Ресей Федералдық медициналық-биологиялық агенттігінің №1 медициналық бөлімшесінің хирургия және травмотология бөлімінің меңгерушісі, сонымен қатар Төретам кентіндегі емханада хирург дәрігер қызметтерін абыроймен атқардым», – дейді дәрігер.
Былайғы жұрт хирургты – медицина саласында ең экстремальды болып саналатын мамандықтың бірі екенін біледі. Осы тұста Қарасай Нұров өзінің жұмысын жетік меңгеру үшін тек хирургия саласын терең зерттеп, елге танымал мықты профессор дәрігерлерден білім алған. Алматы, Астана, Шымкент, Мәскеу, Курган, Волгоград және Минск қалаларының жетекші клиникаларында бірнеше рет біліктілігін арттырып, хирургиялық және травматологиялық операциялардың жоғары технологиялық әдістерін меңгерген. Қызмет барысында адам өмірін құтқару – ол үшін күнделікті әдетке айналған. Бүгінгі күнге дейін он мыңға жуық науқасқа ота жасаған. Қызметте адамға ерекше шабыт сыйлап, мерейін үстем ететін ол – алғыс, яғни емделушінің алғысы екенін айтады.
«Осы салаға келгеннен кейін науқастарға түрлі ота жасадым. Соған лайық алғысын да алдық. Бір жылы Байқоңырда наурыз мерекесі тойланды. Орталық алаңда жүргенімде бір орыс жігіт келіп амандасып «Мені таныдыңыз ба?» деді. Мен «жоқ» дедім. Ол, «Маған ота жасап өлім аузынан алып қалғансыз, рақмет» деп біраз жыл өтіп кеткен сәтті еске түсіріп, танып келіп тұр екен. Осылай көшеде кездескен пациентің жылы жүзбен сәлем беріп, алғысын айтса көңілденіп қаламыз», – дейді ол ағынан жарылып.
Антына адал дәрігер 2016 жылы облыстық медицина орталығының Байқоңыр қаласындағы филиалын басқарып, 2019 жылы зейнетке шыққан. Алайда еңбек демалысындамын демей Байқоңыр қаласындағы көпсалалы аурухананың жалпы хирургия бөлімінің меңгеруші қызметін атқарған. Қазіргі таңда осы жерде кеңестік-диагностикалық бөлімінде меңгеруші. Байқоңыр қаласындағы медицина қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, атсалысып жүрген жан.
Бүгінде білікті дәрігердің еңбегі бағаланып, әр жылдары Байқоңыр қаласындағы медицина саласына қосқан үлесі үшін Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, басқа да көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Жақында дәрігерлер күні қарсаңында денсаулық сақтау саласының майталманы ретінде Байқоңыр қаласының тарихында қазақ дәрігерлері арасынан «Байқоңыр қаласының құрметті азаматы» атағын алды.