Kyzylorda-news.kz Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау жүйесінде скрининг тексеріс енгізілген. Уақытында жүргізілген тексерулер аса ауыр ауруларды ерте кезеңде анықтауға және емдеуді бастауға көмектеседі. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Жалағаш ауданының бас санитары Гүлзираш Айымбетова осылай деді. 

Спикер ауруларды ерте сатысында анықтау және алдын алу үшін профи­лактикалық медициналық тексерудің маңызды екенін айтады. Яғни емханаға бір рет бару арқылы арнайы тексеру әдістерін қолдана отырып, скринингтің түріне байланысты қатерлі ісік немесе басқа да аурулардың болуының ал­дын аласыз немесе олардың пайда болу ықтималдығын уақытында анық­тайсыз.

Басқарма басшысы журналистердің «Тексеріс қалай жүргізіледі?» деген сауалын да жауапсыз қалдырмады. Спикердің сөзінше, профилактикалық қарап-тексеру дәрігерге дейінгі, білікті және мамандандырылған кезеңдерді қамтиды. Дәрігерге дейінгі кезеңде 3 жасқа дейінгі балаларда дененің өсуі мен салмағын анықтайды, бас пен кеуде қуысының көлемін өлшейді. Ал 7 жастан бастап физикалық және пси­хо-әлеуметтік дамуын бағалайды, қан қысымын өлшейді, көру және есту өткірлігін анықтайды, ЭКГ-ға түсіреді.

Екінші кезеңде теріні және бас терісін, шырышты қабықтарды тек­се­реді, қалқанша без аймағын, паль­па­циялайды, кеуде, омыртқа, аяқ-қол­дарды тексереді, тынысалу, ас қорыту жүйелерінн де тексеру жүргі­зіледі. Патологиялық өзгерістер анық­тал­ған жағдайда баланы бейінді ма­манға қосымша тексеруге жібереді. Маман­дандырылған кезеңді бейінді мамандығы бар дәрігерлер жүргізеді. 

– Қазіргі таңда Денсаулық сақтау ми­нистрінің алға қойған мақсатта­рының бірі – халық арасында ауруды ерте анықтау және дер кезінде емдеу. Бізде №74 бұйрыққа сәйкес асқынудың алдын алу мақсатында тексерулер жүргізіледі. Скринингтік тексеру – дис­пансерлік есепте тұрмайтын науқас­тарды белгілі бір жас мөлшеріне сәй­кес тексеруден өткізу. Жүректің ише­миялық ауруы, артериялық қан қысымы, қант диабеті, глаукома, сүтбе­зінің қатерлі ісігі, жатыр мойнының қатерлі ісігі және коллоректалді қа­терлі ісік ауруларының алдын алу мақсатында скринингтік тексеру ерлер мен әйелдер арасында 30 бен 70 жас аралығында, 40 пен 70 жас және 50 мен 70 жас аралығында әрбір аурудың мөлшеріне сәйкес жүргізіледі. Соның ішінде жатыр мойнының қатерлі ісігі 4 жылда бір рет және жоғарыда атап өткен басқа дерттерге 1-2 жылда бір рет жүргізіледі. Өзіңіздің тұрғылықты мекен-жайыңыздағы емханаңызда ай­мақтық дәрігеріңіз және медбикеңіз арнайы жоспар құрады. Ол жоспарда әрбір науқас тегі бойынша жоспарға кіреді. Яғни сізді бірінші үш кезеңнен тұратын тексеруге шақырады. Бірінші кезең – тексеруалды кезеңі. Сізге ем­ханаңыздан хабарласып, тексеруге ша­қырады. Емханаға келгеннен кейін сіздің жасыңызға сәйкес белгілі бір тексеріс түрін, мысалы, қатерлі сүт безі ісігіне тексерісті немесе ультрады­быстық тексерулерді жүргізеді. Бұл – екінші кезең. Ал соңғы үшінші кезең – тексеріс нәтижесін ала отырып, сізді арнайы маманға жібереді. Мысалы, маммолог, онколог немесе кардиолог маманына жолдама беруі мүмкін. Осы мамандардың жіті қарауынан кейін сіздің тексеру нәтижеңізге сүйене оты­рып, диагноз қойылып немесе дис­пансерлік есепке алу туралы не сіз­дің денсаулық тобыңызды анықтау ар­қылы тексеруді аяқтайды. Бұл тексе­ріске жататын науқастардың барлығы – диспансерлік есепте тұрмайтын нау­қастар. Яғни бұл – халық арасында аурудың ерте алдын алу үшін жаса­латын жұмыстардың бірі, – деді ол.

Осы ретте «Скринингте өту елдің әр азаматы үшін тегін бе?» деген сауал туындауы мүмкін. Кешегі брифингте БАҚ өкілдері осы сауалды басқарма басшысына қойды. Спикердің сөзінше, профилактикалық қарап-тексеру жә­не скрининг бойынша медициналық көмек ТМККК және МӘМС бойынша көрсе­тіледі. Яғни учаскелік дәрігердің қабылдауы ТМККК шеңберінде жүр­гізіледі. Сондықтан бәрі ақысыз әрі сақ­тандырылған тұлға мәртебесі қа­жет емес. Алайда пациентті кон­суль­тациялық-диагностикалық қыз­мет­­терге, мәселен, кардиолог, эндо­кринолог және офтальмологтың кон­суль­тациясы, талдаулар алу, рен­тген­нен өту немесе қандай да басқа тексерулерден өтуге жіберу үшін тұлғаның сақтандырылған мәртебесі болу керек. Өйткені бұл қызметтер МӘМС жүйесінде көрсетіледі. Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қоры скринингтік зерттеулерге жыл сайын қаржы бөледі екен.

Гүлзираш Айымбетова 30-39 жас аралығындағы әйелдер мінез-құ­лық қауіп факторларын ерте анық­тау мақсатында скринингтен өтуі керек­тігін айтады. Шылым шегу, дұрыс та­мақтанбау, дене белсенділігінің тө­мен болуына немесе алкогольді ша­ма­дан тыс тұтынуға байланысты пациентке салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану жөнінде ұсынымдар беріледі. Ал 40-тан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер артериялық гипер­тонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін және глаукоманы ерте анықтау үшін скринингтен өтеді. Қан қысымының, холестериннің, қан глю­ко­засының деңгейі және дене салма­ғының индексі анықталады. 

– 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер жатыр мойны обырын ерте анықтауға тексеруден өтеді, оның ішінде ПАП-тест және тереңдетілген диагностика, яғни кольпоскопия, биопсия және гистологиялық зерттеу, бейінді ма­мандардың консультациясын алады. 40-тан 70 жасқа дейінгі әйелдер сүт безі обырын ерте анықтауға екі проекцияда маммографияға тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика нысаналы маммография, сүт бездерінің УДЗ, трепанобиопсия, пункциялық немесе аспирациялық биоп­сия, гистология, бейінді маман­дар­дың консультациясы жүргізіледі. 50-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерге мокульт-тесттің көме­гі­мен колоректалдық обырды ерте анық­тау үшін тексеруден өтеді, терең­де­тілген диагностика жаппай бейне ко­лоноскопия, оның ішінде наркоз, эндо­скопиялық шерт­пелі биопсия, гис­тологиялық зерттеу ар­қылы маман­дардың консульта­циясын алады.

Скринингтен өтерде нені ес­ке­ру қажет? Басқарма басшысы бұл са­уа­лымызды да жауапсыз қалдыр­мады. Спикер көңіл-күйіңізге, ден­сау­лығыңызға ешқандай шағым болмаса да, скринингтен міндетті түрде өту қажет дейді. Яғни профилактика – сіздің денсаулығыңызды қорғаудың ма­ңызды әдістерінің бірі. Әлемдегі медицина қазір дәрігерлердің, мем­лекеттің ғана емес, азаматтардың өз­дерінің де денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікті көтеруге шақырады. Сондықтан жасына қарай жасалатын тексерулерді өткізіп алуға болмайды.

Тағы да оқыңыз: