Kyzylorda-news.kz. Жалағаш аудандық ауруханасында ем алып, дертіне дауа тапқандардың ішінде алақаны аялы абзал жандарға алғыс айту мақсатында бізбен байланысқа шығатындар қатары артты. Әсіресе мұндай жағдайлар кешегі аты жаман індет белең алған шақта көбейген болатын. Ол тұста денсаулық сақтау саласында қажырлы еңбек етіп, антына адалдық танытқан жалағаштық дәрігерлердің дертпен қалай күрескенін көзімізбен көрдік. Шама-шарқымызша кейбірінің біркүндік жұмысын еңбегімізге арқау еткен кездер де болған. Қазір тәжтажалдың таралуына әзірге тосқауыл бар. Бірақ әр мезгілде адамдарды әбігерге салатын маусымдық кеселдердің барын да қаперден шығармаған дұрыс.
Қазір көктем мезгілі. Әдетте бұл уақытта адамдардың көбі тұмау мен ЖРВИ-ға шалдығып, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жұмысы қайта күрделенетін. Халықтың көбісі бұл шақта салқын су ішіп, немесе желең киінудің салдарынан тұмауға шалдығып жатады. Оның үстіне көктемде адамдарды әлсіздік қысатынын айтпаса да жақсы білесіздер. Дәрігерлер де тұмауға жеңіл-желпі кесел деп қарауға болмайтынын қаперге салудан шаршаған емес. Біз барғанда бас дәрігер бөлімдерді аралап, науқастардың хал-жағдайын білуге кетіпті. Мұндағы абзал жандардан рұқсат алып, артынан біз де аттандық.
– Абайламасақ болмайды, біз қолымыздан келгенше сіздерге емдік шара көрсетеміз, дертіңізбен күресеміз, бірақ адамдар да «сақтансақ, сақтайтынын» түсіну керек, – дейді белгісіз біреу.
Қасымдағы медбике: – Сізге редакциядан адамдар келіп тұр, – деді.
Оның Жалағаш ауданының бас дәрігері Еркебұлан Мақсұтов екенін сонда ұқтым.
Аман-саулық сұрасып болғаннан кейін осында келгенше барлық палатада адамның көптігін меңзеп, Ерекеңді әңгімеге тарттым. Қолындағы баланы орынына жайғастырып: – Иә, қазір ауданда ахуал тұрақты. Ол жайында жұмыс сәл саябырсығанда дұрыстап сөйлесерміз, – деді.
Талай науқасты дертінен айықтырған дәрігерге құлақ аспауға амал жоқ. Өз ісінің маманы, оның үстіне жұмысында, бас дәрігер емес, тура бір қарапайым медицина қызметкері сияқты. Әр науқастың күнделікті жағдайын сұрайды, маман ретінде ақылын тағы айтады. Тыңдап отырсаң, сөзінің жаны бар.
Мұнан кейінгі Ерекеңнің жұмысы алдымыздағы науқастар жатқан бірнеше палатада жалғасты. Бұл бір кабинет төңіректейтін басшының сұрпынан емес екен. Бірақ риза болдық. Біз келгенге дейін қабақтары түнеріп отырған палатадағы науқастардың маңдайы шайдай ашылған. «Дәрігердің сөзінің өзі дертке шипа» дегенді бас дәрігер маған бүгін тура мағынасында түсіндірді. Мейлінше маман ретінде ақылын айтады, қажет деп тапса, кейбіріне емдік шарасын да көрсетіп жатыр. Басшысының өзі осындай ұжым жайлы қалай теріс ой түюге болады. Елдің мұндағы абзал жандарға алғыс айту мақсатында бізге жиі шығатындай реті бар екен.
Иә, бұл – 30 мыңнан астам халықтың, яғни тұтас бір аудан жұртының тәулік бойы денсаулығын күзеткен ұжым. Антына адал абзал жандардың жұмысында жүйе бар. Бас дәрігерінің өзі «басшымын» деп кабинет төңіректемейді, керісінше күнделікті жұмысының басым бөлігін науқастар жатқан палаталарда өткізеді. Олардың жағдайы қалай, жүргізіліп жатқан емдік шараларға көңілі тола ма, күнделікті бұл сауалдарға жауап алынып отырғаннан кейін кім жұмысына сылбырлық танытады дейсіз?. Міне, жұмыстағы жүйе, оң нәтиже осындайдан қалыптасса керек.
Айта кетейік, өткен жылы Жалағаш ауданында өлім-жітім көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 45 жағдайға төмендеген. Ал негізгі индикаторлармен жұмыс жасау нәтижесі бойынша сәби өлімі 5 жағдайға төмендеген. Негізгі индикатор жүрек қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітім 2021 жылмен салыстырғанда 18 жағдайға азайған. Мамандар мұны Қазақстан Республикасында қанайналым жүйесі аурулары кезінде медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2022-2023 жол картасымен жұмыс жасау нәтижесімен байланыстырып отыр.
Бас дәрігер Еркебұлан Мақсұтов аудандық ауруханада маусымдық аурулар бойынша, яғни балалармен ересектер арасында жедел респираторлы вирустық инфекциялар бойынша ауруханаға жедел түсу жағдайлары көбейгенін айтады. Балалар арасында пневмония, ЖРВИ диагноздарымен аурухананың балалар бөлімі мен жұқпалы аурулар бөлімінде ем қабылдағандарда болыпты. Тіпті маусымдық аурулардың көбеюіне байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығы бойынша уақытында жұқпалы аурулар бөліміне балаларға арналған қосымша 25 төсек орын берілген.
– ЖРВИ диагнозы бойынша жүкті әйелдер, егде жастағы кісілер мен жасөспірімдер ауруханаға көптеп түсетін кездер болады. Әсіресе мұндай жағдайлар қыс мезгілінде көбейеді. Маусымдық аурулардың өршуіне байланысты ауырған жағдайда дәрігерге көрініп, дәрігер берген нұсқауларды мұқият орындау қажет. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жұқпалы аурулар бөлімінен 1028 бала ем қабылдап шықты. Жыл басында тұмау мен ЖРВИ өршіді, – дейді Еркебұлан Мақсұтұлы.
Тұмау және жіті респираторлық вирустық инфекция қыстың салқынында қозып, ауру тез тарай бастайды. Ауру жұқтырған адамда жөтел, жалпы әлсіздік, дене қызуының көтерілуі пайда болады. Тұмау және ЖРВИ жоғары тыныс жолдарын зақымдап, ағзаны улайды.
Қазіргі таңда ЖРВИ қоздырушы 200-ден аса вирустың түрі анықталған. Бұл кесел тыныс жолдарын, жүйке жүйесін, құлақ және басқа да ағзаларды зақымдауымен қауіпті.
Бас дәрігер балалар арасындағы сырқаттану ересек адамдарға қарағанда 4-5 есе жоғары болатынын айтады. Соның ішінде 5 жасқа дейінгі балалар арасында тұмау және ЖРВИ ауыр жағдайда өтіп, асқынулар туындауы да әбден мүмкін екен.
– Иммунитеті әлі де жетілмеген және жүйке жүйесі толық қалыптаспағандықтан балаларда асқыну жағдайлары жиі кездеседі. Осы ауруларға шалдығу мүмкіндігі мектепке дейінгі балалар мекемесі және мектепке баратын балалар арасында жоғары болады. Себебі үлкен ұжымдарда инфекция тез таралады. Сондықтан оның алдын алған абзал, – дейді Еркебұлан Мақсұтұлы.
Жіті респираторлық вирусты инфекциясы мен тұмау – әлемдегі ең өзекті медициналық, әлеуметтік, экономикалық мәселенің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жылына әлемде 3-5 млн-ға жуық адам тұмаудың ауыр түріне шалдығып, 250-500 мың адам көз жұмады екен. Індет көбінесе 5 жасқа дейінгі балалар мен егде жастағы азаматтарда тіркеледі. Соның ішінде тұмау түрлі вирус салдарынан жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен және ағзаның улануымен сипатталады.
Еркебұлан Мақсұтұлы ЖРВИ мен тұмауды емдеудің өз ерекшеліктері барын жасырмайды. Ол үшін уақытылы дәрігерге жүгіну маңызды рөл атқаратын көрінеді. Жалағаш ауданында жыл басында аталған дерт дендеген болатын. Қазір ахуал бірқалыпты.
Екпе жасау тұмаудың алдын алудағы анағұрлым тиімді әдіс болып табылады. Жыл бойы ағзаны нығайту, әсіресе күз бен қыстағы инфекцияның өршу алдында қорғаушы иммундық механизмді нығайту керек. Аурудың алдын алу үшін ағзаның вирустарға қарсы тұруы үшін салауатты өмір салтын ұстану, бетперде тағу, қоғамдық орындарға барған соң қолды тазалап жуу, жөтел кезінде ауызды жабу, ғимаратты жиі тазалау мен желдету сынды санитарлық-гигиеналық режімді ұстану керек. Бетпердені ауырған адам да, қасындағы азаматтар да тағуы тиіс. Ал көкөніс, жеміс-жидек немесе құрамында жеткілікті дәрумендер бар басқа өнімдерді, әсіресе аскорбин қышқылын пайдаланудың да маңызы жоғары екен. Адам көп шоғырланған орындарға бармауға, мүмкіндігінше қоғамдық көлікпен емес, жаяу жүрген жөн. Жөтел мен түшкіру кезінде вирус 10 метр қашықтан да таралатынын есте сақтау керек.
Тұмаудың өршуі кезінде вирустан қорғанудың маңызды компоненттерін, атап айтқанда, дәруменге бай азық-түлікті пайдалану, қажетті мөлшерде су ішу мен тынығу қажет екенін. Дәрігердің кеңесіне құлақ ассақ, тұмаудан сақтану салқын тигеннен болатын аурудың алдын алу мезгілдік тұмау індеті кезінде ғана емес, азаматтар әрқашан өз денсаулығына күтіммен қараған уақытта ғана нәтижелі жүзеге асатынын Ерекең қаперге салды. Сонымен қатар тиімді тамақтану, саламатты өмір салтын ұстану, ағзаны шынықтыру мен спортпен айналысу ағзаның иммундық дәрежесін көтереді екен.
Бұл кесел адамға жөтелген, түшкірген кезде ауа тамшысы арқылы да тез жұғады. Тұмаудың алғашқы белгілерінде дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, қалтырау, әлсіздік, көз қарығу, буынның және бұлшық еттің, бастың ауруы, тамақтың жыбырлап, ауырсынуы, жөтелу, мұрынның бітелуі байқалады. Осыдан адам еңбекке уақытша жарамсыз болып қалады. Тұмау 5-10 күнге дейін созылады. Осы кезде дер кезінде емделмесе ауру асқынуы мүмкін. Ал асқынған ауру өкпе қабынуына, отит, гайморит кеселдеріне алып келеді. Сол себепті аурудың алғашқы белгілері байқалысымен дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңызы зор.
– Біздің міндет – аудан халқының денсаулығына тәулік бойы қызмет ету. Мейлінше осындағы антына адал әріптестерімді соған жұмылдырып жатырмын. Осы мақсаттағы жұмысымызда жүйе бар. Бірақ оған тоқмейілситін біз жоқ. Мейлінше елдің қажетіне жарасақ, алғысын алсақ, біз үшін одан асқан баға жоқ. Дертпен күрескеннен оның алдын алған баршамызға тиімді, – дейді бас дәрігер.
Иә, оларға елдің алғысынан жоғары баға жоқ. Болмаса басшысынан бастап науқастардың ортасында жүрер ме еді. Біз бұған Ерекеңнің бір күндік жұмысында көз жеткіздік. Елдің ортасында жүріп, халықтың қажетіне жарағандардың жаман болғанын әзірге көргеніміз жоқ, көрсетпесін де.
