Kyzylorda-news.kz. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Күнделікті науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, мобильді топ мүшесі атанып, қауіпті індетпен күрес жүргізіп келе жатқан жанның бірі №3 емхана дәрігері Асыл Аманбекұлы.

«Гиппократ» антын қабылдап, сабырлылық пен салмақтылықты серік еткен жас маман адам жанының бағбаны десек артық айтқанымыз емес.

Мамандығына нағыз берілген жан адам денсаулығының сақшысы қызметін абыроймен атқарып келеді. Бала кезінен дәрігер болуы армандаған Асыл Аманбекұлы Қармақшы ауданында туып өскен. С.Д.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университеттің түлегі. Еңбек жолын 2017 жылы №3 қалалық емханада жалпы тәжірибелі дәрігер болып бастаған ол абройымен қызметін жалғастырып келеді.

“Күнделікті жұмыс барысында әр науқасқа бар ниетімен әрі шынайы пейілімен қамқорлық таныту өте маңызды. Халық алғысына бөлену мен үшін зор бақыт. Білікті дәрігер болу үшін тек жоғары оқу орнын бітіру аздық етеді. Сезімталдық, үлкен жауапкершілік, ұқыптылық әрі күн сайын жаңа нәрсені білуге, үйренуге асық болу арқылы бұл мамандықты меңгеріп, шыңына шығуға мүмкіндік бар. Адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтап қалу азаматтық парызым”, – дейді Асыл Аманбекұлы.

Жаста болса, осы жолда еңбексүйгіштігімен, тиянақтылығымен, жауапкершлігімен және үнемі ізденісте жүретіндігімен ерекшеленетін дәрігердің жетістіктері жоқ емес. Ол бүгінге дейін бірқатар Алғыс хатқа ие болды.

Сондай-ақ Алматы қаласындағы акушерлік-гинекология және перинатология ғылыми орталығында 2 апталық біліктілікті арттыру курсынан өтті. Одан бөлек, «Ая Хан» оқу-клиникалық орталығында «Емдеуге дейінгі кезеңде жедел коронарлы синдром, инсульт диагностикалау және емдеу алгоритмдері» тақырыбындағы семинар-тренинге қатысып, білімін жетілдірді. Сонымен қатар, Ұлттық медициналық білім беру орталығында «Жалпы практика дәрігерлері үшін қант диабеті» бойынша біліктілігін арттырып, сертификатқа ие болды. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында «Онкологиялық қауіпсіздік мәселелері және скринингтік бағдарламаларды жүзеге асыру» циклі бойынша біліктілігін арттырған дәрігер қазір уақытпен санаспай елге қызмет етуде.

Тағы да оқыңыз: