Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов Райым ауылдық округі, Қызылжар елді мекенінде болып, жаңадан салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты.
Ауылдықтардың ұзақ жылдан бері көтеріп келе жатқан өзекті деген мәселесі биыл шешімін тапты. Жалпы сомасы 400 млн. теңгеге жуық қаржы құрайтын бұл жоба осы жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. Жаңа үлгідегі замануаи нысан іске қосылғанда мұнда аптекалық бекет, қабылдау және оқшаулау бөлмесі, лабаратория, физиотерапиялық емдеу мен күндізгі емдеу кабинеттері жұмыс істейтін болады. Амбулатория бір мезгілде 20 адамды қабылдап, 14 тұрғынға стационарлық ем қабылдауына лайықталған.
Құрылысты «Астана сервис Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасауда. Қазіргі уақытта ғимараттың іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде. Аталған ғимараттың құрылысына бірнеше ауыл тұрғындары жұмысқа тартылған. Алдағы уақытта тағы қосымша 10-ға жуық ауыл азаматтары еңбекпен қамтылмақ.
Мұнан соң аудан әкімінің жұмыс сапары Бөген ауылдық округінде жалғасты. Елді мекенде типтік жобадағы дәрігерлік амбулаторияның іргетасы қаланып қауырт жұмыс жүруде. 2 мыңға жуық тұрғыны бар ауылға арналған ғимараттың құрылысы қазан айының соңына дейін аяқтау көзделуде. Мердігер мекеме «Аман-Құрылыс» ЖШС-нің мамандары нысанды белгіленген мерзімде аяқтау үшін қажетті қолдаулар бар екендігін жеткізді.
Өз кезегінде аудан әкімі Серік Сағитжанұлы халық игілігі үшін салынып жатқан денсаулық нысанының сапалы әрі уақытылы аяқталуы үшін жергілікті әкімдер мен мердігер мекеме бірлесе жұмыс жасау қажеттігін айтты. Сондай-ақ жауапты бөлімге құрылысты орындау барысын ұдайы бақылауда ұстау керектігін тапсырды.