Kyzylorda-news.kz. Осы бір аты жаман дерт туралы соңғы жылдары жиі еститін болдық. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін осы кеселдің құрығына ілігіп жатады. Байқасақ, бұл – әлем елдерін толғандырған түйінді мәселе. Аурудың батпандап кіріп, мысқалдап шығатынын ескерсек, қатерлі дерттің де ағзаға орныққанын әуелден-ақ аңғару қиын. Сондықтан кеселдің кесірі ауыр тиіп жатады. Айтуға ауыз бармайды, дегенмен, еліміз қатерлі ісік ауру дендеген 50 елдің қатарында екен. Оған шалдыққандарды емдеуге жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы қаралады. Қымбат дәрі-дәрмектер әкелінеді. Ал нәтижесі көңіл көншітпейді. Адамзат дәуірінің шарықтап дамыған тұсында оны емдеп жазудың амалы табылмағаны ма?

Облыстық онкологиялық орталықтың дәрігер-онкогинекологы, тәжірибелі маман Алма Бапанова қатерлі ісіктің пайда болуын былай түсіндіреді. 

«Медицина саласында атипиялық клетка деген ұғым бар. Адам ағзасы жалпы өздігінен зат алмасу процесін жасайтын, қалыптасып, дамитын түрлі клеткалардан тұрады емес пе? Осы клетка сыртқы факторлардың әсерінен өзгеріске ұшырайды. Мәселен, күйзеліс, дұрыс тамақтанбау, темекі, алкагольді жиі тұтыну – олардың бақылаусыз бөлініп, өсіп, тарауына себеп болады. Салдарынан атипиялық клеткалар пайда болады. Ол қан арқылы басқа органдарға тарап, орналаса бастайды. Сөйтіп шоғырланған жерінен қатерлі дерт тудырады», – дейді маман. 

Кез келген ауру өздігінен туындамайтыны белгілі. Қатерлі ісік те солай. Жылдар бойы мазалаған түрлі дерттер уақытында ем қабылдамаудың, денсаулыққа атүсті қараудың салдары жақсылық әкелмейді. Мәселен, өкпеге – бронхит, асқазанға – гастрит, жатырға – эндометрит, бүйрекке – пиелонефрит сынды диагноз қойылады. Көбіміз бұған қалыпты жағдай сияқты қараймыз. Екінің бірінде бар, экология, тамақ дұрыс емес деген сылтау айтамыз. Ал олардың асқынуы түбінде кеселге шалдықтырады-мыс. Сол себепті адам ауруды түбірімен емдегені жөн. Осы орайда онкогинеколог маман «обыр үндемейді, метастаз айқайлайды» дейді. Бұл аурудың алғашқы белгілері білінбей, ісіктің ағзаны тез дендейтінін білдіреді. Өкінішке орай науқастардың көбі солай дерті асқынғанда келеді. Қазір онкологиялық орталықта 5 мыңнан аса адам тіркеуде тұр. Олардың ішінде асқазанның қатерлі ісігі басым. Одан кейінгі сатыда сүт безі, өңеш, өкпе, жатыр мойны обыры орналасқан. 

«Бүгінде қатерлі ісік ауруы туралы бүкіл әлем дабыл қағуда. Ғаламдық мәселеге айналған дерттің дауасын табудың жолы әлі де зерттелуде. Десе де оны түбегейлі жою әзірге мүмкін болмай отыр. Бірақ бұл қатерлі кесел жазылмайды деген сөз емес. Арамызда онымен күресіп, ауруын жеңген қаншама жан бар. Мамандар тарапынан тұрғындар өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса екен дейміз. Себебі көпшілік жыл сайын өтуі тиіс скринигтік тексеруге де келмейді. Ауру асқынғанда сан соғып қалады», – дейді маман.

Өкініштісі сол, қазіргі таңда ауру жасарып барады. Соңғы жылдары онкологиялық ауруды интеграцияланған басқару моделін енгізуде «Жол картасы» әзірленді. Сол бойынша медициналық мекемелерде онкология кабинеті, паллиативтік көмек бөлімдері ашылды.  Мамандар шет елде білімі мен біліктілігін арттырды. Қазір барлық аудан мен қаладағы емханаларда тексеру кабинеті ашылған. Оны онкологиялық орталықтың бөлімшесі деуге негіз бар. Емханаға келген науқастардың сол жерде тексеруден өтуі міндетті саналады. Онда мамандар басынан-бақайшағына дейін қатерлі дерт туындатуы мүмкін жараларды, сүт, қолтық асты бездерін басқа да ішкі құрылысты қарайды. Бұл өз кезегінде қатерлі ауруды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. 

«Обыр дерті 4 сатыға бөлінеді. Оның алғашқы екі сатысы жеңіл, асқынуы ІІІ-IV сатыға жатады. Егер жеңіл түрі анықталса оны емдеп-жазу әлдеқайда тиімді, нәтижелі болмақ.  Негізінен операциялық жолмен немесе сәулелі терапиямен ем жасалады. Жалпы сәулелі терапия 98 процент жағдайда оң нәтиже береді. Сондай-ақ емдеу процесі операциялық, сәулелі, сәулелі-химиялық, химиялық терапия негізінде жүргізіледі. Егер дертке шалдыққан науқас сәулелі терапияны да, операцияны да көтере алмайтын халде болса, оған химиялық жол таңдалады. Мұның ешқайсысынан ем қонбайтын, өте ауыр халдегі жандар тек дәрі-дәрмектің күшіне сүйенеді. Бұл жағдайда аурудан айығуы жайында сөз қозғау артық шығар», – деді онкогинеколог дәрігер Алма Бапанова. 

Дәрігерлер орталықта тіркеуде тұрған науқастарды 4 клиникалық топ бойынша қабылдайды. Мәселен, 2 топтағы науқас айыға алады. Үшінші топта – дертті жеңгендер, олардың тұрақты бақылауында болады. Ал 4 топқа ем қонбайтын ауыр науқастар жатады екен. Оларға паллиативтік бөлімде көмек  беріледі. Бұдан бөлек үй жағдайында ем алатындары да бар. Оған мобильді жедел-жәрдем қызметі ем-дом жасайды. 

«Осындай қиын жағдайға ұшырамас үшін денсаулықты ерте жастан күткен абзалырақ. Бұл – физикалық, психикалық тұрғыда өте қиын жағдай. Дертке шалдыққандар диагнозын естігенде есеңгіреп, ауыр қабылдайды. Санасында осымен болды, бітті деген ой тұрады. Ол дұрыс емес. Біз әуелі психологиялық көмек беруге тырысамыз. Адам аурумен күресуі тиіс. Кеселдің ағзаны игеруіне жол бермеу керек. Кез келген аурудан құлан таза айығуға мүмкіндік бар. Тек уақытылы дәрігерге қаралып, нұсқамасын орындау шарт. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстану – әрбір адамның басты қағидасына айналса екен деймін. Дұрыс тамақтанып, темекі, насыбай, ішімдікке әуестенбей, спортты серік етіңіз. Жеміс-жидек, көкөністі жиі тұтыныңыз. Болмашы нәрсеге ашуланып, күйзеліске берілудің де салдары осы жағдайға әкеледі. Сондықтан өмірдің өз қолыңда екенін жіті сезініп, салауаттылыққа бет бұрған дұрыс. Барлық кеселдің алдын алу осындай қарапайым дүниеден басталады», – дейді білікті дәрігер бізбен әңгімесінде.

Бүгінде денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп орталық мамандары онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша қаладағы барлық емдеу орындарында тұрақты түсіндірме жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Онда онкологиялық қызметте туындайтын мәселелер талқыланып, жұмысты жақсарту мақсатында тапсырмалар беріледі. Сонымен қатар жалпы тәжірибелі дәрігерлер, онколог, акушер-гинекологтармен кездесіп «Қатерлі ісікті ерте анықтау», «Онколог дәрігердің жұмысын ұйымдастыру тәртібі», «Д» есепке қою, диспансерлеу мәселелері», «Ауырсынуға қарсы терапия» тақырыптарында дәрістер оқылуда. Бұдан бөлек жоспарға сәйкес «әйелдер мен ерлерді қарау кабинеті және оның жұмыс жасау алгоритмі», «Онкоқырағылық» тақырыбында оқыту жұмыстары жүргізіледі.

Ал маман тұрғындарға денсаулығына немқұрайлы қарамауды ескертеді. Ол үшін уақытылы скринингтік тексеруден өтіп, қандай да бір ауру белгісі анықталса, дәрігерге қаралып, уақытылы ем қабылдау керегін айтады.

Тағы да оқыңыз: