Kyzylorda-news.kz. Жыл сайын әлемде қатерлі ісіктен 9 млн адам көз жұмады екен. Онкологиялық науқас саны бойынша Қазақстан алғашқы 50 елдің қатарында. Елімізде қатерлі ісікті ерте анықтау мақсатында скринингтің 3 түрі жүргізіледі. Яғни жатыр мойны обыры (әйелдер арасында 30-70 жас), сүт безі обыры (әйелдер арасында 40-70 жас) және тоқішек обыры (ерлер мен әйелдер арасында 50-70 жас). Жыл сайын 2,5 млннан астам азамат скринингтік зерттеуден өтеді. Осы орайда облыстық онкологиялық орталықтың директоры Нұржамал Мырзағалиевамен өңірдегі ахуал жайында тілдескен едік.

– Қазір онкологиялық аурудың түр-түрі бар. Ол қалай пайда болады? Алғашқы белгілері қандай?

– Өкінішке қарай, елімізде ғана емес, бүкіл әлемде онкологиялық аурудың түрі де, оларға шалдыққан науқастардың саны да көбеюде. Көптеген адам бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді.

Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын дөп басып айту қиын. Әрі оның пайда болуы адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскен кезде, жан-жағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын немесе асқазан, тікішек секілді ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады. Қатерлі ісіктің пайда болу ошақтарының бірі – созылмалы аурулар. Сондықтан оны уақытылы емдеткен дұрыс.

Обыр жасушасы тез өсіп, белгілі бір уақытта қан және лимфа тамырлары арқылы ағзаның мүшелеріне тарайды немесе балалайды. Сөйтіп, жыл сайын жер бетіндегі миллиондаған адамның өмірін жалмайды. Онкологиялық аурулардың деңгейі әр ағзада орналасқан ісік көлемі мен зақымдану деңгейіне байланысты ҚР емдеу протоколына сәйкес қойылады.

Ал қай ағзада пайда болатынын ісік түріне байланысты бірнеше белгілері арқылы білуге болады. Мәселен, асқазанның бұзылуы ішек, ұйқы безі, бауыр обырымен ауыратын науқастар үшін онкологияның алғашқы көріністерінің бірі саналады. Ұзақ уақыт бойы емделуші және оның емдеуші дәрігері дұрыс диагноз қоя алмай, гастрит және эрозия деп ойлауы мүмкін.

Тағы да белгілеріне тоқталып өтсек. Аз мөлшерде тамақ ішкеннен кейін де асқазанның толып кету симптомы асқазан мен ұлтабардың обырына тән. Ешқандай себепсіз салмақ жоғалту да обырдың басталғанын білдіруі мүмкін. Егер пациент ешқандай күш салмай, мақсатсыз килограмдап салмақ жоғалтса, бұған сақтықпен қарау керек.

Онкологияға тән тағы бір белгі – жөтел немесе ентігу. Бұлар өкпе обырының алғашқы симптомдарының бірі саналады. Кеудедегі тұрақты ауырсыну және күйдіру сезімі гастро-эзофагальды рефлюкс симптомынан туындайды, яғни, асқазан қышқылы өңешке көтеріледі. Бұл жағдай асқазан, өңештің қатерлі ісігіне тән. Лимфа түйіндерінің ұлғаюы оған жақын орналасқан органның қатерлі ісігінің әлеуетті белгісі десек болады. Себепсіз көгеру және қан кету қан обырының көрінісі болуы мүмкін. Әлсіздік пен шаршау онкологиялық аурулардың барлық түрі үшін ортақ симптом ретінде қаралуда.

Нәжістегі қан, дефекациядан кейінгі қан – геморрой кезінде ғана емес, тік ішек обырында да кездеседі. Зәр шығарудың қиындауы простата обырының симптомы болуы мүмкін. Кеуде немесе емізік ауруы сүт безі обырының симптомы ретінде ерлерде де пайда болып жатады. Бірақ бұл өте сирек кездеседі. Терідегі өзгерістер, нақтырақ айтсақ, сүйелдердің, гипер немесе гипопигментация учаскелерінің пайда болуы дәрігерге баруға себеп болуы тиіс. Әйелдерде етеккір арасындағы қан кету, климактериялық кезеңде қан жоғалту эндометрий обырының белгілері болуы мүмкін.

– Қазақстанда әр екінші әйел жатыр мойнының обырына ұшырайтынын естідім. Себеп неде?

– Жатыр мойнының обыры әйелдерде ең жиі кездесетін түрі екені рас. Жатыр мойнының обыры 16, 18, 31, 33, 35 немесе 39 түрге жататын адам папилломасының вирусынан туындаған цервикалды интраэпителиалды неоплазияя (CIN) нәтижесі болып саналады. Көбіне жатыр мойнының обырына 45-50 жастағы әйелдер шалдығады. Алайда соңғы уақытта бұл ауру жас әйелдерден де анықталып жатыр.

Себептеріне тоқталып кетсек: бей-берекет төсек қатынасы; иммундық жүйенің әлсіреуі; бұрын болған немесе ағымдағы хламидий және жыныс жолымен берілетін басқа да инфекциялар; онкологиялық ауруларға, соның ішінде жатыр мойнының обырына тұқымдық бейімділік; жүктілікке қарсы дәрі-дәрмекті ұзақ уақыт қабылдау; ерте басталған жыныстық қатынас.

– Өңірде онкологиямен ауырғандардың статистикасы қандай? Ең жиі кездесетін түрін айтып өтсеңіз…

– Өңірде онкологиялық сырқат есебінде 4947 адам тұрады. Оның ішінде 40-70 жас аралығындағы тұрғындарда онкологиялық аурулар көп кездесіп отыр. Өңір бойынша өткен жылдың қорытындысына сәйкес, қатерлі ісік ауруына ұшырағандардың ішінде өкпенің қатерлі ісігі көп кездескен. Одан кейінгі орында сүт безі обыры, асқазан ісігі, жатыр мойны ісігімен науқастанғандар тұр.

Өкінішке қарай қатерлі ісікке шалдыққандардың басым бөлігі аурудың III-IV кезеңінен асқан кезде ғана дәрігерге жүгінеді. Емдеудің небір тиімді әрі заманауи жолдары болуына қарамастан, науқасқа диагноз қойылған соң оның өлу қаупі 50 пайызға дейін артады. Бұл дәлелденген. Қазақстан бойынша өкпе ісігіне шалдыққандардың саны көбейіп жатыр. Себебі көбі әдеттегі жөтелді пневмония ғана деп ойлап, дәрігерге қаралмайды. Шылым шегетіндер ғана өкпе обырына шалдықпайды. Мысалы, бронх қабынуы, пневмония, туберкулез сияқты созылмалы аурулар өкпе обырына тікелей себепші болады.

– Бізде кәсіби білікті мамандар жеткілікті ме? Өңірдегі орталыққа жаңа аппараттар келді ме?

– Қазіргі таңда облыс бойынша 18 онколог кабинеті жұмыс істеуде. Мамандарға келетін болсақ, облыста 17 маман бар. Жыл сайын Алматы, Астана қалаларына тәжірибе алмасуға барып тұрады. Тіпті, Ресейге, Кореяға барып білімін жетілдіруде. Орталыққа 2021 жылы РЧА (Радио толқынды абляция) аппараты алынып, оның көмегімен пациенттерге оталық ем жасалуда. Міндетіміз – адам жанын аман сақтап қалу. Түрлі дәрежедегі оталар сәтті аяқталып жүр.

Онкология тұқым қуалай ма?

– Ғалымдар қатерлі ісік ауруының пайда болу қаупі көбінесе тұқым қуалаушылықтан емес, өмір сүру жағдайынан болатынын дәлелдеуде. Зерттеушілердің жалпы қорытындысы бойынша, тұқым қуалау жағдайы қатерлі ісік ауруы кезінде онкологиялық аурулардан болатын өлімнің 15 пайызын ғана құрайды. Яғни, қатерлі ісікке бейімділік гендерінің тасымалдаушыларын салауатты тамақтану және салауатты өмір салтын ұстану арқылы қорғауға болады.

Монреаль университетінде әйелдердің сүт безінің ісігін тексеріп көрді (BRCA-1 және BRCA-2 гендерінің қалыпты өзгеруі). Олар әр апта сайын тамақ рационына 27 түрлі көкөніс пен жемісті енгізіп, нәтижесінде қатерлі ісік ауруларының даму қаупін 73 пайызға азайтқан. Бұл қауіпті гендерді қорғауда ұстау керегін айтқан алғашқы зерттеу емес. Егер ген белсенділік танытса, құрылымы өзгеру мүмкін. Рак гені бар адамдар гені белсенділік танытқан жағдайда ғана ауруы дами бастайды. Геннің белсенділігіне көптеген факторлар әсер етеді, оның ішінде дұрыс тамақтану және дене белсенділігі ең маңыздысы саналады. Салауатты тамақтану және тиісті физикалық күш салу – онкологиялық аурудың дамуын тудыратын ген белсенділігін «ұйықтау» жағдайында ұстап тұратын маңызды және тиімді құрал.

– Қатерлік ісікке ұшырағанын естіген адам әрі қарай не істеу керек? Бұл ауруды жеңу адамның ішкі күшіне байланысты ма? Психологиялық жағынан жеңуге, күресіп қайта өмір сүруге қаншалықты мүмкіндік бар?

– Қатерлі ісік диагнозы қойылғаннан кейін пациентке дәрігер-отбасы тізбегі бойынша қолдап, психологиялық көмек корсеткен абзал. Себебі пациенттер бұл ауыр диагнозға шалдыққанан кейін жауабы жоқ сұрақтары көбейіп, толыққанды жазылудың жолын іздестіре бастайды. Біздің орталықта дәл осы сұраққа байланысты психологиялық кабинет жұмыс атқаруда. Білікті психолог дәрігерлеріміз пациенттерден бөлек олардың отбасыларымен біріге белсенді жұмыс істейді. Кез келген ауруды жеңу ең бірінші кезекте пациенттің осы сырқатты қабылдап, күресуінен басталады. Психологиялық тұрғыдан күресіп, сырқатты жеңу арқылы қайта өмір бастауы да осы диагнозды қабылдай білуінде.

– Сұқбат үшін рақмет!

Тағы да оқыңыз: