Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков жұмыс сапарымен Қазалы ауданында болды. 

Аймақтың бас дәрігері аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетовпен бірге ең алдымен Бозкөл ауылдық округіне барып, жаңадан бой көтеретін амбулаторияның орнын көрді. Сондай-ақ, Қазалы қаласындағы «Шипагер» дәрігерлік амбулаториясының жұмысымен танысты. 

Мұнан соң «Жетес би» дәрігерлік амбулатория ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын көрген Олжас Ермекұлы аудандық емхананың жұмысына да қанығып, ақ халатты абзал жандармен кездесті. 

Өңірдің бас дәрігері бұдан бөлек аудандық көп бейінді орталық аурухана, орталық жедел жәрдем көмек көрсету стансасы және теміржол ауруханасына да аялдады. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков пен аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, талап-тілектерін тыңдады. 

Айта кетейік, өңірдің бас дәрігерінің ауданға сапары барысында Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақыткүл Әлішева да бірге жүрді.

Аудандағы медицина саласының хал-ахуалымен танысқан аймақтың бас дәрігері әріптестерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Тағы да оқыңыз: