Kyzylorda-news.kz.  Неонатолог - бұл жаңа туған нәрестелердің денсаулығын күтуге маманданған дәрігер. Олар өмірінің алғашқы күндері мен апталарында ерекше назар мен күтімді қажет ететін сәбилерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Дүниеге келген әр нәресте алдымен осы мамандардың қолынан өтсе де жұрт олардың қызметінен хабарсыз. 

Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында қазіргі уақытта нәрестелер бөлімі, нәрестелер жансақтау және нәрестелер патологиясы бөлімшесі жүйелі әрі нәтижелі жұмыс істейді. Бөлімшелердің негізгі міндеттерінің бірі медицина ғылымы мен тәжірибесінің қазіргі заманғы жетістіктері деңгейінде жаңа туған және шала туылған нәрестелерге, оның ішінде экстремалды және өте төмен аз салмақтағы нәрестелерге жоғары білікті неонатологиялық көмек көрсетеді. 

Ана мен бала орталығында КРН палатасы (жаңа туған нәрестелерді реанимациялау командасы), 60 төсектік нәрестелер патологиясы және 20 төсектік нәрестелер жансақтау бөлімшесі жұмыс істейді. КРН палатасында сәби дүниеге келгеннен кейін, жағдай тұрақтанғанға дейін екі сағат ішінде дәрігерлер қосымша көмекке мұқтаж нәрестелерді бақылайды. 

 

«Бүгінгі таңда перинаталдық орталықта жаңа туған нәрестелердің жағдайын тұрақтандыру бойынша заманауи бағдарламалар енгізілді, яғни өкпе тінінің жарақатын барынша азайтатын сурфактант әдісі, жылу тізбегін сақтай отырып, инвазивті емес өкпені жасанды желдету режимдері, операциялық процедуралар стандарттарының ережелері, ерте энтеральды және парентеральды тамақтану, санитарлық нормалар, сондай-ақ тасымалдау шарттары сақталады. Неонатологиялық қызметтің негізгі функцияларының бірі жаңа туған нәрестелердегі аурулардың алдын алу және емдеу.  Облыстық перинаталдық орталық өзінің неонатологиялық қызметін әртүрлі дертке шалдыққан жаңа туған нәрестелерді диагностикалау және емдеу үшін қажеттінің барлығымен қамтамасыз етеді. Жаңа туылған нәрестенің жағдайын Апгар шкаласы бойынша бағалау бала туғаннан кейін бірден, өмірінің алғашқы минуттарында жүргізіледі. Бұл қажет болған жағдайда алғашқы көмек көрсету үшін жасалады. Яғни 5 көрсеткіш: терісінің түсі, жүрек соғу жиілігі, рефлекстері, бұлшықет тонусы, тыныс алу функциясы. Жаңа туған нәрестелерге аудиологиялық скрининг, генетикалық скрининг, неонаталды скрининг, сонымен қатар шала туған нәрестелерге офтальмологиялық скрининг жүргізіледі. Нәрестенің алғашқы күндері вакцинациялануды дәрігердің тағайындауынан кейін дене қызуы өлшеніп, анасының жазбаша рұқсатымен және қатысуымен егу кабинетіне туберкулезге қарсы БЦЖ, гепатитке қарсы ВГВ екпелері жасалады. Ең бастысы, бөлім мамандарының сауатты жұмысының арқасында әртүрлі салмағы және патологиялары бар балаларға қажетті күтім, ем жасалады. Дәрігердің, медбикенің, ананың біріккен командалық іс - әрекетінің нәтижесінде салмағы 1 келіге дейінгі кішкентай сәбилерге де өмір сүруге мүмкіндік беріледі», - дейді орталықтың дәрігер-неонатологы Айкен Кенжеханова.  

46b7b25d-fb1c-494b-88e4-be4b9daaad4b.jpg

Қазіргі таңда әйелдердің ерте босануы қоғамдық проблемаға айналып отыр.  Перинаталдық орталықтың дерегінше соңғы жылдары нәрестелердің мерзімінен бұрын туылуының тұрақты өсуі байқалады. Аталған орталықта 2023 жылдың 11 айында 9276 нәресте туылса, оның ішінде 620 шала туған сәбилер. 

 

«Сәбидің шала туылуы мен даму ақауларының болуы ең алдымен анасының денсаулығына байланысты. Одан кейн зиянды әдеттер, экология, стресс, тұқым қуалаушылық та бар. Жастар отбасын құрмас бұрын міндетті түрде дәрігердің кеңесін алуы керек. Сонымен қатар жүктілікті жоспарлау да көп келеңсіздіктің алдын алады. Бала көтеруге дайындықты үш ай бұрын бастауға кеңес беремін.  Созылмалы ауру болса емделіп, дәрумендермен ағзаны толтырған жөн», - дейді Айкен Мырзахбарқызы. 

 

Айта кетейік, Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында 39 неонатолог дәрігер бар. Мамандар өмірінің алғашқы күндері мен апталарында ерекше назар мен күтімді қажет ететін сәбилерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді.

 

 

 

Тағы да оқыңыз: