Kyzylorda-news.kz. – Кәсіби тұрғыда психолог ретінде қызмет етіп жүргеніңізге біршама уақыт болғанын білеміз. Осы уақыт аралығында қоғамның жалпы психологияға, қала берді психогологтарға деген көзқарасы қаншалықты өзгерді деп ойлайсыз?
– Осы уақытқа дейін біздің еліміздегі психология – кеңестік кезеңде болған психологияның негізімен өмір сүрді. Бірақ ол адамның жаны, жан жүйесі туралы мәселелермен айналыспаған. Ол тек 2 тармақта дамыды. Медициналық және педагогикалық. Педагогикалық психология тәрбиелеу бағытында дамып келсе, яғни адамды тәрбиелеу, қоршаған ортаға, қоғамдық қатынастарға, мемлекетке, тағы да басқа дүниелерге адамды жығып беру мәселесімен айналысты. Психология адам үшін ұзақ жылдар бойы қызмет етпеді десем де болады. Яғни, жекелік болмады. Жеке адамның психологиясына мән берілмеді, қоғамдық болды.
Ал қазіргі таңда психологияда 4000-нан аса тармақ бар. Осы тармақтар адам мәселесі мен адам жүйесін жан-жақтан қарастыруда. Қазіргі таңдағы психологияның негізгі беретіні – адамның өзін-өзі жеңіп, белгілі бір тұлғаға айналу мәселесі. Міне осы мәселемен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, елімізде психологиялық мәдениет біршама қалыптасып қалды. Денемізге гигиена керек болса, жанымызға да сол гигиена керек. Адамдар осыны түсінді және түсініп келеді.
– Осы салада қызмет етіп жүрген мамандардан көбіне «Психологияға келуім – тағдыр» деген сарындағы сөздерді жиі естиміз. Сіздің бұл мамандықты таңдауыңызға тағдыр түрткі болды деп айта аламыз ба, әлде өзіңіздің қалауыңыз ба?
– Мен бала кезімде дәрігер болуды армандайтынмын. Сырқат жандарға көмектесу, оларды емдеу, үстіме аппақ халат киіп жүргенімді елестетінмін. Бала күнімнен «науқастарды емдесем» деген жан-дүниемде тамыр жайған арманым өзіммен бірге өсіп, өркендеп, осы мамандыққа алып келді деп ойлаймын. Екіншіден, анамның ықпалы болды. Мектепте үздік оқып, түрлі шаралардан, концерттерден, байқаулардан қалмай, домбыра, ән, би үйірмелеріне қатысып жүретінмін. Соған қарап, анам бала күнімнен «мұғалім боласың, сенің қолыңнан келеді» деп жиі айтатын. Анамның сөзі себеп болды ма екен, мектеп бітірген жылы Қарағанды қаласындағы Е.А.Букетов атындағы университеттің педагогика-психология мамандығына оқуға түстім. 1999 жылы үздік дипломмен аяқтадым. Шүкір, қазір 23 жыл болыпты, осы психология саласында еңбек етіп келемін. Бүгінде адам тәнінің дәрігері болмасам да, адам жанының дәрігері болып жүрген жайым бар.
– Жалпы психологияда «барлық мәселе балалық шақтан бастау алады» деген түсінік бар. Байқасаңыз қазір қоғамда осы тектес пікірлер жиі айтылады. Сіздіңше бұл қаншалықты орынды?
– Иә, қазірде «балалық жарақат» деген коллективті қондырғы қалыптасты. Өздерін мотиватор, коуч деп атайтын адамдар қай концепцияның түбірінен оны шығарып айтып жатқанын көп жағдайда біле бермейді. «Балалық жарақат» деген не? Кім шығарған? Бұл кімнің концепциясы? Кімнің теориясы? Бұл концепцияны барлық адамға жаппай қолдануға бола ма? деген мәселеге мән бермейді. Жалпы психологияның 400-ден аса мектебі бар. Қазіргі өміріңдегі қиындықтарды өткен шақпен байланыстырып, жұмыс істейтін психотерапия мектептерінің бәрі психоанализден бастау алған. Балалық шаққа оралып, өткен шақпен жұмыс жасау психоанализдің атасы – Зигмунд Фрейдтің концепциясы. Адам баласы қандай концепцияға сенсе, сол болады. Сіз қайсысына сенесіз, сол сізге жұмыс істейді. Сіз сенсеңіз болды. Түбірін қайдан шыққанын біліп алыңыз.
Иә, бала кезде алған «жарақат» сенің өміріңе белгілі бір деңгейде ықпалы ететіні сөзсіз. Бірақ бұның бәрі, яғни, балалық кездегі жақсы емес қарым-қатынастар, қиындықтар, сәтсіздіктер, ауыртпалықтар бұның ешқайсысы біздің тағдырымызды жасамайды. Бұл нені білдіреді? Бұл біздің өз өмірімізге алатын жауапкершілікті өзімізге алмай, басқа біреуге ысырып тастауды білдіреді. Өзіміздің әрекетімізге есеп беріп, ол неден туындады, не үшін жолым болмай жүр деп ойланып, оның бәрін өзіміздің қабылдаған шешімдерімізден іздеуіміз керек деп ойлаймын. Қиындықтарымыз бен сәтсіздіктерімізді балалық жарақатқа итере салатын болсақ, онда біз жауапкершілікті өзімізден аламыз да, басқа біреуге бере саламыз. Яғни, бұның түпкі негізінде қандай ой жатыр? Менің еш кінәм жоқ, мен дұрыс шешім қабылдап жүрмін. Бұған әкем немесе анам кінәлі деген дүние жатыр.
Адамдар ақшасының жоқтығын, денсаулық жағдайын тағы да басқа мәселелерін балалық шағыңнан деп естиді де, соны миға орнатып алады да, ойлана бастайды. Содан ата-анасын кінәлау басталады. Еңбек етіп, миын жұмыс істетудің орнына өмірінің бір бөлігін балалық шақтың жарақатын жазамын деп жоғалтып алады. Ол жара жазыла ма, жазылмай ма, құдай білсін. Ақшаға байланысты нәрсе – ол еңбек, бейнет, төзімділік, сабырлық таныту керек. Ал жеке өмірімізге қатысты дүниелер бізді өсіретін дүниелер. Ал біз барлығын балалық жарақатқа әкеліп тіреп тастаймыз. Соны тез-тез жазып алып, тез-тез байып кеткіміз келеді. Қиындықтар, сынақтар бізді өсіру үшін келеді. Бұдан біз мықты бола түсу керекпіз. Балалық кездегі сенің басыңа түскен қиындық, жарақатың сені өлтірмесе, демек сені ол мықты қыла түседі. Міне осыдан әсіресе, әйелдер қауымы балалық шаққа оралам деп реактивті неврозға ұшырауда. Бұдан коллективті невроз пайда болып жатыр.
– Сіздің әлеуметтік желілерде белсенді екендігіңізден хабардармыз. Осы орайда мынадай бір сұрақ ойға оралып тұр. Қазір онлайн кеңес беретін психологтар қарасы қалың. Камераның арғы жағында отырып кеңес беру түпкілікті нәтиже береді деп айтуға негіз бар ма? Бетпе-бет жүргізілетін терапия мен экран арқылы жасалатын жұмыстың ара жігін ажыратып, айырмашылығына тоқталсаңыз.
– Әлеуметтік желіде аса белсендімін дей алмаймын. Посттарымның бәрі өзіме ұнайтын, жазғым келетін дүниелер. Отбасым туралы, туған күн, жеке басыма қатысты және тағысын тағылар. Желіде жарияланған жазбаларымды оқыған адамға пайдасы тиетіндей, ой салатындай, қазақтың психологиясын негізге ала отырып жазамын. Психологияның атасы – нағыз біздің қазақ деп ойлаймын. Біздің ата-бабамыздың баяғыда қараша үйде отырып-ақ айтып кеткендерін қазір батыс психологиясынан оқығаныңда таң қаласың.
Енді сұрағыңызға келсек, қазірде табысты бірінші орынға қойған адамдар көбейді. Риясыз көмек еткісі келген адам олай жасамайды. Психологияда «Зияныңды тигізбе» деген қағида бар. Сол қағиданы берік ұстанамыз. Адамның жаны өте нәзік, сол нәзік әлемге кез-келген нәрсені тықпалай алмайсың. Ал экранның ар жағында қандай адам отырғанын білмейміз. Қатерлі ісікпен немесе шизофрениямен ауыратын адам отыруы мүмкін. Психологиялық ауыр жарақаттары бар, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарда отырады ол жерде. Коуч маманы сана деңгейінде ғана жұмыс жасайды, клиенттің денесінен, түпсанасынан проблеманың тамырын ала алмайды. Кейінге қалдырылған, ығыстырылған жарақаттармен де жұмыс жасай алмайды.
– Сіздің жекелеген мәселелерде ғана емес, отбасылық қиындықтарды да шешуде көмекке келіп, кеңес беретініңізді білеміз. Айтыңызшы, сізге келушілерді көп мазалайтын мәселе қандай?
– Маған көбіне келетіні – әйелдер қауымы. Әйел – эмоцияның адамы. Эмоцияға, сезімге берілгішпіз. Әйелдің табиғаты басқаларда бар нәрсені қалап тұрамыз. Соны идеализациялап жібереміз, өйткені ол бізде жоқ. Басқа әйелдің сұлулығы, зәулім үйі, қымбат көлігі, бақытты өмірі, атақ-даңқы, әдемі көйлегі және тағы басқа. Әлеуметтік желіде неше түрлі адам отыр. Біреу зәулім үйін көрсетеді, біреу ішкен тамағын көрсетеді, біреу саяхатын көрсетеді. Соларға қарап өзімізді түкке тұрғысыз сезінеміз. Осы кезде ішімізде негатив ой пайда болады. Міне, осы жерден біз күйзеліске түсеміз, өз-өзімізді қабылдамау, өзінің сырт келбетіне көңілі толмау, қызғану, өзімді төмен бағалау, өзімді салыстыру, өзімді кемсіту деген секілді. Тіпті өз бойындағы кейбір кемшіліктерді күнәға теңеп жіберетіндер де бар. Өзің қандайсың, солай қабылдау. Шешілмеген жарақаттар болуы мүмкін. Өзімізде барды қадірлеп, бағасын білуіміз қажет. Пушкиннің «Алтын балық» ертегісі бізге сабақ болуы керек. Құнсыздармауымыз керек, өзімізді.
– Байқайсыз ба, қоғамда адамдардың бір-бірін тыңдау, қолдау сынды құндылықтары екінші кезекке ығысып жатыр. Қазір жақының ақылына құлақ түргеннен гөрі сырттағы біреудің айтқанын ойға қонымды дейтіндер көп. Осындай дүниелердің қоғамда жиі көрініс табуы неден деп ойлайсыз?
– Жеңге мен қайынсіңілі арасында құпия, сыр болушы еді. Қазір сол жеңгелеріміздің орнын нумерологтар, сюцайлықтар басты. Нумеролог болжайды, ал оларға қызық. Психолог болжамайды. Классикалық психологияда сюцай, нумерология жоқ. Жалпы қоғамда бұл көріністердің белең алуы сананы тұрмыстың билеп алуынан туындап отыр деуге негіз бар. Соның салдарынан адамдар арсында қарым-қатынас екінші кезекке ығысып жатыр. Бірақ бұл да өткінші нәрселер. Адамдар соңында материалдық құндылықтардың рухани қажеттілігін қанағаттандыра алмайтындығын түсінеді деп ойлаймын.
– Адамдардың дені мәселелердің түйінін бір реттік әңгімелесу арқылы шешуге болады деп ойлайды. Консультация арқылы нақты нәтижеге қол жеткізу үшін қанша уақыт керек? Оның белгілі бір мерзімі бола ма?
– Ол адамның ішкі халіне, жеке бас ерекшелігіне, мінез-құлқына, темпераментіне, ерік-жігеріне, өмір сүрген салтына, кезеңіне байланысты. Психоаналитиктер айтады, жасы 30-дан асқан адам шамамен 20 жыл емделу керек дейді. Гештальттерапевтер айтады 8-12 жыл дейді. Ал экзистенциальды салада осы іргетастық мәселелерді қопару арқылы ары кеткенде 1-1,5 жыл емделуге болады дейді. Меніңше, өміріңізге қажетті дүниелерді бірнеше кездесулерден кейін де алуға болады.
– Бұрынғы мен бүгінгі буынның тәрбиесінде әлдеқайда алшақтық бар екендігі белгілі. Өзіңізге берілген ата-анаңыздың тәлімін қазіргі түсінікпен салыстыруға болады деп ойлайсыз ба? Ата-анаңыздың сізге қолданған ескі әдісін бүгінгімен қаншалықты сабақтастыра алып жүрсіз?
Бала тәрбиесі қазірде тым өзекті болып кетті. Техниканың қарқынды дамыған заманында балаға дұрыс тәрбие беру маңызды болып тұр. Біздің кезімізде телефон деген болмаған соң, ертегі, жыр тыңдап, кітап оқып, құмға аунап, суға шомылып өстік. Анамыздың қасында жүріп жүн түту, киіз басу, сырмақ тоқу, ұршық иіру, қуыршаққа көйлек тігу, құрақ құрау деген сияқты жұмыстарды жасадық. Анам осы жұмыстардың бәріне бір жағымда жүр деп үйретті және отбасылық дәстүрлеріміз бар болатын.
Қазірде ол кезең келмеске кеткенімен ұрпақтар сабақтастығы деген дүние бар. Жалпы кез-келген тәрбиеге қатысты жаңа дүниені ұлттық менталитетке, әдет-ғұрыпқа бейімдеу керек. Жалпы өзім қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрлерін қазіргі жаңа заманға лайықтап, бейімдегенді жақсы көремін. Қазіргі жас отбасыларында отбасылық дәстүр қалыптаспаған десем де болады. Бәріне топырақ шашпаймын. Қарапайым мысал келтірейін, бірге тамақ ішпеу, дайын асты тапсырыспен алдыра салу белең алып барады. Бұл баланы эмоциональды ашығуға апарады. Бала тәрбиесінде ананың рөлі басым деп айтқым келеді. Томас Эдисонның шешесі еврей. Ауру бала сондай жетістікке жетті. Ник Вуйчичтың шешесі де еврей. Нобель сыйлығын алған 800-ге адамның қаны еврейге қатысы бар екен. Ғылыми психологияда «техника еврейская мама» деген сөз бар? Қайдан шыққан ол сөз? Неге еврейлерде балаға ананың фамилиясы беріледі? Өйткені еврей аналар 100 процент ананың миссиясын орындайды. Өмірін арнайды. Ал бізде ата-аналар баладан «тамағың тоқ па?» деп сұрап, құрсақтың рөлін орындап жүрміз. Ұлтымыздың сапасын көтереміз десек, баланы дұрыс ойлауға үйретіп, дұрыс тәрбиелеу керек.
– Өзіңіз білесіз, қазір бірнеше курс, тренингтен өтіп, өзін психолог ретінде таныстырып, кәсіби мамандардың нанына ортақтасып жүргендер баршылық. Оларға сұраныстың жоғары екендігі де жасырын емес. Қалай ойлайсыз, сіз секілді кәсіби мамандар солардың көлеңкесінде қалып кетіп жатқан жоқ па? Адамдар нағыз мамандарды қалай ажырату керек? Ойыңызбен бөліссеңіз.
– Кәсіби психологтар кабинеттерінде кәсіби деңгейде қызмет көрсетуде. Олар өзіне сенімділігі соншалық «мен психологпын» деп жарияламайды. Олар публикаға мұқтаж емес деп ойлаймын, олар өзінің ғана жұмысымен айналысып отыр. Психологиялық білім бар маман ол – кәсіби психолог. Психологияның барлық салаларынан хабары бар, психотерапияның арнайы бір бағытын ұстанған, соны жетік оқыған маман. Кәсіби психологтар кәсіби этикетті қатаң ұстанады. Кәсіби психологтың алдына клиент келгенде 80 процент клиенттің, 20 процент психологтың еншісінде. Клиентті көбірек сөйлету – мақсатымыз. Кәсіби психолог клиентке ешқандай кеңес, уәде бермейді.
Ал әуесқой психологта олай емес. Әуесқой психологтарға таныстары, достарының жақындары келеді. Нақты кеңестер айтады, өз бетінше мәселесін шешуге мүмкіндік бермейді. «Бәрі жақсы болады, уайымдама» деген секілді жұбату сөздерімен уәде беруі мүмкін. Кәсіби психологтар өздерінің психикалық денсаулықтарына аса қатты мән береді. Ең алдымен, кәсіби психолог өзінің жеке психологиялық мәселелеріне жеке, топтық терапиялардан өтеді. Бұл бізде міндетті. Ал кәсіби психологтар клиентті өз өмірін өзінің қолына алуға жұмыс жасайды. Әуесқой психологтарда психологиядан жалпылама білімі бар адамдар. Олар көбінесе өздерінің таныстарына сөз арқылы көмектеседі. Жауапкершілікті өздеріне алып алады, бұл адамдарға ұнайды. Коуч, мотиваторлар бір әдісті, бір техниканы жаппай өткізеді. Адамның жеке ерекшелігі деген мәселе ескерілмейді. Ал кәсіби психологтар әдісті клиенттің жеке ерекшеліктерін ескере отырып, таңдап жұмыс жасайды. Яғни алдына келген клиентпен жұмыс жасаудың алгоритмені құрып барып, жұмыстанады.
– Айгүл Үсейінқызы, саналы да сапалы қоғам құру жолындағы жұмысыңыз жемісті болсын дегім келеді. Мазмұнды мәліметпен бөлісіп, әсерлі әңгіме өрбіткеніңізге көп рақмет!