*Kyzylorda-news.kz. Бүгін Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев аудандық ауруханада коронавирус инфекциясына қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдырды. Екпе аудан басшысының ағзасына теріс әсер берген жоқ.*
Қауіпті індетке қарсы вакцина салдыру ауданда бүгіннен басталды. Қазіргі таңда ауданға ресейлік I, II типтік вакцинасының 100 дозасы жеткізілді. Ал қалған бөлігі кезең-кезеңімен толықтырылады.
Екпе егу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық ауруханада санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай егу бөлмелері әзірленген. Вакциналау жұмыстарына аудан бойынша 6 дәрігер, 4 мейірбике тартылып отыр.
«Қазір ауданда жағдай қалыпты болғанымен қауіпті індет түбегейлі жойылуы қажет. Сондықтан адам ағзасы жұқпалы кеселге қарсы тұру үшін екпе салдырған жөн. Бүгін ауданда вакциналау басталып, арнайы екпе салдырдым. Дәрігерлер ине салған орынды су тигізбей, жылы ұстауға кеңес берді. Баршаңызды екпе салдыруға шақырамын», – деді аудан әкімі Талғат Дүйсебаев.
Сондай-ақ бүгін қауіпті инфекцияға қарсы аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудан әкімі аппаратының басшысы Талант Ерманов және аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері екпе салдырды.
Ауданда вакциналау жұмыстары алғашқы кезеңде медицина саласының қызметкерлеріне, оның ішінде қабылдау, жұқпалы аурулар бөлімінің, жансақтау және хирургиялық бөлім қызметкерлеріне жүргізілмек. ІІ кезеңде мұғалімдерге және жұқтыру қаупі неғұрлым жоғары болып саналатын жұмыс орындарының қызметкерлеріне салынатын болады.
Айта кетейік, еліміз бойынша биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап ерікті түрде коронавирусқа қарсы вакциналау жұмыстары басталған болатын.
