Kyzylorda-news.kz. Аз күнде ел ішіне кеулеп кірген омикрон неге жылдам тарайды? «Мүмкін бұл жай ғана тұмау шығар» деп ойлап жүргендер де бар. 100-ден аса мемлекеттен анықталған бұл вирус Қазақстанды да әуреге салып тұр. Сонымен біз осы омикрон жайлы нені білуіміз керек?

Соңғы тәулікте ел бойынша 16 мыңнан астам адам вирус жұқтырды. Бұл бір апта бұрынғы дерекпен салыстырғанда 4 мыңға көп. Аурудың аз уақытта мұнша жылдам өршуіне не себеп? Мамандардың пайымдауынша, бұған коронавирустың омикрон түрінің таралуы түрткі болуы мүмкін. Өйткені індеттің бұл түрі аса қауіпті болмағанымен көз ілеспес шапшаңдықпен тарап жатыр.

“Коронавирусты инфекцияның омикрон штамының ерекшелігі – оның контагёзділігі жоғары. Контагёздік дегеніміз инфекцияның адамнан адамға жұғу қасиеті. Яғни омикрон штамының дельта штамға қарағанда жұқпалылығы 7 есе жоғары. Инкубациялық кезеңі басқа штамдарға қарағанда аз уақытты құрайды, орта есеппен 2-5 күн аралығы, – дейді дәрігер Арайлым Сайлыбай.

Демек, бұрын коронавируспен ауырсаңыз, омикронның жұқпайтынына еш кепіл жоқ. Сондықтан бойыңыздан ауру белгілерін байқасаңыз дереу дәрігерге қаралыңыз, дейді мамандар. Мұның үстіне вирустың өршуіне байланысты елде жедел жәрдем шақырушылар көбейген.

“Бүгінде бізде 3 мыңға жуық мобильді топ бар. Омикронның таралуына байланысты алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының жүктемесі артты. Жағдайға сәйкес, олардың жұмыс жоспары қайта қаралып, колл-орталықтар тәулік бойы қызмет етуде. Алдағы уақытта жүктеме артатын болса, 1600 қосымша мобильді бригада резервте тұр”, – деді ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова.

Иә, омикронмен ойнауға болмайды. Мұны әлем мамандары да мойындап отыр. Мұның үстіне “омикрон пандемияның соңғы демі болуы мүмкін” деген пікірді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдері жоққа шығарды. Күллі әлемді үрей құшағында ұстап отырған қауіпті індет әлі айылын жиған жоқ. Уақыт өте коронавирус құбылып, жаңа түрлері шығып жатыр. Мамандардың айтуынша, жағдайды ушықтырмаудың жалғыз жолы санитарлық талаптарды мұқият сақтап, екпе алу.

Хабар 24

Тағы да оқыңыз: