Kyzylorda-news.kz. Соңғы 2 аптада осындай өсім байқалды. Қазір барлық аймақта дерт дендеп барады. Тәулігіне инфекция жұқтырудың 3 мың жағдайы тіркеледі. Науқастардың 94 проценті амбулаториялық ем қабылдауда. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ажар Ғиният жыл басынан бері ковидке 6 мың бала шалдыққанын да тілге тиек етті. 423 бүлдіршін қазір ем алуда. Алайда оның үшеуі жансақтау бөлімінде. Балалардың 21 процентінде ауру жеңіл өтеді. Ал 77% орташа деңгейде еңсеріп жатыр. Бұл ретте министр әр 6 ай сайын коронавирусқа қарсы екпе алып тұру керектігін ескертті. Бүгінде ревакцинация қарқынды жүріп жатыр. Егілуге тиісті халықтың 68 проценті немесе 5 млн-нан аса адам екпе алған.
«Коронавирус инфекциясының қазіргі түрінде ауру жеңіл өтеді. Бірақ қауіпті топқа, яғни, аурудың қатаң түрімен ауыратындарға, жүкті әйелдер, 60 жастан асқан егде адамдар, созылмалы қосалқы аурулары бар науқастар, КВИ-ға қарсы егілмегендер жатады. Коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың қазіргі сипаты науқастарда аурудың жеңіл түрімен өтуімен бірге, дер кезінде емделмесе аурудың асқынуы да байқалуда», – дейді ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.