Kyzylorda-news.kz Нарықтық экономиканың орнықты дамуы, ең алдымен, шағын және орта кәсіпкерліктің ахуалымен тығыз байланысты. Кәсіпкерлік – бұл тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар жаңа идеялардың, инновациялық бастамалардың және әлеуметтік жауапкершіліктің тоғысқан саласы. Мемлекеттің экономикалық саясаты аясында шағын және орта бизнесті қолдау елдің ішкі әлеуетін арттыруға, экономиканы әртараптандыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған стратегиялық басымдықтардың бірі болып отыр.
Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде де маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілерінің көбеюі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне, еңбек нарығының жандануына және азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамту мүмкіндіктерінің кеңеюіне жол ашады. Сонымен қатар кәсіпкерлік қызмет ауылдық аумақтардың дамуына серпін беріп, өндірістік және қызмет көрсету салаларының теңгерімді өсуіне ықпал етеді.
Экономиканың түрлі секторларын қамтитын шағын және орта бизнес құрылымдары ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, бәсекелестік ортаны қалыптастыру арқылы қызмет көрсету сапасының артуына негіз болады. Бұл өз кезегінде тұтынушылар сұранысының қанағаттандырылуына, кәсіпкерлік мәдениеттің дамуына және іскерлік белсенділіктің өсуіне әкеледі. Қазіргі жаһандану жағдайында шағын және орта кәсіпкерліктің икемділігі мен бейімделу қабілеті экономикалық сын-қатерлерге төтеп берудің маңызды факторы ретінде бағаланады.
Мемлекеттік қолдау шараларының жүйелі жүзеге асырылуы, қаржылық және институционалдық тетіктердің жетілдірілуі кәсіпкерлік субъектілерінің тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызуда. Әсіресе, жеңілдетілген несие, гранттық қаржыландыру, инфрақұрылымдық қолдау және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы шаралар бизнес белсенділігінің артуына оң әсерін тигізіп келеді.
Осы орайда жалпы облыс қана емес, аудандардағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейін талдау, оның сандық және сапалық көрсеткіштерін зерделеу ерекше маңызға ие. Мәселен Жаңақорған ауданында 6292 бірліктегі белсенді субъект, 6504 шағын және орта кәсіпкерлік субъект, оның 398-і заңды тұлға, 2003-і шаруа қожалығы, ал 4103 жеке кәсіпкер бар. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі − 96,7 пайыз. Өңірде 596 сауда мен қызмет обьектісі жұмыс істейді, олардың ішінде 11 сауда үйі, 380 азық-түлік және азық-түлік емес сауда дүкені, 146 тұрмыстық қызмет көрсету және 59 қоғамдық тамақтандыру орындары жұмыс істейді. Бөлшек сауда айналымы 5 958,2 милион теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстарғанда индекс өсімі 100 пайызды құраған.
Ауданда кәсіпкерлік саласын дамытуда атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктермен қатар атқарылатын жұмыстар көп. Осыған орай «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында іске асырылатын жаңа жобаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әл-аухатын жақсарту, салықтық базаны көбейту және басқа да кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымдарын дамыту жұмыстары халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына одан әрі жағдай жасай беру басты бағыт ретінде қала бермек. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберіндегі несие жұмыстары да қалыпты, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы құны 575,3 миллион теңге болатын 7 жоба қаржыландырылса, «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы құны 852,9 миллион теңгені құрайтын 38 жоба несиелермен қаржыландырылды. Қызылорда «Өңірлік Инвестициялық Орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы құны 19 миллион теңге болатын 3 жоба, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» ӘКК АҚ қаржы ұйымы арқылы 224,8 миллион теңге болатын 27 жоба, аудан бойынша жыл басынан бері барлық қаржы көзінен 74 жобаға 1667 миллион теңгенің несиесі қаржыландырылған.
Кәсіпкерлердің де жұмысы жандануда. Мәселен былтырдың өзінде аймақтың оңтүстік ауданында атқарылған жұмыс жемісті болып, Сыр салысы мен теңіз тыранынан бөлек мақтануға тұрарлық дүние көп болғанды. Шаруасы ширақ шаруа қожалықтағы егіс алқабына табан тірегенде ақ топырақ ғайып болып, аяғымыздың асты жасыл түстес кілемге айналған еді.
Қарбыз алқабындағылардың айтуынша, өнімдерін жылда шетелге жібереді екен. Сол уақытта қожалықта жалпы 2 223 гектар жер болды. Алдыңғы жылдары 15 гектар дәндік жүгері және 44 гектарға қарбыз дақылдарын орналастырса, былтыр 5 гектар дәндік жүгері, 65 гектар бақша дақылдары егілген. Егіс алқабының иесімен тілдескенде: «Аймақ басшысының қолдауымен отбасылық егістікті қолға алдық. Өнімнің сапасы өте жақсы. Ауа райы да қарасқандай болды. Суару бойынша мәселе болмады», − деген еді. Сондай-ақ Жаңақорған кентіне қарасты «Алдияр» шаруа қожалығының да еңбегі елеулі. Бұл шаруашылықта картоп пен бақша дақылдары егілген. Қожалық иелері бақша, көкөніс өсіру мақсатында 5 гектар жер телімін алған. Былтыр 2 гектар картоп және қалғанына бақша дақылдарын екті.
Жоғарыда «Ауыл аманаты» жобасы жайлы жаздық. Расымен «Ауыл аманаты» – кәсіпке демеу. Жаңақорғандық жеке кәсіпкер Наурызбек Айымбетовтың жылыжайына бағыттап барғанда жылыжайда өсірілген қызанақ, қиярдан дәм таттық.
Еңбегі сіңген әр көкөкністің дәмі расымен балдай болды. Ол 2023 жылдан бастап жеке кәсіппен айналысып, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жылыжай жұмысын өркендетуде. Ерте көктемнен бастап қара күзге дейін жылыжайдың жұмысымен жүреді. Кәсіп иесінің айтуынша, жылыжайдан алған өнімдерін аудан ішінде сатады. Бұл алғашында 2 сотық жермен басталған көрінеді. «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, кәсібінің аумағын кеңейткен. Наурызбек Айымбетов бұған дейін Алматы қаласында жұмыс істеген. Сұхбат барысында уақыттың тез өтетінін, айлықтың аз екенін айтқан болатын. Ал бүгінде кәсібінің жемісін көруде. Отбасылық бизнес өте тиімді әрі жас ұрпаққа үлгі деп санайды.
Тағы бір ерекше кәсіп − экоханымның өнімі. Эко төсемше шығару өндірісін қолға алған Айдана Жаңабайқызының кәсібі де ерекше назар аудартады. Ол Ұлттық жоба аясында 5 миллион теңге көлемінде қаржы иеленіп, эко-жөргектер шығарған.
− Мұның барлығы сұраныстан, қажеттіліктен басталды десем қателеспеймін. Жас кезімнен тігін ісіне жақын болдым. Өзіме ғана дайындап жүрдім. Ана атанғаннан кейін балаларыма да табиғи, таза өнімнен жөргек тігіп бастадым. Осылай кәсібім басталып, тапсырыс қабылдауға көштім, − деді кәсіпкер.
Жөргектермен қатар ана мен балаға, перзентханаға арналған сөмкелер дайындайды. Сондай-ақ бесік жасауларын да әзірлейді. Сұранысқа сай ассортименттер де көбейе бермек. Эко-өнім Қазақстан бойынша таратылады. Бала терісіне жағымды, аллергия тудырмайтын жөргектерді Айдана Жаңабайқызының командасы дайындайды.
− Жөргектердің өлшемі стандарт келеді. Бала туылғаннан бастап бір жарым жасқа дейін қолдана алады. Ал эко-іш киімнің түрлі өлшемдері бар. Негізі мұндай өнімдер Қытайда да өндіріледі. Ерекшелігіміз – біздің жөргектер жақсартылған нұсқа. Бір өнім 2000 жууға дейін қолданыла береді, − дейді Айдана Исраилова.
Қазіргі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында кәсіпкерлік қызметтің алатын орны ерекше. Әсіресе аудан деңгейіндегі кәсіпкерлік – жергілікті халықтың әл-ауқатын арттырудың, жұмыссыздықты азайтудың және аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі. Кәсіппен айналысу тек жеке табыс табудың жолы ғана емес, сонымен қатар қоғамға, мемлекетке және өңірдің дамуына тікелей үлес қосатын маңызды сала.
Ең алдымен, кәсіпкерліктің басты маңызы – жұмыс орындарын ашу. Аудандарда ірі өндіріс орындары көп бола бермейтіндіктен, шағын және орта бизнес халықты жұмыспен қамтудың негізгі көзіне айналады. Дүкендер, шеберханалар, қызмет көрсету орталықтары, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, тамақтану орындары – мұның барлығы жергілікті тұрғындарға тұрақты жұмыс ұсынып, табыс табуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, өмір сүру деңгейі көтеріледі.
Кәсіпкерлік қызметтің тағы бір маңызды қыры – экономиканы дамытудағы рөлі. Кәсіпкерлер өндірген өнімдер мен көрсеткен қызметтер аудан экономикасының айналымын арттырады. Жергілікті бюджетке салық түсімдері көбейіп, бұл қаражат мектептер, ауруханалар, жолдар және басқа да әлеуметтік нысандарды дамытуға жұмсалады. Осылайша кәсіпкерлік ауданның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оның ұзақ мерзімді дамуына негіз қалайды.
Сонымен қатар кәсіпкерлік бәсекелестік ортаны қалыптастырады. Бәсекелестік болған жерде өнім мен қызмет сапасы артады, бағалар қолжетімді бола түседі, жаңа идеялар мен жаңашылдықтар пайда болады. Ауданда бірнеше кәсіпкер бір салада жұмыс істесе, олар тұтынушыны тарту үшін өз қызметін жетілдіруге, жаңа технологияларды енгізуге, қызмет көрсету мәдениетін жақсартуға ұмтылады. Бұл ең алдымен қарапайым халық үшін тиімді.
Кәсіппен айналысудың тағы бір үлкен пайдасы – жеке тұлғаның дамуына әсері. Кәсіпкерлік адамды жауапкершілікке, еңбекқорлыққа, табандылыққа, тәуекелге баруға және шешім қабылдай білуге үйретеді. Өз кәсібін ашқан адам жоспар құруды, қаржыны тиімді басқаруды, адамдармен қарым-қатынас жасауды, уақытты дұрыс пайдалануды меңгереді. Мұндай қасиеттер кез келген салада қажет болатын өмірлік маңызды дағдыларға айналады.
Аудандық деңгейдегі кәсіпкерлік жергілікті ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Мысалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, мал шаруашылығы, қолөнер, қызмет көрсету салалары ауданның табиғи және экономикалық мүмкіндіктеріне тікелей байланысты. Кәсіпкерлер осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шикізатты сыртқа шығармай, өз өңірінде өңдеп, қосымша құн қалыптастырады. Бұл аудан экономикасының өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырады.
Кәсіпкерліктің тиімділігі оның икемділігінде де көрінеді. Шағын және орта бизнес нарықтағы өзгерістерге тез бейімделе алады. Халықтың сұранысы өзгерсе, кәсіпкер өз қызметін соған қарай бағыттай алады. Бұл аудандар үшін аса маңызды, себебі мұнда нарық көлемі шектеулі болғандықтан, икемділік пен бейімделу қабілеті шешуші рөл атқарады.
Сонымен қатар кәсіпкерлік әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады. Өз кәсібі бар адам қоғамда белсенді болады, жергілікті мәселелерге бейжай қарамайды, қайырымдылық шараларына қатысады, ауыл-ауданының дамуына үлес қосады. Көптеген кәсіпкерлер демеушілік жасап, спорттық, мәдени іс-шараларды қолдап отырады. Бұл аудан тұрғындарының бірлігін арттырып, қоғамдық өмірді жандандырады.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар да кәсіпкерліктің тиімділігін арттыра түсуде. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдетілген несиелер, гранттар мен оқыту курстары кәсіп бастаймын деген азаматтарға үлкен мүмкіндік береді. Осындай қолдаулардың нәтижесінде аудандарда жаңа кәсіпорындар ашылып, бұрыннан бар кәсіптер кеңейіп келеді. Кәсіпкерлік – ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуының қозғаушы күші. Ол халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, өмір сапасын жақсартады, жергілікті бюджетті толықтырады, жаңа мүмкіндіктер мен болашаққа деген сенім қалыптастырады. Сондықтан кәсіппен айналысу – жеке адам үшін де, тұтас аудан үшін де аса маңызды әрі тиімді бағыт.
Аудандағы өнеркәсіп жайлы не айта аламыз? Қыркүйектегі мәлімет бойынша, өнеркәсіп өнімдерін өндіру 136 445 миллион теңге болып, нақты көлем индексінің өсімі 109 пайызын, ал өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін өндіру 83 093 миллион теңге болып, нақты көлем индексінің өсімі 108,1 пайызды құраған. Аудан табиғи қазба байлықтары: уран, әктас және полиметалл кендерінің молдығымен ерекшеленеді. Ауданда өнеркәсіп саласы бойынша 5 ірі, 22 шағын заңды тұлғалар жұмыс істейді.
Оның ішінде 1 мекеме полиметалл кенін, 3 уран өнімдерін өндірумен, 1 күкірт қышқылын өндірумен, 20 құрылыс заттарын шығарумен, 2 тамақ өнімдерін өндірумен айналысады. Бұдан басқа ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіретін 23 жеке кәсіпкерлік субъектілері бар. Оның 8-і тамақ өнімдерін, 12 құрылыс заттарын, 3 жихаз шығарумен тұрақты жұмыс жасауда.
Ал қиыршықтас, құмды тас қоспасы, доломит, әк және басқа да құрылысқа қажетті заттарды шығарумен аудандағы құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорындар әртүрлі фракциялы айналысады. Қазіргі уақытта ауданда әртүрлі фракциялы қиыршықтас өнімдерін шығаруда «Shalkiya Dolomite Operating» ЖШС, «УАД» ЖШС, «Мелиоратор» ЖШС, «Шалкия тас» ЖШС, «Сарман Тастақ Жаңақорған» ЖШС, әк өнімдерін шығаруда «Орда Строй Март» ЖШС, «Куат Әк» ЖШС және тағы басқа мекемелер айналысады. Соңғы жылдары қабырғалық құрылыс материалдарын щығару жылдам қарқын алған. Бұл күндері Жаңақорған кентінің өзінде 20-дан астам шағын цехтар жұмыс істеуде.
Аудан экономикасының өркендеуіне зор үлес қосып отырған «Казатомпром» АҚ-ға қарайтын уран өндірісімен айналысатын Қызылқұм ЖШС, Байкен-U ЖШС, жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін СКЗ-U ЖШС, қорғасын-мырыш кенін өндіретін «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ, қиыршық тас өндіретін «Shalkiya Dolomite Operating» ЖШС, «УАД» ЖШС, «Сарман Тастақ Жаңақорған» ЖШС, «Премиум Класс-Строй» ЖШС әк өндіретін «ОСТ» ЖШС, «Қуат Әк» ЖШС компаниялары. Бұл компаниялар заман талабына сай жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтарды қолдану арқасында қомақты табыс әкелуде. Жалпы ауданның дамуында негізгі күш жоғары қосымша құны бар жоғары технологиялық өндірістерді құру арқылы ауданның минералды ресурстарды игеру базасында өңдеуші өндірістерді көтеруге салынады.
Алдағы жылдары, ауданда бірнеше инвестициялық жобалардың іске асырылуы жоспарлануда. «Нұрболат» шаруа қожалығының жылына 2000 тонна ет өнімдерін өндіретін мал сою пунктінің жобасы 2025 жылдың сәуір айында іске асырылды. Жобаның құны 319 миллион теңге. Ашылатын жұмыс орны − 10. «Бекарыс Агрофуд» ЖШС жылына 500 тонна ет өнімдерін өндіретін мал сою пунктінің жобасы 2025 жылдың мамыр айында іске асырылды. Жобаның құны 120 миллион теңге. Ашылатын жұмыс орны – 8. «Caspian Services Asia» ЖШС-ның «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізіндегі «В» санатты жол бойындағы қызмет көрсету кешені. Жоба бойынша қонақ үйі, қоғамдық тамақтандыру орны, жанар-жағар май бекеті, монша, жолаушыларға қызмет көрсету (автовокзал) бекеті салынады. Жоба құны 1 миллиард теңге. Ашылатын жұмыс орны − 20. «Шалкия тас» ЖШС темір-бетон зауытын іске асыруды жоспарлап отыр. Жоба бірыңғай индустрияландыру картасына енген. Мемлекеттік қолдау ретінде 6 гектар жер телімі берілді. Жоба құны 700 миллион теңге. Ашылатын жұмыс орны − 10. Сонымен қатар «Шалкия тас» ЖШС асфальт зауытын 2026 жылдың ІV тоқсанында толықтай іске асырады. «Алаш метан» ЖШС «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі бойындағы «Метан бекеттерін салу» жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін құжаттар әзірленуде. Жобаның іске асырылатын уақыты 2026 жыл. Жобаның құны 600 млн теңге. Ашылатын жұмыс орны 20. «Qaratau Fruits» шаруа қожалығы Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің бойынан сиымдылығы 5450 тонна жеміс (алма) және көкөніс сақтау қоймасын салу және сағатына 1200 литр алма шырынын өндіру кешенінің жобасы. Жоба құны 5,3 млрд теңге. Ашылатын жұмыс орны 20. «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ Шалқия полиметалл кен орнын өнеркәсіптік игеру жобасы бойынша қазіргі таңда жерасты кенішінің құрылысы жүріп жатыр. Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша жеңілдетілген кезеңді тиімді пайдалану, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ инвестициялық міндеттемелерін орындау мақсатында «Тау-Кен Самұрық» АҚ-ға өңдеу фабрикасын салу және кен өндіруді қамтамасыз ету тапсырылды. «Майнинг Консалт Ко» ЖШС-ның полиметалл кендерін өндіру және қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту комбинатын салу жобасы. Жылдық қуаты − 1200 мың тонна кен өндіру. 1216 адамға жұмыс орны ашылады. Жобаның жалпы құны 53,4 млрд теңге. Бүгінгі таңда геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның басталу уақыты 2028 жыл.
Жалпы алғанда, Жаңақорған ауданының бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалы кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің жүйелі дамуының нақты айғағы болып отыр. Шағын және орта бизнестің кеңеюі, өндірістік қуаттардың артуы, инвестициялық жобалардың іске асуы аудан экономикасын сапалы жаңа деңгейге көтеріп, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруда. Бұл үрдістер тек экономикалық өсім көрсеткіштерімен ғана шектелмей, аудан тұрғындарының өмір сапасына, әлеуметтік көңіл-күйіне және болашаққа деген сеніміне тікелей ықпал етуде.
Ауданда кәсіпкерлік қызметтің кеңінен қанат жаюы халықтың еңбекке деген ынтасын арттырып, өз мүмкіндігін туған жерінде жүзеге асыруға жол ашты. Бұрын ірі қалаларға барып жұмыс істеуге мәжбүр болған азаматтар бүгінде аудан аумағында кәсіп ашып, тұрақты табыс көзін қалыптастырып отыр. Бұл ішкі көші-қон үдерісін баяулатып, ауылдардағы демографиялық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар отбасылық кәсіпкерліктің дамуы ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, еңбек мәдениетінің қалыптасуына оң әсерін тигізіп отыр.
Шағын және орта кәсіпкерлік тек табыс көзі ғана емес, сонымен бірге экономиканың тірек буынына айналып келеді. Сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер жергілікті нарықты сапалы әрі қолжетімді өнімдермен қамтамасыз етуде. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықтың тұрақтылығын күшейтеді. Аудан экономикасында өндірілген әрбір өнім мен көрсетілген әрбір қызмет қосымша құн қалыптастырып, жалпы өңірлік өнімнің өсуіне ықпал етеді.
Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктерінің тиімді жүзеге асуы кәсіпкерлік дамуының басты қозғаушы күштерінің біріне айналды. Жеңілдетілген несиелер, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, гранттық қаржыландыру, инфрақұрылымдық қолдау шаралары кәсіпкерлердің өз ісін бастауына және кеңейтуіне нақты серпін берді. Әсіресе ауылдық жерлерде бұл қолдаулардың әлеуметтік маңызы зор, себебі олар халықты еңбекпен қамтып қана қоймай, ауыл экономикасының жандануына ықпал етеді.
Аудан өнеркәсібінің даму көрсеткіштері де экономиканың берік іргетасын айқындайды. Табиғи ресурстарды игеру мен өңдеу салаларының қатар дамуы ауданға ірі инвестиция тартуға мүмкіндік беріп отыр. Уран, полиметалл, құрылыс материалдары өндірісі сияқты салаларда жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін толық ашуға бағытталған. Бұл салаларда заманауи технологиялардың енгізілуі еңбек өнімділігін арттырып, экологиялық және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашады.
Алдағы жылдарға жоспарланған ірі инвестициялық жобалар аудан экономикасының ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды. Өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобалар жоғары қосымша құны бар өнімдер шығаруға мүмкіндік беріп, шикізаттық бағыттан біртіндеп арылуға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде бюджет кірістерінің тұрақты өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына ықпал етеді.
Сонымен бірге кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің дамуы әлеуметтік жауапкершілік мәдениетінің қалыптасуына да әсер етуде. Көптеген кәсіпкерлер мен өндіріс орындары ауданның әлеуметтік өміріне белсенді қатысып, білім беру, спорт, мәдениет салаларындағы бастамаларды қолдауда. Мұндай серіктестік қоғам мен бизнестің өзара сенімін арттырып, ортақ мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Экономиканың әртараптандырылуы − аудан дамуының басты стратегиялық бағыты болып қала береді. Бұл бағытта ауыл шаруашылығын өңдеумен ұштастыру, логистикалық және сервистік қызметтерді дамыту, туризм мен экологиялық таза өнім өндірісін қолдау сынды жаңа мүмкіндіктер қарастырылуда. Осындай кешенді көзқарас аудан экономикасының сыртқы өзгерістерге төзімділігін арттырып, тұрақты өсімді қамтамасыз етеді.
Қорытындылай келе, Жаңақорған ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласындағы даму үрдістері жүйелі мемлекеттік саясаттың, жергілікті басқару органдарының мақсатты жұмысының және кәсіпкерлердің белсенділігінің нәтижесі екені анық. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру, кәсіпкерлік ортаны одан әрі жетілдіру, инвестициялық ахуалды жақсарту ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа белеске көтереді.
Кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің өркендеуі − аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттырудың, тұрақты жұмыс орындарын құрудың және болашақ ұрпаққа сенімді экономикалық негіз қалдырудың ең тиімді жолы. Сондықтан бұл салаларды дамыту Жаңақорған ауданы үшін ғана емес, тұтас өңірдің және ел экономикасының орнықты дамуына қосылатын маңызды үлес болып қала бермек.
Аружан ОРАЛБАЙ
Фото: автордікі
