Kyzylorda-news.kz Соңғы жылдары кәсіпкерлік саласына серпін беруде нәзікжандылардың қосқан үлесі зор. Оған мемлекет тарапынан берілетін қолдаудан бөлек, өз қаражаты есебінен шағын және орта бизнес саласында жоғары жетістікке жетіп жүрген кәсіпкер келіншектер дәлел. «Адамды адам ететін еңбек» деген қағиданы ұстанатын Жалағаш ауданының тұрғыны Сәуле Нұрмаханова – кәсіпкерлік саласында өзіндік орны бар, озық келіншектердің бірі. Ол аудан тұрғындарының сұранысына сай жартылай дайындалған өнімдер өндіреді.
Бойжеткен кезінен дәмді тағамдар мен тәттілер пісіруге қызығушылығы жоғары Сәуленің сол кездегі арманы шағын асхана желісін ашу болған. Сол арманның жетегінде жүріп, кәсібінен нәсібін тауып жүрген іскер келіншек бүгінде халықтың алғысын алып, талғампаз тұтынушылар көңілінен шығуда.
– Негізі бала күнімнен өнерге жақын болдым. Мектепте баян аспабында ойнап, ән айтып сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүргеніммен аспаз болуға деген қызығушылығым басымырақ болды. Қазіргі таңда жетістікке жету үшін өзіңе инвестиция құйып, іздену және білім алып, даму қажет. Заман талабына сай мен де Алматы қаласында мықты аспаздардан дәріс алып, тәжірибе жинадым. Мақпал, Жанат, Сымбат есімді аспаздардың курсына арнайы барып, білімімді жетілдірдім. Содан соң осында келіп кәсіп ашуды қолға алдым. Ал бұл кәсіппен айналысқаныма енді бір жыл болады, – дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі таңда кәсіпкер келіншек 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ол жартылай дайындалған өнімнің түр-түрін, мәселен, манты, тұшпара, котлет, тефтели, голубцы, жайма, кеспемен аудан орталығындағы «Бағдат», «Сәтті», «Бибігүл ана», «Қаракөз» сынды дүкендердің сауда желілерін қамтамасыз етуде. Айта кетейік, өнім аудан тұрғындарына қолжетімді бағада, «Сәуледен сарқыт» сауда маркасымен сатылуда.
Кәсібін ең алғаш екі түрлі өнім шығарумен бастаған Сәуле қазіргі кезде әлеуметтік желіден арнайы парақша ашып, тұтынушылармен тұрақты байланыс орнатқан. Ең алғаш бес қалта манты мен жеті қалта тұшпараны «Сәтті» дүкенінің сөресіне қойған ол бүгінде аудан, ауыл тұрғындарына едәуір танылған, күніне орташа есеппен 25-30 килограмм өнім өндіреді. Оның айтуынша, ең жоғары сұранысқа ие өнім – тұшпара мен жайма. Кәсіпкер келіншек үй өнімдері сұранысқа ие болғандықтан алдағы уақытта тұрғындардың таңдауына сай өнімнің санын еселеп, оларды өзге де дүкен сөрелерінен халыққа қолжетімді етіп, ауылдарға да тасымалдап, кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Мәселен, алдағы уақытта халықтың сұранысы бойынша түрік ағайындардың таңғы асы сигара бөректі қосқысы келетінін айтады. Кәсіпкер келіншек сұхбат барысында сапасы жоғары өнімге сұраныста та көп болатынын тілге тиек етті.
– Бұл кәсіпті қолға алғанға дейін, 2000 жылдары таба нан пісіріп, сататынмын. Ол кезде қазіргідей техника дамымаған. Үлкен кісілер біледі, ол жылдары «мылқау пеш» деген болатын. Сол пешпен таба нан пісіріп, ыстықтай дүкен сөрелеріне апарып қоятынмын. Алдағы үлкен жоспарым – цех ашу. Бүгінде фундаменті қаланды. Көктемде ашылу салтанатын жасасақ деген ниеттеміз. Одан бөлек Қытайдан қажетті құрылғыларды алдырғалы жатырмын, – дейді ол.
Кейіпкеріміз жартылай дайын өнімнен бөлек қазы, әсіп, түрлі рулеттер, әртүрлі салаттар, ыстық тағамдарды арнайы «Дайын дастархан», «Құтты қонақ», «Ақ отау», «Бай дастарқан» сынды біріктірілген тағамдарды тапсырыспен әзірлейді. Байқасаңыз, қазір кез келген дүкеннің төрінен жартылай дайын тамақтың түрін таңдап жүріп аласыз. Үнемі жұмыстан қолы босамайтын отбасыларға бұл таптырмас мүмкіндік. Тек дайын өнімді үйге апарып пісіре саласың. Бұл да заманның, технологияның дамып келе жатқанының көрінісі, уақыт үнемдеудің бір түрі екені рас.
– Мен – Сәуле апаның өнімдерін тұрақты тұтынушылардың бірімін. Себебі кешке жұмыстан асығып үйге жеткенде балаларыма дәмді әрі тез дайындалатын тағам әзірлеу үшін Сәуле апаның өнімдерін жиі пайдаланамын. Балаларым әсіресе тұшпара мен котлетті сүйіп жейді. Сондықтан азық-түлік аларда «Сәуледен сарқыт» маркалы өнімін молынан аламын. Бастысы, өнім таза әрі сапалы, – дейді кент тұрғыны Гүлжайна Ерланқызы.
Иә, қазіргі таңда екі қолға бір күрек таппай жүрген әйелдер көп. Сондай-ақ кез келген істі бастағанда тәуекелге бел буып, алған бетінен қайтпай, айқын мақсатына жететіндер де аз емес. Сондай тәуекелшіл жандардың бірі – кейіпкеріміз Сәуле Нұрмаханова. Жеткен жетістігін аудан тұрғындарынан алған алғысына балаған ол, берекелі кәсібі арқылы туған жерінің дамып, көркеюіне өзіндік үлесін қосуды көздейді.