Kyzylorda-news.kz Бұрын жергілікті жұрт ауылдық жерде кәсіп ашқаннан жалақыға жұмыс істегенді құп көретін. Қазір ше, бүгінде қоғамның көзқарасы мүлде басқа, қаланың қазағы да, ауылдың қазағы да кәсіп ашып, табысын еселеуге талпынып келеді. Бұл түсінік қай жағынан қарасақ та тиімді, ауылда айлыққа жұмыс әкімдік, мектеп пен мәдениет үйінде ғана бар, мұнан кейін ауылдық емхана тағы бар. Ал шаруашылықтар күрішін жинап алғаннан кейін еңбек адамдары 4-5 ай тағы бос жатады. Мұндай маусымдық жұмыстар бірлі-жарым табылар, оның өзі санаулы. Ал қалған жұрт қайтпек керек? Міне, осынша сауалдың түйінін тарқатуда аталған саланың серпін алуы ерекше маңызға ие.

Қазір бұрынғыдай емес, ауылдық жерде де кез келген өнімге сұраныс бар. «Ауылда бәрі бар» дейміз, бұл сөзге таласымыз жоқ. Шынында ауылда бәрі бар, бірақ сол баршылықты тұтынуға дейінгі өңдеу жұмысы ақсап тұр. Бір жағынан қалалық өмірге бет бұрып, қорада мал ұстап, бос жатқан жерге бақша салуға да басымыз ауыратыны тағы бар. Ал бұл – кәсіп бастап осындай шаруаларды ширатамын дегендерге таптырмас мүмкіндік.

Жалағаш ауданына қарасты Есет батыр ауылында бұрыннан кәсіпкерлік саласы ілгерілеп келеді. Бірақ бір сарында, яғни кәсіп ашқан іскер азаматтардың дені күріш егеді, мал бордақылайтын. Табысын тек бір саладан тауып отыр. Бірақ соңғы жылдары Аламесекте сала айтарлықтай түрленген. Бұған дейін ауылда шаштараз ісін қолға алған кәсіпкердің жұмысын жазғанбыз. Кеше Айзат Сағызбаева ауылда бөдене өсіріп, құс шаруашылығын қолға алды. Енді бұл елді мекенде тағы бір шағын цех ашылды дегенді естіп, ауылға ат басын бұрдық.

Назкен Сұлтанова бұған дейін де Есет батырда наубайхана ашуды жоспарлаған. Бұл ой ауыл тұрғынына жайдан-жай келмейтіні тағы да түсінікті. Үй шаруасына мығым батыр ана бұған дейін ауылда қарабайыр бір тапалық пешпен-ақ өз өнімін тұтынушыларға ұсынып келген. Уақыт өте сұраныс артып, ақыр соңында олардың басым бөлігінен бас тартуға тура келді. Олай болмағанда ше, бір тапалық пешпен тұтас ауыл тұрғынын өніммен қамтамасыз ету қанша ұйқтасаңыз да түсіңізге кірмейді. 

Жалпы қай істі де үйлестіру нәзік-жандылардан артылған ба, кейін Назкен Қойшыбайқызы бұл тығырықтан шығудың да амалын тауыпты. Рас, құрал-сайманың, қажетті аппараттарың сай болса, бір емес, бірнеше ауылға өз өніміңді сатуға болады. Ал мұндай мүмкіндік тек қалтасы көтеретін азаматтарда ғана болатыны тағы да түсінікті. Не керек, бұл мәселені шешіп, өз ісін өрістетуде Назкен Сұлтанова мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінген. 

Құдайдың қарасқаны дейміз бе, абырой болғанда ауыл тұрғынының жарқын жобасы қаржылай қолдау тапқан. Яғни алты баланың анасы 1 млн 476 мың теңге мемлекеттен грант алыпты. Кеше алтынқұрсақты ананың шағын цехында болып, кәсіпорынның жұмысымен таныстық. Ол мемлекет қолдауын мақсатты жұмсамаса, наубайхана ісі дәл бұлай ширамас еді. ауыл тұрғынының талабына риза болдық. Алдына мақсат қойды және сол мақсатқа жету жолында қаншама еңбектенді, бүгінде соның жемісін көріп отыр. 

– Ауыл да қазір қала сияқты, кез келген өнімге сұраныс бар. Осы мүмкіндікке қол жеткізу үшін алдымен іздену керек, содан кейін еңбек тағы керек. Бұл менің өмір тәжірибемде түйгенім десем де болады. Мен бұл наубайхананы ашпай тұрып тұтынушы жинағанмын. Кейін олардың қатары көбейгесін осындай кәсіп қылып отырмын. Қажетті аппараттар құны 2 млн теңгені құрайды. Мұндай қаражат ауылдағы ағайынның барлығында бола бермейді. Ал мемлекеттің гранты осындайда таптырмас мүмкіндік екен. Шыны керек, жобам жинақы әрі үлкен ізденіспен жасалды. Бізде баяғыдан қалған «Қайтарымсыз қаражат қайдан болсын?» деген таптаурын түсінік бар ғой. Сол сияқты мен де жобамның қаржылай қолдау табатынына қатты сенгенім жоқ. Абырой болғанда қайтарымсыз қаражат алдым, арты осындай үлкен іске айналып отыр, – дейді Назкен Қойшыбайқызы. 

Кейіпкеріміз тиісті қаражатты тойға шашып, мақсатсыз игерген жоқ. Керісінше ауылдағы ағайынның той-томалағы мен құдайы астарына жайылған дастарқанның берекесі Назкеннің өнімімен артып тұр. Ол шағын цехқа қажетті заманауи аппараттарды арнайы Алматыдан алдырған. Нан көметін үлкен пеш, қамыр илейтін, арнайы құрылғы, бәрі-бәрі бар. Тіпті әр қаліпке салынатын қамырға дейін таразыға тартылады. 

Кәсіпкер келіншек күніне екі мезгіл өнім шығарады. Түске дейін 50, түстен кейін 50 тандыр нан пісіреді екен. Негізі қыруар өнім ысырап болмас үшін ауылдағы дүкендермен жұмыс жасаған дұрыс қой. Бірақ Назкеннің нанын тұтынушылар үйден-ақ таласып алып кетеді екен. 

– Қазір тек тандыр нан пісіріп отырмын. Мұнан бөлек күніне 20-30 бөлке нан шығарамын. Қазір бөлке нанның қаліпі санаулы, сондықтан тапсырыс беріп қойдым. Алдағы айда қаліптер келеді, сол кезде өнім көлемін ұлғайтамын, – дейді ол.

Назкен жай күндері 100-130 нан өтетінін айтады, ал той-томалақ, құдайы астарда арнайы тапсырыс та түседі екен. Батыр ана бүгінде үй жанынан ашқан шағын цехпен соның барлығын қамтамасыз етіп отыр. 

Аламасектегі ағайын бүгінде үй жанынан ашылған аядай цехты «Назкеннің наубайханасы» деп атап кеткен. Алты бала тәрбиелеп өсірген батыр ана тұтынушыларын тәтті тоқашпен қамтамасыз етіп, үй шаруасын да ширатып отыр.   

 

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Тағы да оқыңыз: