Kyzylorda-news.kz Кәсіпкерлік саласы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйверлерінің бірі болып табылады. Сондықтан бұл салаға серпін беру айтарлықтай маңызды екені айтпаса да түсінікті. Жалағаш ауданында да соңғы жылдары аталған салада айтарлықтай серпін қалыптасқан. Бұл өңірде сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, сол арқылы өзімен қоса аудан азаматтарын да жұмыспен қамтамасыз етуге ниетті тұрғындардың қатары едәуір артқан. Өйткені жалағаштықтар табыстың тетігі кәсіпте екенін жақсы түсінді. Сондай-ақ, салаға жауапты мамандар тарапынан халықты кәсіпкерлікке үгіттеу, оқыту секілді жұмыстардың да үздіксіз жүруінен жалағаштықтар мемлекеттің кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатындағы бағдарламаларын тиімді пайдалана бастады.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Нұртас Төлеген қазіргі таңда жалағаштықтардың кәсіппен айналысуға деген құлшынысы жоғары екенін айтады. Өзінің сүйікті ісін табыс көзіне айналдыру мақсатында жекелеген азаматтар бөлім мамандарының кеңесіне жүгінеді екен, олар сол бойынша жол көрсетіп, қолдау білдіреді.
Былтыр Жалағашта тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3 149 бірлікті, оның ішінде 3008 субъектісі немесе 95,5 пайызын нақты жұмыс жасап тұрғандар құрап отыр. Ал тоқтап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 141.
2023 жылы ауданға 18 млрд 769 млн теңге инвестиция тарту жоспарланған, 11 айда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 15 млрд 385 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 178,2 пайызға орындалған. Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындары және жеке секторлары арқылы 2023 жылдың 11 айында 29 млрд 422 млн теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,5 пайызға жоғары орындалып отыр. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 103,6 пайызға артып, 6 млрд 577 млн теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен қатар, аудан бойынша бөлшек сауда айналымының көлемі 11 айда 3 млрд 179,1 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,9 пайызға орындалған.
– Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында аудан бойынша жыл басынан 158 жоба 4 546,2 млн теңгеге қаржыландырылды. Нақтырақ тоқталсам, мал шаруашылығы бойынша 101 жоба 1503,3 млн теңгеге, егін шаруашылығында 11 жоба 1 003 млн теңгеге, ауыл шаруашылығы және арнайы техника сатып алу бойынша 18 жоба 700,2 млн теңгеге, өңдеу саласы бойынша 7 жоба 361,2 млн теңгеге, қызмет көрсету 10 жоба 166,4 млн теңгеге және басқа да түрлері бойынша 11 жоба 811,7 млн теңгеге қаржыландырылды. Жасыратыны жоқ, халықты жұмыспен қамту мәселесі ауданда ғана емес, республика бойынша әлі де өзекті. Дегенмен қол қусырып отыруға да болмайды, сондықтан өңірде көптеп жұмыс орындарын ашуда тынымсыз еңбек етіп жатырмыз. Көріп тұрғаныңыздай, ауданда жылдан-жылға кәсіпкерлердің саны артып, жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді. Жыл көлемінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы және жеке қаражаттары есебінен жалпы құны 1 млрд 902 млн теңгені құрайтын 21 жобаны іске асырып, 106 адамды жұмыспен қамту жоспарланды. Қазіргі таңда аталған жобалардан жалпы құны 1 млрд 171 млн теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылып, 76 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар 2024 жылға өтпелі кезеңге жоспарланған жалпы құны 771 млн теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылса, 30 жаңа жұмыс орны ашылады, – дейді бөлімнің бас маманы Нұртан Төлеген.
Айта кетейік, бұл ауданда 2022-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банк арқылы несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау бағыты бойынша 12 жоба 868,7 млн теңгеге қаржыландырылған. «Агро Несие Корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалының жеке қаражаты есебінен 68 жоба 904,3 млн теңгеге қаржыландырылды. «Қызылорда» Өңірлік инвестциялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС-ның «Іскер» «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында 28 жоба 273,5 млн теңгеге қолдау тапты. «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Ауыл» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 34 жобаға 2 377,4 млн теңгеге көмек көрсетілді. «Каз Агро Қаржы» АҚ және «Ком Транс Лизинг» ЖШС арқылы 2 жоба 16,5 млн теңгеге және «Байқоңыр ӘКК» АҚ «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 14 жоба 105,6 млн теңгеге қаржыландырылды.
Иә, жалағаштықтар әсіресе ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс жасағанды құп көреді. Себебі ауданда атакәсіп, яғни егін мен мал шаруашылығы жақсы дамыған. Ауа райы да қолайлы. Дегенмен ауданға таңсық, әзір бізге жат, жаңашыл жобаларды тартуға, қолдау көрсетуге кәсіпкерлік бөлімі әрқашан дайын екен. Әрине, жаңашыл жоба екен деп бірден бас салып, қаржылай қолдау көрсетуден аулақ. Десе де жобамен танысып, оны әрі қарай зерттеп, кемшіл тұстарын түзеп, бір сөзбен айтқанда, жан-жақты зерделеп жүзеге асырғанды жөн деп санайды. Мәселен, ауданға қарасты Таң ауылының тұрғыны Дәурен Құдабаев «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 17 млн теңге төмендетілген несиеге қол жеткізіп, бүгінде қап шығаратын цехты іске қосты. Міне, бұл да өңір үшін ерекше кәсіп түрі десе де болады.
– «Серпін» аграрлы-индустриалды аймаққа бөлінген 22 гектар жер телімінің 5 гектары инженерлік инфрақұрылым жүйесіне тиесілі болса, 16,1 гектары кәсіпкерлерге табысталып, қазіргі таңда аймаққа бөлінген жер телімінің 95,9 пайызы пайдаланылып отыр. Аймақтың 8,3 гектар жерінде бүгінде жалпы құны 460,5 млн теңгені құрайтын 10 өндіріс орны іске қосылып, 98 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағының 7,8 гектар жеріне жалпы құны 373 млн теңгені құрайтын 9 жоба іске асырылуда. Аталған жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті жер телімдері толық табысталды. Жобалар іске қосылғанда қосымша 47 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Қазіргі таңда бұл жобалардың ішінен құны 153 млн теңгені құрайтын 4 жобаның құрылыс жұмыстары жүруде. Қалған 220 млн теңгені құрайтын 5 жобаның жер телімдері былтыр табысталуына орай аталған жобалардың құрылысы алдағы уақытта басталатын болады, – дейді бөлім қызметкері.
Жалағашта аталған салада биыл да жарқын жобалар жүзеге аспақ. Жалпы бұл өңірде кәсіп бастаймын деген азаматтарды да, кәсіпкерлерді де сүйемелдеу жұмыстары қарқынды жүруде. Бөлім мамандары мейлінше іс бастауға ынта қылған жергілікті азамааттардың қаржылай қолдауға ие болуына қарым-қабілетін жұмсауда. Ал мұндай қолдау барда салада алдағы уақытта серпін қалыптасары анық.