Kyzylorda-news.kz Ауыл – береке-бірліктің ордасы. Мұнда кәсіппен айналысамын деушілерге қолайлы жағдай жасалған. Яғни кәсіптің қай түрін қолға аламын десеңіз де, мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдау бар. Жалағаш ауданына қарасты шалғай ауыл Аққырда тұрса да ата кәсіпті жалғастырып, мал басын көбейтіп, кәсібін дамытып отырған жанның бірі – аққырлық Нұрбол Тайымбетов.
Бала күнінен ата кәсіпке бейім болған кейіпкеріміз былтыр «Бизнес Бастау» бағдарламасы аясында 1 млн 255 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, өз кәсібін бастаған. Алғашында Нұрболдың төрт түліктің ішінде таңдауы жылқыға түскен. Қазргі таңда жылқыларын үй ауласында бағып, бордақылау ісімен айналысады. Ет бағытында ауылды өз өнімімен қамтамасыз ету мақсатында қораға 5 бас жылқы байлаған кейіпкеріміздің қазір 3 бас жылқысы, мен 1 өгізі бар. Алайда аққырлық Нұрбол мұнымен шектеліп қалмақ емес. Ол жыл соңына дейін тағы 3 бас жылқы әкелуді көздеп отыр.
– Жылқы – атам қазақ баққан мал, оны барлық қазақ бағуы тиіс. Мен осы атакәсіп арқылы отбасымды асырап, табыс тауып отырмын. Бұл жылқыларды бордақылап, ауыл тұрғындарына келісі 2300 теңгеден өткіземін. Ауыл тұрғындарынан артылған жағдайда ғана көршілес ауылдар мен Қызылорда қаласындағы тұтынушыларымды етпен қамтамасыз етемін, – дейді Нұрбол Досболұлы.
Тынымсыз тірлігі жемісін берген кейіпкеріміз тек мал бордақылаумен ғана шектелмейді. Ол ала жаздай жылқы сауып, саумал сатады. Айтуынша, күніне 7-8 тұтынушы келеді. Оның ішінде ауыл тұрғындарынан бөлек көршілес ауылдардан да келетін ағайындар бар.
Иә, тірліктің көзін тауып, төрт түліктен табыс тауып отырған бұл отбасы атакәсіпті өрістетуді бір жолға қойған. Яғни олар сиыр сүтінен құрт жасап, арнайы тапсырыс та қабылдайды.
«Мал баққанға бітеді» демекші, жыл басынан бері 12 мал бордақылап сатқан ол алдағы уақытта кәсібінің көкжиегін кеңейтуді көздеп отыр. Осы ретте кейіпкеріміз алдағы уақытта ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара әкелмек.
– Жалпы бордақылауда малды сапалы ет пен майды көп алу үшін сояр алдында жемге байлап, қолдан семіртеді. Бордақылау мерзімінің ұзақтығы түліктің түріне, малдың жасына, бастапқы салмағы мен қоңына байланысты. Мысалы, қоңы орташаларын 35-45 күн, қоңы төмендерін 50-60 күн бордақылайды. Бұл кезде жылқы тәулігіне орташа есеппен 1-1,5 келі салмақ қосады. Дені сау мал тез қоң алып семіреді. Сондықтан бордақылауға қойылған мал бақылауда болуы қажет, – дейді кәсіпкер.
Атакәсіпті жанына арқау еткен бұл отбасының мақсаты айқын. Мемлекет тарапынан берілетін қолдау арқылы «екі қолға бір күрек» тауып, кәсібін жүргізуде. «Мал бордақылау кәсібі ауылдағы ағайынға таптырмас тірлік» деген Нұрболдың жүйелі жоспары кезең-кезеңімен орындалып жатқандай. Әрине, ол үшін маңдай термен адал еңбек еткені көрініп-ақ тұр.
– Ауылда мал шаруашылығымен айналысу өте қолайлы. Бүгінде кәсіп бастаймын деген жастарға мемлекет тарапынан берілетін қолдау да жеткілікті. Ол үшін қолдан келетін іспен шұғылдануға бейім болу қажет. Ауылда мал бордақылаумен айналысатындар баршылық. Барлығы сапаға жұмыс істейтін азаматтар, – дейді ауыл әкімі Жаңабек Матаев.
Кейіпкеріміз тұтынушылар тарапынан әсіресе жылқы етіне сұраныс жоғары екенін айтады. Көбіне той-томалақта тұтынушы таңдауы жылқы етіне түседі екен.
– Жылқыны ата-бабамыз «жесең – ет, ішсең – қымыз, мінсең – көлік» деп жан-жақты бағалаған. Расында дәруменнің бәрі жылқының бойында. Оның емі талай ауруға ем. Жылқы еті иммунитетті көтеретін күшке ие. Жылқыларды құнарлы ас-сумен қамтамасыз етіп, тек дәмді емес, денсаулыққа пайдалы өніммен де халықты қуантып жүрміз, – дейді іскер азамат.
«Еңбек еткенге бақыт басын иеді» демекші, бүгінде Аққырда кәсіпке бет бұрғандар қатары көп. Бүгінгі сапарымызда заман талабына сай кәсіпке бейімделген іскер азаматтардың тіршілігін көріп, көңіліміз марқайды.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ