Kyzylorda-news.kz Елімізде азаматтардың өз ісін ашуы және дамытуы үшін жағдай жасауға барынша ден қойылған. Әркімнің өз-өзін жұмыспен қамтып қана қоймай, жанұясына шарапаты тиетіндей жобалардың жүзеге асырылуына мемлекет тарапынан мүмкіндік мол. Бұл үшін қолдау да ауыз толтырып айтарлықтай болып жатыр. Үкіметтен берілетін қаржы мақсатты жұмсалып жатыр. Яғни субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлер жұмысын жандандыру және олардың қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту бүгінде толыққанды екшеліп біткен. Сондықтан 2021 жылдан бастап өміршең жоба дүниеге келді. Оның мақсаты – кәсіпкерлерге әкімшілік жүктемені төмендету, субъектілер үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру. Ең бастысы қазіргі заманғы сауда форматтарын, оның ішінде өндірушіден тұтынушыға дейінгі толық циклді инфрақұрылымды қалыптастыру. Еліміздегі көпке көмек болып отырған мемлекеттік бағдарламалардың бірі – әлеуметтік осал топтарға арналған Ұлттық жобасы. Бірнеше жыл бұрын жұмысын бастаған жобаның шарапаты мен игілігін көріп отырғандардың арасында ІІІ Интернационал ауылының тұрғыны Сабина Исламқызы да бар.
Ол – Тараздың тумасы. 2010 жылы ауыл азаматы, жас жігіт Нариман Набиевпен танысып, шаңырақ көтерген. Кешегі бозбала мен бойжеткен бүгінде 4 баланың ата-анасы. Берекелі отбасының иелері. Жары Қызылорда қаласында ауыр жүк көлігін жүргізіп, еңбек етіп жүр.
Ауылға атбасын бұрғандағы себебіміз де кәсіп иесімен жүздесу болатын. Ол да жатырқамай қарсы алып, бағдарламаға риза екенін жеткізді.
– Аталған жобаның бар екенін таныстарымнан естідім. Қайтарымсыз гранттың әлеуметтік топқа жататын, оның ішінде көпбалалы аналарға қатысу мүмкіншілігі берілгенін білдім. Ести сала ауылдың әкімшілігінің маманы Бауыржан ағайға жолығып, құжаттарды рәсімдеуді бастап кеттім. Бизнес жобамды арнайы құрылған комиссияда қорғап, мемлекеттен бөлінетін қомақты қаражатқа ие болдым. Оған 4 мүйізді ірі қара сатып алдық. Қазір екі бұзаулы сиыр сауылып тұр да, екеуін сыртқа қосып қойдық. Олар да бұзаулауға жақын. Бірер аптада ауылға әкелсек пе деп отырмыз, – дейді жас ана.
Кәсіпкердің аз уақыт ішінде тұрақты сүт сатып алушыларды қалыптастырған. Бағасы да көкейге қонымды.
– Шүкір деп айтайын, сүтіміз балалардың ас-қатығымен қоса, нәпақа табуға да жақсы жәрдем болып жатыр. Керегіңе қолқабыс болып тұр. Ертең бұйырса, сырттағы сиырлар келгенде қатық ұйытып, құрт-май жасаймын. Мемлекеттік бағдарлама – көпбалалы аналарға өте табылған идея десем, қате емес. Өйткені үйден ұзамай-ақ кәсібіңізді дөңгелетіп, пайдаңызды таба аласыз. Табиғи өнімге қашан да сұраныс жоғары болған. Бұл жағынан келгенде тоқайрап қаламын деген күмән жоқ. Мен секілді жас көпбалалы аналар кішкентайларынан ұзап шыға алмайды. Олардың сабағын оқытып, уақытында тамағын беріп дегендей. Қосымша қаржы отбасымызға оңтайлы көмек болып тұрғаны қуантады. Алда жоспарсыз емеспіз. Сүттің ақшасын жинап, тағы да сиыр малын сатып алып, басын көбейткіміз келеді. Малдың күтіміне көбінесе өзім қараймын. «Сиырдың сүті тілінде» дегендей, бірінші кезекте оның жайы болу керек. Жеген азығына мән береміз. Шөпті ауылдан арзандау алсақ, жемін сатып алып отырмыз. Осындай бағдарламаны халыққа ұсынып отырған мемлекетімізге мың да бір рақмет айтамын. Енді кәсіптің ізінен қалмай, әрі қарай дамытуға еңбектенеміз, – дейді Сабина Набиева бізбен әңгімесінде.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА