Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданына қарасты Қоғалыкөл ауылында арғымақ баптап, сәйгүліктің үстінен түспейтін бірқатар шабандоз жетерлік. Жылқының жалына жармасқан олардың ат бегілік өнері дүйім жұртты тәнті еткен. Мәселен, Нұраддин Мұхажаддин он жасынан атқа отырып, бәйгеге шапқан шабандоз. Ол төрт түліктің патшасын бала күнінен тізгіндеп келеді.
Шынында, ауыл тіршілігінен хабарсыз көпшілік жылқының бабын табудың өзіне тән қиындығын білебермейді. Негізінен, Нұраддин асау жылқыға бас білдіруді 4 жыл бұрын машықтанған. Биыл 15 жасқа келетін шабандоз асаудың тілін табуды ең алғаш ауылдасы Ардақ Ұйымдасардан меңгерген. Әрине, «Аттың сыры иесіне мәлім» демекші, осыған дейін ол 15-16 асау аттың арынын аштырмай бір мезгілде жуасытып, ырқына көндірген. Асау атқа мінгенде тыпыршып тұра алмайтын оның бір қасиеті –1-2 күнде жылқыны өзіне бағындыра білетіні.
–Ықылым заманнан келе жатқан мал шаруашылығына ден қойып, тектілігі бір бойынан табылатын жылқыны баптауды кәсіп қылған едік. Асылында, айғыр алпауыт болмай, атқа жарымайтын кездер болады. Сондықтан үлкендеріміз асыл тұқымды сәйгүлікті құлын кезінен таныған. Әрбір асау алғашқыда мінез көрсетіп, қиғылық салатыныанық. Осындайда тақымға қысып, белгіленген бағытқа шаба жөнелген дұрыс. Асауды үйретудің де, ескеретін ережесі бар. Өзіме сеніп тапсырылған атқа жауапкершілікпен қараған дұрыс деп санаймын, – дейді жас шабандоз.
Шын мәнінде, Нұраддин осыдан бірнеше жыл бұрын «Адмирал» атты жылқысымен бәйгеден І орын жеңіп алған. Бүгінде «Ханторы» деген сәйгүлігін көкпар шабуға дайындап жүр. Сонымен қатар оның «Ахилес», «Қара бриллиант», «Чех күрең» секілді жылқысы шабандоздың айнымас серігіне айналған.
– Біз көбіне ауыл балаларымен бірге көршілес орналасқан елді мекенге барып, қарсыластарымызбен көкпар тартамыз. Ұлттық спортқа өзім сияқты қызығушылар қатары аз емес. Өз басым жылқыға отырғанда жүрісіне, шабысына көңіл аударамын. Ең алдымен, аттың шапқан кезінде аяғын дұрыс басқанын бақылаймыз. Небір бітімі бөлек арғымақтар болады. Кең мінез, басы етсіз, мүкіс құлақ, салпы ерін, кеудесі кең, шоқтығы биік, тұяғы жұмыр және берік болуы керек екенін жақсы білеміз. Мұндай аттар иесін жолда қалдырмайды. Қайта сан түрлі сынақтан сүрінбей өтіп, ел қошеметіне бөленіп жатады. Жылқының жүрісінен танитын аға буын өкілдері бабына байланысты бағасын беріп, ескертпесін айтады, – дейді көкпаршы.