Kyzylorda-news.kz  «Әлемнің әміршісі – еңбек», «Еңбек түбі – береке» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Бүгінде адал еңбек етіп, нарық талабына сай кәсіп бастаған азаматтар саны артып келеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар ел тұрғындарына үлкен мүмкіндік беруде.

Сырдария ауданының тұрғыны Айбол Смайлов – осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жеке кәсіп ашқан азаматтардың бірі. Ол 2023 жылы «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант иегері атанды.

Грант қаражатына кәсіпкер тұрмыстық химия өнімдерін өндіруге қажетті құрал-жабдықтар мен шикізат сатып алып, шағын өндіріс орнын іске қосты. Қазіргі таңда Айбол Смайлов кір сабын, иіс сабын және сұйық сабын өндірумен айналысып келеді. Өнімдері сапасы мен қолжетімді бағасының арқасында тұтынушылар тарапынан оң бағасын алуда.

Алдағы уақытта кәсіпкер өндіріс көлемін арттырып, кәсібін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Жеке кәсіпкер «Ханшайым» өнімдері жоғары сапаға ие болып, тұтынушылар арасында кең сұранысқа ие. Кір сабын, иіс сабын және сұйық сабын түрлері тұрмыстық қажеттіліктерді толық қамтып, жергілікті нарықта тұрақты орын алуда.

Айбол Смайлов – өз еңбегі мен табандылығының арқасында өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып, ауылдағы өндірістің жаңа серпінін қалыптастыруға үлгі болып отыр.

– 2021 жылы жұмыстан қысқарып кеттім. Отбасының негізгі асыраушысы өзім болғандықтан қарап отыруға болмайды. Содан ғаламтордан сабын өндіру кәсібі туралы көзім шалып қалды. Бұрын соңды мұндай кәсіппен айналыспаған соң, бастапқыда қорқыныш та болды. «Тұтынушылардың көңілінен шыға ма? бәсекелестерді қалай басып озамыз?» деп ойладық. Дегенмен сабын шығарудың қыр-сырын меңгеріп, өзіміздің тұрақты тұтынушыларымызды таптық. Ауылдағы «Көркем», «Шархан», «Лидер», «Жазира», «Престиж» секілді дүкендерде сатылады және үйден келіп алатындар да жоқ емес. Өйткені біздің өнімнің бағасы қолжетімді, әрі химиясыз жасалады, – дейді ол.

Расында кәсіптен нәсіп табу оңай шаруа емес. Ол үшін ең бірінші тәуекел ете білу керек. Одан соң өнімнің сапасы мен бағасының қолжетімді болуы да маңызды. Бастысы тұтынушы көңілінен шығу қажет. Міне, осы қарапайым қағидаларды ұстанған Айбол Сағындықұлы есік алдындағы аядай бөлмені шағын цехқа айналдырып, бір отбасыны асырап отыр. Көпбалалы әке қызының құрметіне арнап өнімдерге «Ханшайым» атауын берген.

Кәсіпкер өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы өндіріс көлемін ұлғайтуға және өнім ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік алған. Бұрын сабынның түр-түрін шығаратын болса, енді оған ыдыс жуатын сұйықтық, сусабын қосылды. Бұл өнімдерді шығарудың аса қиындығы жоқ. Тоң май, өсімдік майларын қайнатып, арнайы қоспалар пайдаланады. Шикізатты Алматы қаласынан алдырады.

– Алдағы уақытта кәсіпті кеңейтіп, тың бағыт бойынша жаңашылдық енгізу ойда бар, – дейді ол.

Ерінбей еңбек етіп, табанды тірлік етіп отырған көпбалалы әке, аудандағы шағын кәсіптің дамуына үлес қосып, өндірістің жаңа серпінін қалыптастыруға үлгі болып отыр.

Тағы да оқыңыз: