Kyzylorda-news.kz. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қолөнері. Асыл тастан сән бұйымын, жүннен көздің жауын алатын қолөнер бұйымын жасап, сүйек пен мүйізді қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысы. Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Солардың бірі – сүйікті ісін шағын кәсібіне айналдырып отырған қазалылық Нұржамал Пірімбетқызы.
– Анам жастайынан тігін тігетін. Кішкентайымнан соны көріп өскенім бар, икемім бар, әйтеуір, осы тігіншілікке қатты қызықтым. Ғаламтордан күнде жаңа үлгілерді іздеп, қараудан жалықпадым. Арасында өзіміздің тігіншілерден кеңес сұраған кездерім де болды. Қанша мамандық болса да, бұл өнерге деген сүйіспеншілігім ерекше. Сол үшін, әлі күнге дейін киім тігіп, құрақ көрпе құраудан бір қадам да алыстамадым. Ертеден бері өзінің өміршеңдігін жоймаған бұл өнерді тұтынушы талғамына жəне заманға сай үлгіде нарыққа ұсынып жүрмін. Қазіргі таңда ұлттық киімдерге сұраныс, тек мереке күндері беріледі. Дегенмен, көйлек жеңіне, кеудеше жағасына ұлттық оюымызды бастыратындар да бар. Сонымен қатар, кейбір балабақшалар тапсырысты тұрақты беріп отырады. Сұраныс берушінің көңілінен шығатындай тауар жасау үшін сүйіспеншілікпен, өнерге деген ыстық ықыласпен жұмыс істеу қажет, – дейді жастайынан құрақ құрап, сырмақ сырып өскен тігінші Нұржамал Оспан.
Қазақтың өрнекті әшекеймен жасалатын қолөнерінің түрі де, атауы да жетерлік. Солардың ішінде халық арасына көбірек тарағаны – ою-өрнек. Шебердің іс-үлгілерін зерттеу нәтижесінде анықталған ою-өрнектің екіжүзден астам түрі бар екен.
– Ою-өрнекте түзу, қисық, доға сызықтар бар. Бұл топқа жататын оюлар мен өрнектер киім безендіруде молынан кездеседі. Ал, ұлттық оюымызды құрметтейтін тұтынушыларымыз да аз емес. Себебі, сұраныстың басым бөлігі, ою-өрнекпен безендіруге беріледі. Әрбір оюды әдемілеп, түзу қию керек. Мұндай уақытта қыздарым, Гүлсім мен Жайнагүл келіп көмектеседі. Ою-өрнектерді әдемілеп, ойып береді, – дейді көпбалалы ана.
Бүгінде тігінші жастық тыс, көрпе тыс, перде, киімдер тігеді. Пакеттен де, түрлі дүние істейтіні бар. Қысқасы, тұтынушыдан қандай тапсырыс түседі, қолынан келсе, жасап береді. Бағаны да, қалта көтерерліктей қояды. Бастысы, сапасын да, жақсылап жасайды.
– Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі, дәлдік, есеп, теңдік керек. Тігіншілік өнер, бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді. Сол үшін де, екі қызымды іс тігерден жанымнан тастамаймын, – дейді ісмер кейіпкеріміз.
Соңғы үлгідегі перделерді де тігетін Нұржамал Оспан көпбалалы отбасы атынан «Бизнес бастау» бағдарламасына қатысып көреді. Дегенмен, қолдау таппайды. Үмітін үзбеген ол, келер жылы тағы да, бағын сынағысы келеді. Бала кезден сурет салуға машықтанып, қолөнермен айналысуды көксеген Қазалы қаласының қызы қазір берекелі отбасының келіні.
«Ауылда мүмкіндік жоқ» демей, өзінің қолынан шыққан дүниелерді, сәнді перделер мен көрпе-жастықты әлеуметтік желіде жарнамалап, тапсырыс қабылдайды. «Ендігі мемлекеттен берілген мүмкіндікті ала алсам, кәсібімді дамытып, тігін шеберханамды ашар едім», – дейді Нұржамал Оспан.
Бұл күндері ісмер ауыл ішіндегі тапсырыстарды уақытылы, тыңғылықты орындауда алдарына жан салмайды. Күнделікті киім-кешекті қысқарту, төсек-жабдық сырттарын, балабақшаларға қажетті керек-жарақтарды да тігіп жүр.
Жалпы алғанда, тігін шеберханасы әр мекенге керек-ақ. Тігіннің тілін түсінетін маман, бұл уақытта үй жағдайында тігіншілікпен айналысып, көптің көңілінен шығып жүр. Тірлігі тиянақты тігіншінің ұқыптылығына тәнті болдық. Ол тұрғынның кез келген тапсырысын орындауға, олардың риза болған көңілді жүзін көруге асық екенін жеткізді.