Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданына қарасты Бозкөл – ауылына кемі бір сағатта зыр етіп жетуге болады. Баяғыдай емес, тақтайдай тегіс жол сапарлатқандарды шаршатпайды. Әңгіме үстінде қалай тез жеткеніңізді де байқамай қаласыз. Бұнымен аудандағы жұмыс сапасының жүйелі атқарылып жатқандығы байқалады. Тек екі ортаны бөліп тұрған дария үстіне көпір салудың қажеттігі жолаушылардың шымбайына батып тұр.

Бүгінде Бозкөлде 1000-ға жуық адам тұрады. Оның 500-ге жуығы жұмыспен қамтылса, 52-сі жеке кәсібін дөңгелентіп отыр. Ауылда 175 үй бар. Бозкөлдіктер өте еңбекқор, ісіне адал жандар қатарынан. Әрқайсысы өз тірлігін шыр айналдыруда. Әрбір әулет ата-кәсіптен қол үзбей табиғи өнімді дастарқан мәзірінен үзбейді. Солардың ішінде төрт түлікті түлетіп, түйе сауып отырған Берік Досжановты айрықша айтуға болады. Ол өз қаражатына осыдан 15 жыл бұрын түйе алып, осы күні 12 басқа жеткізді. Оны сауып, шұбатын ішіп, құрт пен майын асқатық қылады. Мейман болып келгендерге ағарғанды ұсынудан ләззат алады. Қонақ келсе, қозы сойып, қазан қайнатады. Содан да болар Құдай бұл шаңыраққа береке мен ризықты ерекше үйіп-төгіп береді. Қорада сиыр мен жылқы, қой да, ешкі де бар. Оның жем-шөбін таситын Зил жүк көлігі жүріп тұр. Бұл жүк көлігімен ауылға көмір мен құм және қажетті құрылыс өнімдерін тапсырыспен жеткізеді.

Бұдан бөлек арнайы тегістейтін, тазалайтын, қазатын тракторға қол жеткізген. Мұнымен Бозкөл тұрғындарының біраз шаруасын атқарады. Ал ауыл халқы болса, оған ақ батасын беріп, алғаусыз алғысын жаудырады. Жаңбырменен жер көгеріп, батаменен ел көгеретіндей, Берік жан жары Венера Жайылғановамен жиырма жыл отасып, 6 баланы тәрбиелеп отыр. Венера да өз ісін жүргізіп жүр. Күніге 50 нан пісіріп, тапсырысқа булочка, самса, пицца, беляши, пирожки сынды түрлі дастарқанға қоятын өнімдерін ұсынады. 
Биыл алтынқұрсақты ана қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. 1400000 теңге алып, қажетті құрал-жабдығын толықтыруды жоспарлауда. Алдағы уақытта ауласында цех тұрғызып, қызмет аясын және азық өнімін көбейтуді көздеуде. Бозкөлден тыс, Кәукей, Лақалы және жақын ауылдардан тұрақты тұтынушылары баршылық. Нанға деген сұраныс үзілмейді. Қайта таусылып қалса да іздеушілер хабарласып тұрады. 

Венераның бос уақыты жоқ. Жатарда қамыр илеп әзірлесе, таң атпай тұрып соны пісіреді. Арасында отбасы мүшелеріне ас-ауқатын әзірлейді. Кешке түйе, сиыр ­сауады. 

– Қазір кәсіппен шұғылданамын деушілерге мүмкіндік мол. Тек ықылас пен талпыныс болса жеткілікті. Қалғаны тәжірибемен келеді. Нан пісіруді анамнан үйрендім. Бала кезде тапаға нан салып, шоққа көміп дайындайтынбыз. ­Ауылдастар наның дәмді, сыры неде деп сұрап жатады. Еш құпиясы жоқ. Кәдімгі су мен тұзға илеймін. Илеуінде ғана ерекшелік болмаса, себебі қамырдың әбден иін қандыруға тырысамын. Әркез ісімді жақсы көңіл-күймен атқарамын. Өйткені сенің жақсы ойыңнан асың да ерекше дәммен әзірленеді. Сыры тек осы ғана деп ойлаймын. Аулаға өзімізге қажетті қияр, қызанақ сынды жазғы көкөністерді еккенбіз. Балаларды да еңбекке баулимыз. Әулетімізде ешқайсымыздың бос уақытымыз болмайды. Барынша тиімді өткізуге атсалысамыз. Соның нәтижесінде табыс та табамыз. Құр жатсаң ешкім қаражатынан әкеп бермейтінін жақсы түйсінеміз. Балаларды масылдықтан қашық болуға бейімдеп келеміз. Баланы аясаң аяма деген қағиданы жалпы бозкөлдіктер болып қатаң ұстанамыз. Оларды еңбекке баулуға тәрбиелейміз, – дейді көпбалалы кәсіпкер ана.

Қазір берекелі шаңырақта Бекжан, Мағжан, Ерасыл, Айша және Мұсахан мен Исахан есімді егіз балалар өсіп келеді. Олар ата-анасына қолғабыс көрсетіп, отбасылық кәсіпте көмектесуге әзір.


Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

Тағы да оқыңыз: