Kyzylorda-news.kz Ел өміріне нарықтық реформа талабы дендеп енген жылдары, әр өңірден кәсіпкерлікке бейімі бар жандар бас көтеріп, өз істерін қолға ала бастады. Осылайша, олар қалың қауымның тұтынушылық әлеуетінің жақсаруына шама-шарқынша лайықты үлесін қосты. Тәуелсіздік тұсындағы бұл саланың Қазалы ауданындағы тұңғыш көшбасшылары қатарында Талғат Оңдалыұлы Кітабалиевтің де есімі жиі тілге тиек болып, алқалы жиында мақтанышпен аталып жатады.

Қазалы ауданындағы қазіргі Бекарыстан би ауылында 1957 жылдың 22 қарашасында кіндік қаны тамған Талғат №24 орта мектебінен жеті класты аяқтап, №88 білім шаңырағынан кәмелеттік аттестатын алып шыққан. Бірқатар достарымен бірге өндіріске араласып, шаруашылықтағы әртүрлі жұмыстың жанынан табылған. Арасында ПМК №1604 құрылыс мекемесі құрамында жаңа нысандар салуға араласқан, қысқа мерзімді курста оқып, жүргізушілікті меңгерген. 1976-1978 жылдары әскери борышын да өтеп қайтқан. 

Ауыр еңбектің дәмін татып, өмір белесіне бетбұрған жігерлі жігіт 1979-1984 жылдары Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында оқып, білімін жетілдірді. Тігін бұйымдарының технологы мамандығы бойынша диплом иемденген. Жоғары оқу орнын бітірген мезгілдің тамылжыған тамызында аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының басшысы Базарбай Нағыманов жаңа маманды жұмысқа қабылдады. Ателье меңгерушісі орта жасты алқымдаған Өрік Есмолдаева апасы Талғатқа көп нәрселерді мәлімдеп, мұндағылардың тыныс-тіршілігінен хабардар еткен. Оңаша қалғанында ой сүзгісіне салып, жүйелі жоспар жасады. Институт аудиториясында тыңдаған дәрістен ұққандарын, шынайы өндірісте жүзеге асырудың тетіктерін қарастырған. 

Технологтың мойнындағы жүк жетіп артылады. Ертелі-кеш бос уақыт дейтін жоқтың қасы. Қашан да, қайда да асығыс, қарбалас құшағында жүретін. Тігіншілер арасында тапсырыс арқылы түсетін бұйымдардың матасының түсі мен беріктігі, қолайлылығы талқыланады. Қандай тауардың өтімді, өтімсіздігі сұралады. Өңіне қарай киімді қалай сыру керектігі, сән түрін көбейту мәселелері тігінші, ателье меңгерушісін қатыстырып, үнемі ақылдасылады. Ұсыныс-пікірлер ескеріліп, қайткенде тұтынушы талғамынан шығудың мәні назарда ұсталады. Электр қуаты көзімен іс атқаратындардың техникалық қауіпсіздігіне айрықша бақылау орнатылады. Тағысын-тағылар... 

Халыққа қызмет – мерейлі міндет. Жеті жүзге жуық адам нәпақасын айырған комбинатта екі тігін ательесі, аяқ-киім тігу цехтары, шаштараз, фотосалон, екі тұрмыстық үй, киімді химиялық жолмен тазалайтын орын, он алты ауылда қабылдау пункті, «Ветерок» павильоны және күріш ақтайтын, үй жиһаздары мен есік-терезе соғатын цехтар тоқтаусыз істеді. Іргелі мекемеге қарасты нысандарға күнделікті келушілер толастамай, қалаған қажеттіліктері шеберлер және ісмерлер қолымен мінсіз орындалып жатады. 

– Кіммен де ебін тауып тілдесе білетін Талғат, тігін ательесіне басшылық жасайтын Өрік Есмолдаева, киім пішуші Айжамал Үмбетбаева, тігіншілер Шара Сералиева, Бағдагүл Досақова, тағы басқаларымен аралас-құраластығын арттырады. Сонымен бірге комбинат экономисі Сапар Әлиев, Қазалы қаласындағы тігін ательесінің басшысы Эмма Энгель, «Ветерок» тігін павильонының меңгерушісі Өтебике Сағидуллаева, киімді химиялық жолмен тазалау цехының меңгерушісі Мария Криковамен ізетті сыйластығын үзбейді. Кездесе қалған қиын-түйінді шаруаларды бірлесе бітіру тәсілдерін қарастыратын. Апаларымен ақылдасып, кішілеріне білгенін үйретіп, көппен бітетін тірліктің кежегесін кейін кетірмеудің қамын жасады, – дейді журналист, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Сахи Қапар. 

Оның айтуынша, 1985-1989 жылдары аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директорлығына Болатбек Пұсырманов келген. Оқығаны мен тоқығаны жеткілікті басшы қарамағындағы мамандардың қабілет қарымын саралап, бірқатар өзгерістер жасады. Талғатты 1987 жылғы қоңыр күзде «Ветерок» павильонына меңгерушілікке тағайындады. Кенттің солтүстік беткейіндегі бесінші кварталда тұратын тұрғындар аз емес. Осы күнгі кәсіптік-техникалық жоғарғы колледжінің батыс бетінен орын тепкен «Ветерокқа» жиырма тігінші, бір қабылдаушы, екі шаштараз, бір-бірден фотограф пен етікші, тазалықшы, екі күзетші бөлінген. Сондағы шаруа мен тәртіп барысын бақылап, үйлесімділікке келтіру, әрбірінің отбасылық жайларын да зерттеп қою меңгерушіге жүктелген. Жоғарыдағы жайтты естен шығарып, жүрдім-бардымшылыққа салынсаң, басшылық абыройыңа нұқсан тағылады. Ардан аттап, алшаң басқанды жаны қаламайтын Тәкең бұрынғы ұқыптылық үрдісінен ауытқымады. Түсінбестіктен туған кикілжіңді өршітпей, өзара келісімге келтіреді. Айналасына мейірбандықпен қарап, татулық пен бірлікке үндейтін деген естелігімен бөлісті журналист, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Сахи Бахиұлы. 

Ынтымақ жүрген жерде, ырыс жүреді. Мамандығын мейлінше жетік меңгерген Кеңескүл Орынбекова, Айнаш Айниязова, Әлия Мамбетова, Марал Орынбекова, Бекзада Мамбетова, Бекзия Ибрашевалар кез келген тапсырысты жедел орындайтын. Және де талғам-талап үдесінен шығарлықтай сапалы, жарасымды болып атқарылуына барлық күш-мүмкіндікті жұмсайтын.
Белгілі кәсіпорынға бұдан бұрынғы аты аталған ел ағаларының ізін ала бере Жұмат Ерқожаев, Әлимуса Қожағұлов басшылық жасады. Бұлар да алға қойылған ілкімді іске ұйтқы білдіруден аянып қалмауға тырысты. Ж.Ерқожаевтың тұсында Талғат ұжымдастар ұйғарымына сәйкес тері өңдеу цехына жіберіліп, жаңа ортадағы жөн-жосығы таңсық тірліктің басынан ұстады. Кентегі Жанқожа батыр көшесінің күнбатыс жағалауындағы киімді химиялық жолмен тазалау орнына бейімделе соғылған үй еңселі де кең. Сәулетті ғимараттың жартысына жуығына орналасқан тері өңдеу цехында күнбе-күн тынымсыз қарбалас. Тон тігуге қажетті қойдың терісі аудан орталығындағы мал сою бөлімшесі мен шаруашылықтардан жиналады. Сонымен қоса құлақшын тігуге керекті ондатр, қаракөл елтірісі де жеке адамдардан алынатын. Бояу, химиялық қоспалар мен тігіске тұтынылатын жіп тәріздес заттар Жамбыл, Шымкент қалаларынан, кейде Ресейден тасымалданады. Ірі фабрикалармен келісім шарт бекітіліп, кедергісіз жетуіне мүмкіндік жасалынған.

Берілген тапсырманы мұқият бітіріп, тері дайындауда Өмірсерік Айталиев, Шеген Оразалиев, Асанхан Мақсатбаев, Серік Оразалиев, Ғалымжан Орынбасарұлы алғы шептен табылады. Тон пішуші Бақытгүл Мұзатова мен тігіншілер: Қаламқас Кенжебаева, Дариға Әпшаева, Айнагүл Байтөреева берілген тапсырысты белгіленген мөлшерге сай сәнді де, қонымды ете тігіп, халықтың риясыз алғысын арқалады. Бұдан басқа, Байқоңыр қаласындағы әскерилерге қаракөлден бас киім, арасында киік терісінен көктем мен күзге ыңғайланған күртешелер де дайындалады. Көптің сұранысын өтеген тері өңдеу цехы тәуелсіздіктің елең-алаңындағы тоқырауға ұшырап, қарқынын бәсеңдетті. Себебі, бұйымға пайдаланылатын тауарлар жетіспеді. Колхоз, совхоздар тарап, кәсіпорындардың өнімі азайды. Жоғарыдан  берілген тәртіп аясында жаңа құрылымдауға көшіп, 1992 жылдың көктемінде «Игілік» ұжымдық меншіктегі шағын кәсіпорынға айналған. 

Онан соң «Химчистка» ғимаратын жеке меншікке алып, 1998 жылы «Қайрат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі боп құрылған. Кент орталығындағы колхоз базарын жекешелендірген Құдайберген Мусаев екеуі алғашқылар қатарында кәсіпкерлік куәлігін алады. Серіктестікте алдымен, тұтынушы арасындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды көтеру бағытында, мал базары мен қасапхана ұйымдастырылады. Осының арқасында заң талаптары орнығып, көпшілік арасында жұқпалы аурулар таратылмауына ықпал етіледі. Ет өнімдеріне бақылау орнатылып, жұртшылық арнайы белгіленген дүкеннен ала бастайды. Кәсіпкерлік құрылым жанынан техника жөндеу шеберханасы, вулканизация, темір дәнекерлеу мен тігін цехы, шаштараз, асхана, монша, мал дәрігерлік дәріханасы ашылып, халықты түрлі қызметпен қамтуға қолайлылық жасалынады. 

Сонымен қоса, ауыр көліктер арқылы аудан тұрғындарына керекті мал азығындық жем, басқа да тауарлар жеткізіліп, мұқтаждықтары өтеледі. Мекеме тынысының ашылып, соны серпіліс әкелуде директордың орынбасары Әсет Шаттықұлы, қасапхана мен мал базарын қадағалайтын бригадир Жайықбай Мыңжасаров, шофер Өмірбек Айталиев, және басқалар іскерлік байқатқан. Айтылған мамандар ұжым басшысының сенімді көмекшісіне айналып, белгіленген тапсырманы кешіктірмеуге дағдыланған.

Талғат Оңдалыұлы жұмыс барысында мақтау-марапат пен мансапқа көп қызығушылық танытпайтын. Онан гөрі жауапкершілігіне алған міндетті ұқыпты орындап, жұртшылықтың қадесіне жарайтын шаруаны тындырумен әуестенетін. Әйтсе де, басқарған ұжымын уыздай ұйытып, ортақ іске жұмылдыра білген еңбекқор маман-басшыға уақытында аудандық, облыстық және салалық басшылар тарапынан «Алғыс хат», грамоталар берілді. Ақшалай-заттай сыйлықтарға да қол жеткізілген.

Талғат отбасында Құдай қосқан қосағы Алмагүл екеуі қыздары мен ұлдарын тәлімді де тәртіпті етіп тәрбиеледі. Бәрі де тәуелсіз еліміздің кемел болашағына белсенді атсалысып жүр.

Атап айтсақ, Көркем Әйтеке би кентіндегі №170 орта мектепте жоғары категориялы зерттеуші мұғалім, Әсем «Гигиенист VII» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қайрат аудандық полиция бөлімінде аға жедел кезекші инспекторлығында,  полиция майоры, келіншегі Салтанат Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде бастауыш пән мұғалімі, кенже ұлы Мархабат Ақтөбе қаласындағы М.Құрманғалиева атындағы №32 гимназияда алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімдігін абыройлы атқаруда.

Қызылорда қаласының тұрғыны, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Малкайдар Дүйсенұлымен пікірлескенімізде: «Мен Талғаттың әкесі, еңбек және соғыс ардагері Оңдалы ағамен мал шаруашылығында бірге істедім. 1995 жылы Қазалы ауданы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне келгенімде Талғат ауданға белгілі іскер, ізденімпаз кәсіпкер екен. Сонда аудан, облыс көлеміндегі ауқымды іс-шараларға, жетім балалар үйіне қаржылай демеушілік көрсетуден тыс қалмайтын», ‒ деген ыстық ықыласын ортаға салды.

Білікті кәсіпкер, ардақты азаматтың ерен еңбегі мен адамдық болмысы кейінгі толқын жастарға өшпес өнеге болып қала берері сөзсіз.

Фото:almaty-akhamy.kz

e75676b4-a226-4025-9c70-4fe2c16439e5.jpg

Тағы да оқыңыз: