Kyzylorda-news.kz Кәсіп бастаймын дегендерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Кәсіпке ұмтылғандар жыл сайын арнайы бағдарламалардың игілігін көріп келеді. Оның ішінде қайтарымсыз грант көлемі де әртүрлі. Жеңіл пайызбен берілетін несие түрлері де бар. Біз «Кәсіпкерлікті қолдау» ұлттық жобасы аясында «Жұмыспен қамту орталықтары» арқылы берілетін 1 млн 380 мың теңгелік грант төңірегінде әңгіме қозғауды жөн санадық. Бұл жоба бойынша 2022 жылы – 814 адам мемлекеттік қайтарымсыз грант иеленген. Былтыр, яғни 2023 жылы грант суммасы – 1.380.000 теңгені құрады. Жалпы өтінім саны – 2852. Оның ішінде құпталғаны – 459. Басым бөлігі – мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, кондитерлік өнім және тігін саласына берілген. Мамандардың сөзіңше, грант алушының барлығына мониторинг жұмыстары жүргізілді.
32 азаматтың қаржысы мақсатсыз жұмсалған
– 2023 жылы бизнес пен қоғамдық ұйым өкілдерінен жасақталған арнайы комиссия алдында 459 тұрғын бизнес-жоспарын сәтті қорғап, грант иегері атанды. Мониторинг нәтижесінде 32 азаматтың қаржыны мақсатсыз жұмсағаны анықталып, істері сотқа берілді. Бүгінгі таңда, су тасқынына байланысты қайтарымсыз грант беру тоқтатылып тұр. Қорғалу нақты қай уақыттан бастау алатынын алдын ала хабарлаймыз. Биыл 484 адамға аталған бағдарламалар аясында қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. Оған бөлінетін қаражат көлемі – 747 771 200 теңге. Олар «Бастау бизнес» жобасының арнайы курсынан өтіп, өз кәсіптерін комиссияға ұсынуы керек. Жалпы жылдан-жылға қайтарымсыз грант алушылар қатары көбейіп келеді. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етіп отыр, – деді "Мансап" орталығы Қызылорда филиалының директоры Жақсылық Төлегенов.
Шешім қабылдау қиын...
Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз қаражатты алу үшін қатысушы өтінім береді. Арнайы дәріске қатысып, "Бастау Бизнес" бағдарламасы арқылы білім алады. Сол сертификатты бизнес-жоспарды қорғау барысында өзімен бірге әкеледі. Әрине, кәсіп бастаймын деушілер қатары көп. Десе де, ішінен кәсіпке бейімі бар, істі жүргізе алатын адамдарды анықтау қиын. Ол үшін әр саладан құралған комиссия мүшелері жинақталады. Сол мамандар бірігіп шешім қабылдап, дауыс береді. Біз материал әзірлеу барысында комиссия мүшелері болған азаматтардың пікірін ескеруді жөн санадық.
– Жыл сайын мемлекет тарапынан қайтарымсыз қаражат беріледі. Оған кәсіпке бет-бұрыс бастаған жандардың барлығы қатыса алады. Ниет білдірушілер бизнес-жоспар әзірлеп, соны ұсынады. Қорғау барысында сонда көрсетілген деректерге сүйенеді. Біз ондағы әр есеп-қисаптың дұрыс-бұрыстығына көз жүгіртеміз. Мекен-жайы нақты көрсетіліп, талапқа сай болу тиіс. Бір ескеретін жайт, мемлекеттен бөлінетін қаржы бір реттік қолданыстағы заттарға берілмейді. Сонымен қатар қандай құрылғы, пайдаланылатын аппараттардың барлығы нақты маркасымен көрсетілуі тиіс. "Бастау Бизнес" бағдарламасы арқылы өткізілетін сабақта бизнес планды қалай жазу керектігі көрсетіледі. Грантқа қанша адам өтініш береді, сол бойынша қабылдаймыз. Барлық үміткердің жобасын тыңдап, қорғалу барысында берілген жауапқа қатты мән береміз. Кәсіпке байланысты қойылу керек 10 сауал бар. Соның барлығына жауап беруі, кәсіпті қаншалықты меңгергені, оның қазіргі кезде біздің өңірге қаншалықты қажеттілігі, кәсіпкердің игеріп кетуі толық қаралады. Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз қаржы болғандықтан, бізден сұралады. Видео бақылау жүргізіледі, – деді "Бизнеске арналған үкімет" коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Нұржан Тоқмырза.
Жоғарыда комиссия мүшесі әр саладан іріктелетінін атап өттік. Бізге белгілісі жыл сайынғы іріктеуде БАҚ өкілдері де қатысады. Былтырғы іріктеуге облыстық "Сыр бойы" газетінің тілшісі Әділжан Үмбетте болды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласына қызығушылық танытып, сол салада қорғағандар қатары көп.
– Былтыр көптеген жоба келіп түсті. Бірақ басымдық ауыл шаруашылығына көп берілді деп ойлаймын. Жылқы бордақылау, мал санын көбейту, сиыр сауып, сүт өнімдерін сату секілді жобалар көп. Десе де, одан бөлек басқа да қызықты кәсіп түрлері жеткілікті болды. Біз бизнес жоспарға, қорғалуына, қойылған сұрақтарға жауап беруіне қараймыз. Кәсіпті ашып, әрі қарай дөңгелетіп алып кететіндер белгілі болады. Өзінің бұрын-соңды істеген жұмыстарын әкеледі, оларды қалай жасағанын толық түсіндіреді. Біз шамамен бір күнде 100-150 құжатқа дейін қарап шықтық. Ол он күнге созылды. Есептеп көрсеңіз, сол уақыттың ішінде 1000-1500-ге дейін құжатты талқыға салдық. Ауылдан келген тұрғындардың дені мал шаруашылығына байланысты жоба жасап келді. Рас, ауылдық жердегі тұғындар негізінен төрт түлікті түлетеумен айналысады ғой. Десе де, олардың арасында, шаштараз, монша қызметін көрсету, тігін ісімен айналысу секілді жұмыстарға көңіл бөлгені бар. Ал есімде қалғаны би үйрететін үйірме, шағын киностудия ашу секілді жобалар, – дейді журналист Әділжан Үмбет.
Мониторинг жұмыстары жыл көлемінде жүргізіледі
Қаржы мемлекет тарапынан берілетін болған соң жұмыс тек бизнес жоспар мен қорғап шығудан ғана тұрмайды. Комиссия шешімімен лайықты деп танылған жағдайдың өзінде ол кәсіп иелерін арнайы мониторинг құрамы тексереді. Нақты мекен-жайы бойынша барып, кәсіпкердің жұмысын көзбен көреді. Бизнес-жоспар бойынша алынуы тиіс аппараттар мен керекті құрал-жабдықтар марка бойынша толық тексеріледі. Мұның басты мақсаты –кәсіпкер ретінде танылған адамның ол кәсіпті қаншалықты ашып, игеріп әкетуінде. Анығында, қаржыны жөнсіз пайдаланбағанына көз жүгірту. Мониторинг өкілдерінің пікіріне тоқталсақ...
– Мониторинг жұмыстарын жыл көлемінде жүрзігіп отырамыз. Баратынымыз алдын-ала ескертілмейді. Сондықтан да кей адамдардың үйінде болмай қалуы мүмкін. Кәмелет жасқа толмаған балалардан мән-жайды сұрауға құқымыз жоқ. Бізге грант игерінің өзі керек. Ол жұмысты қалай жасап жатқанын айтып қана қоймай, іс-жүзінде көрсетеді. Бұл – жиі орын алатын жағдай. Сондықтан бір барған үйге, екінші рет баруға тура келеді. Кейде көрсетілген мекен жай дұрыс болмауы мүмкін. Әр ауданда өздері бекіткен белгілі бір жауапты мамандар болады. Біз қалаға қатысты тексеріс жұмыстарын жүргіземіз. Қанша мал басы бар, техникалардың сәйкестігіне мән береміз. Нақты кейіпкермен бетпе-бет сөйлесіп, фото-видео жұмыстарын жүргіземіз. Қаржыны басқа мақсатта пайдаланған жағдайда іс сотқа жолданады, – деді Қызылорда қаласының "Мансап" орталығының маманы Ербол Абилдаев.
Қайтарымсыз қаражатпен кәсіп бастағандар көп. Бір-еуіне тоқталып, кәсіптерімен танысуды жөн санадық.
Жылыжай жұмысы жүйелі
Кәсіпкер Дархан Қалиев мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген. Ол бұл жоба арқылы жылыжай жұмысын қолға алған. Бүгінде жұмыс нәтижелі жүргізілуде. Бір айта кетерлігі, бұл жоба ерекше жобалардың қатарында. Себебі егін егу жұмыстары оңай емес. Үлкен еңбекті, бейнетті қажет ететіні айтпаса да белгілі.
– Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен қайтарымсыз қаржы алып, жылыжай аштым. Бүгінде жылыжайда қияр, қызанақ, аскөк егілген. Егілген өнімдер жылыжай температурасымен күндіз +25, ал түнде +15+12 градуста өсірілуде. Жақсы күтім көрсетіп, уақытылы қараймын. Көктемде табиғи таза мол өнім жинаймын деген ойдамын. Жиналған өнімдерді жергілікті азаматтардың сұранысымен сатуды жоспарлап отырмын. Келешекте жылыжайды кеңейтіп, басқа да көкөністерді егуді қолға аламын, – дейді кәсіпкер Дархан Қалиев.
"Құлыншақ" киімдеріне сұраныс артқан
Тігін тігудің кез келген түрі бар. Бірі киім-кешек тігумен айналысса, енді бірі перде, көрпе-төсек секілді дүниелер тігумен айналысады. Ісмердің қолынан шыққан әр дүние өзіндік сапасы бар. Ал біздің кейіпкеріміз балалар киімін тігуді жөн санапты. Бүгінде перзентханаға баруға ниетті аналар бала киімін жинақтап, арнайы сөмке әзірлейді.
«Құлыншақ киімдер пижамасын ұсыну» тігін цехының жұмысы қарқынды. Кәсіп иесі – Перизат Ашықбаева былтыр «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздерін оқытудың курсын тәмамдап, мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен қайтарымсыз грант жеңіп алған. Осы арқылы кәсіпкер өзінің жеке тігін цехын ашып, қазіргі таңда бір адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Өзім 8 жылдан аса тігін ісімен айналысып келемін. Соның ішінде балалар киімін тігуді ерекше жақсы көремін. Көпбалалы ана болғандықтан балалардың денесіне жағымды, аллергиялық белгілер бермейтін, сапалы киім-кешектерді тігуді мақсат етіп, осы кәсіпті бастадым. Осы іспен айналысуыма мемлекеттік бағдарламалар үлкен көмек болды. Осылайша, 1 млн 380 теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға керекті құрал-жабдықтарды сатып алып, балалар киімін тіге бастадым. Қазіргі таңда біздің өнімге сұраныс жаман емес. Сапалы әрі жергілікті өнімдерді шығаруға қолымыздан келгенше атсалып келеміз, – дейді кәсіпкер Перизат Ашықбаева.
Бөдене өсіру – берекелі бизнес
Кейіпкеріміз – Нұрлан Смағұлов бұл кәсіпті ақша табу үшін бастамаған. Бөдененің еті мен жұмыртқасының пайдасы мол дегенді естіп, біліп жүрген. Содан қызғушылығы артқан.
Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінде бөдене шаруашылығын қолға алған Нұрлан Смағұлов мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруде. Бүгінде шаруашылықта 4 мыңдай бөдене құсы бар. Олар 40-45 күнде жұмыртқа бере бастайды. Кәсіпкердің айтуынша, бөдене құстары күтімді көп қажет етпейді, алайда берер пайдасы орасан зор дейді.
– Бөдене кірпияз, тауық сияқты кез келген жемді қанағат тұтатын құс емес. Оларды ұстау, бағу шарттарын ғаламтордан қарадым. Бірінші ескеретін нәрсе, бұлар суық жерде жұмыртқаламайды. Ыстықты да ұната қоймайтын құс. Тұрақты температура 16-18 градусқа жылы болуы тиіс. Кәсіпті бастағанда көп қиындық болды. Уақыт өте келе бұл құстың тілін тапқандай болдым. Жалпы бөдене жұмыртқасының адам денсаулығына пайдасы көп. Сол үшін де осы кәсіпті бастадым. Бөдене құсы көп күтімді қажет етпейді, уақытылы дәрумендерін егіп тұрамыз. Қазіргі таңда айына 700-800 бөдене жұмыртқа алып, оны жергілікті азаматтарға сатамыз. Келешекте осы шаруашылығымды одан әрі кеңейтіп, азаматтарды жұмыспен қамтысам деген ойым бар, – дейді шаруашылық иесі Нұрлан Смағұлов.
Түйін: Биыл 484 адамға аталған бағдарламалар аясында қайтарымсыз грант беріледі. Демек Сыр өңіріндегі кәсіпкер саны артпақ. Бұл – жұмыссыздар санын азайтуға да сеп болады деген сөз. Жұмыссыз немесе ісін жаңа бастаған кәсіпкер, қандас, мүгедек жандар немесе мүгедектігі бар бала асыраушылар, аз қамтылған отбасы, көпбалалы отбасының мүшелері грант иегері атана алады.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
Фото: egemen.kz