Kyzylorda-news.kz «Ауылына қарап, азаматын таны» деген түсінік кейінгі жылдары сәл өзгерді. Қазір ұғым «Кәсіпкеріңді көрсет, келешегіңді көрейін» дегенге ойысқандай. Қазалы ауданынан шалғайда жатқан Бозкөл елді мекені ертеден төрт түлігін түлетіп, бау-бақшасын жайқалтып, еңбекпен еленген жер. Ауылдың ажарын кіргізіп, берекесін арттырып отырған да сол атакәсіп.

Бозкөл ауылдық округ әкімі Ақылбек Бөлебайдан ау-жайды сұрағынымызда, ауылдың абыройының артуына атсалысқан Аман сынды азаматтар барын айтты. нақтысын сұрап білдік. Қатарластарының көбі өмірден әлі өз орындарын алып үлгермесе де, біздің кейіпкеріміз құрбы-құрдастарының арасынан дараланып, ел сайлаған азаматқа айналып үлгерген.

Сол топырақтың тумасы мектеп бітірген соң, өзгелер сынды бақытты басқа жақтан іздемей, туған жерінен тер төгіп, өрістетуді ұстаным етеді.

«Әрекет түбі – берекет. Жұмыс жоқ, ақша жоқ. Мемлекеттік жүйе дұрыс емес деп, үйде жатып, қам жасамай жататын толқындастарыма таң қаламын. Жұмыс істеген, іздеген адам қайдан да табады. Қимылдаған құр қалмайды. Әр адамның өзін лайық бір іске бейімі болады. Соны дамытып, ізденісін арттырса, алынбайтын қамал болмайды», – дейді Аман Дәулетбаев.

2016 жылы Дәулетбаевтар отбасы төрт түлік өсіру мақсатында 500 гектар жайылымдық-шабындық жер алып, «Тайкеткен» шаруа қожалығын құрады. Отбасылық істің бұйдасын ұстағандар сол уақыттан бері мал басын арттырып келеді. Төрт түлікті түлету тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мәселесін түбегейлі шешпесе де, тіршілікті түгендеп, тұрмысты жандандыруға мүмкіндік береді

«Бір істі бастауға бір іс түрткі болады. Мал баға жүріп, оларды күтіп-баптаудағы басқа қажеттілік жем-шөбін дайындау мәселесі алдымызда тұрды. Осы бағытқа көңіл бөлдік. Бұдан бөлек, отбасымыздың үрдісіне айаналған бақша егуді де, доғарған жоқпыз. Қазір табиғи таза өнімді тұтыну жайы басты мәселе болып жатыр ғой. Бұл тұста жергілікті, төл өнімді тұтынып отырған біздің тауарымызды сұраушылар қашан да болды», – дейді.

Ұсыныс бар жерде сұраныс бар. Қажеттікті қанағаттандырамыз деп жүрген кәсіпкер 2001 жылы оңтайлы ұсынысқа ұшырасады. Аудан көлемінде жергілікті табиғи құрылыс материалын шетелдерге экспорттаумен айналысатын «Азия камыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Венера Тайлақбаева Аман Қайруллаұлына бірігіп, жұмыс істеуге шақырады. Жастайынан жерден несібін терген жігіт ұзақ ойланбай, келісім береді. Сол күннен бастап, Аман бастаған ауылдағы бригада жігіттері тыңнан түрен салып, қамыс шабумен айналысады.

«Пішен ору, қамыс шабу ауыл баласы үшін таңсық көрініс емес. Бірақ, халықаралық талапқа сай болу үшін оны дайындаудың өз қиындығы бар. Қамыс, әдетте қыста шабылады. Біздің жақтың ауа райының салқындығын өзіңіз білесіз. Қақаған қыстың мезгілінде техникаларды жұмыс қалпына келтіру аз күшті қажет етпейді. Шетелдік шабу құрылғысының қыр-сырына қанығып, оның бұзылған ақауын анықтау, дер кезінде қалыпқа келтіруде асқан қырағылық керек. Жауапты жұмысты өз орайына қарай уақытымен, межесімен орындасаң, ауылдан ұзамай-ақ, діттеген нәтижеге жете аласың», – дейді ол.

Аманға артылар жүк тек, қамысты дайындау, барысын бақылау ғана емес, тұрақты – 2, маусымдық кездегі – 10 адамға дейінгі бригада ісін ұйымдастыру, ұйыстыру, жұмылдыруды талап етеді.

Маусымына 5-6 камаз қамысты шекарадан асырып, тапсырыс берушілер талабынан көрініп жүрген жігіттер туралы Венера Тайлақбаева былай дейді:

– Бозкөлде біздің еңбекқор бригадамыз бар. Оларды басшылық жасап отырған Аман Дәулетбаев жауапкершілігі зор, өз ісінің нағыз маманы. Қандай іс тапсырсаң да, меже мен үдеден шығуға бар мүмкіндігін салады. Сөзіне ісі сай мұндай жастар қатары көбейсе, барлық салада да жетістікке жетуге болады, – деген пікірімен бөлісіп. Ауылдастары жолдасы жұмыс болған жігітті үлгі етіп, жерлестеріне әрдайым көмек қолын созуға дайын тұратынын айтты.

Алдағы жоспары туралы сұрағанымызда кәсіпкер:

– Болашаққа жоспар көп. Осы берекелі кәсіптің көлемін ұлғайтып, елді қолжетімді, жергілікті өніммен қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс көзін ашу, отандық мал шаруашылығының дамуына, ет өнімдері санының артуына үлес қосумен бірге, импорттық көрсеткішті азайтып, экспортқа шығаруға қор дайындау, – дейді бізбен қоштасарда. Өзіміз әңгімелескен аз уақытта жігерлі жанның жүрген жолын көріп, ерінбегенге еңбек басын иетінін ұғындық.

Фото. sn.kz

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

Тағы да оқыңыз: