Kyzylorda-news.kz. Облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен өткен Инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша кеңейтілген жиынмен қорытындыланды. Атамекен кәсіпкерлер палатасы мен Қызылорда облысы әкімдігімен бірлескен жиында облыс прокуроры Ризабек Ожаров төрағалық етіп, мемлекеттік органдар мен ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, БАҚ және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Р.Ожаров жиынға қатысушыларға ел Президентінің инвестициялық жобаларды қолдау жөніндегі тапсырмаларын сапалы орындаудың айрықша маңыздылығын айтты.
«Бүгінгі таңда жалпы сомасы 14,8 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба (сүт, картоп, нан өнімдері, құс етін өндіру, алма өсіру, күріш тазалау және т.б.) іске қосылды. Алдағы 5 жылда жалпы құны 1,2 трлн теңге құрайтын 65 жобаны, оның 27,3 млрд теңгені құрайтын 9-ын биылғы жылы іске қосу жоспарланған, олар бойынша 8 мыңнан астам жұмыс орнын құру күтіледі. Өткен жылы құны 3 млрд теңгені құрайтын «Қармақшы ауданындағы қуаттылығы жылына 1500 тонна тауық етін өндіретін құс фабрикасы» жобасы бойынша прокуратураның сүйемелдеуімен нысанды су жүйесіне қосу мәселесі шешілді. Қазір прокурорлар қабылдаған шаралар бойынша жалпы құны 578,2 млрд теңге болатын 5 жоба бойынша жер мәселесі шешілуде» -деді Р.Ожаров.
Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасы бойынша прокуратура «Инвесторларды қорғаудың прокурорлық сүзгісі» жобасын енгізді, оның мақсаты инвестициялық жобаларды прокурорлық қолдау тетігін жетілдіру және алдын алудың тиімді құралдарын енгізу болып табылады. Енді мемлекеттік органдар инвесторларға қатысты қабылдап жатқан шешімдері мен шектеу шаралары прокурорлармен келісіледі.
Спикерлер өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, инвестиция тарту, проблемалық аспектілер тақырыбына, сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан «Инвесторларды қорғаудың прокурорлық сүзгісі» жобасының мәселесіне толығырақ тоқталып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Алдағы уақытта көтерілген мәселелердің іске асырылуын қадағалау мақсатында кеңейтілген отырыс өз жұмысын жалғастырады.